Әдеби таным
17/10/2010, 10:57
Алғашқы жырларынан-ақ Жұбан жалаң ұраншылдыққа берілмей, адамның шынайы көңіл күйін, сезімін қоршаған ортаның шындығымен астастыра жырлайды. "Алматы тау өзені" өлеңінде:
...Тау текедей бір ұсталмай
Тастан-тасқа атылды.
Темір тиген хрустальдай
Шытынайды, уатылады, — деген жолдарда ақын толқындардың шатынауын естіртеді, өзен ағысының күштілігі көз алдымызға келеді. Өлеңнің әсерлілігі, өлең ерекшелігі келесі шумақта бір-бірімен байланыста жымдаса түседі.
...Тау бұйырса, сыз бұйырса,
Желе жортар желі даяр,
Кұз құласа, мұз құйылса,
Сең-сең тасы, селі даяр... — деп, ақын тау өзенінің жан-жақты тағы бір қыр-сырын аша түседі.
"Қазақ тілі" өлеңінде алдымен халқымыздың көне дәуірден бергі тарихына үңіле келіп:
...Жерленген әсем қалалар,
Мүжілген, шөккен
Таулар да
Шұбарлап түзді.
Алалап
Шеру сап өткен жаулар да...
Жау тисе сырттан өріске,
Салыпты бүлік бәрі іште,
Пана да түскен бөліске,
Ана да түскен бөліске... — деген жолдарда ауыр тауқымет, жау ойраны, азап тартып бәрін көтерген, басынан кешірген ана мен жер, іштегі бүлік, бөліске түскен мал мен жай тағдырына үңілдіре түседі. Осындай қиын кезеңді басынан өткізген бүкіл халық тағдырына ортақтаса түсеміз; келесі шумақтар оқырманды өзіне тарта түседі...
...Бүтіндік, бірлік
Ерсі боп,
Жақында мал-жан енші боп.
Тіліміз ғана тұрьш та
Емші боп, әрі елші боп.
Сол ғана қалған бөлінбей
Бөліске түсер кезде ондай
Сол ғана қалған бөлінбей—
Жүректей,
Күндей,
Ождандай ... — деп, жау ойранында бөліске түспей, қадір-қасиетін сақтап қалған тіліміз ғана болғанына еріксіз куанасың. Ана тілінің құдіретін танытуда ақынның ең алдымен қиын асуларды суреттеуінде үлкен мән жатқанын байқауға болады. Қандай қиыншылықта да тілдің сақталуы өз оқушысын ойландырмай қоймайды.
Ақын "Мен қазақ әйеліне қайран қалам" деген белгілі өлеңінде, тарихтың тәлкегіне көне жүріп, небір қиыншылықты басынан өткізсе де аналық бейнесін сақтаған әйелді ақын дүниенің бар салмағын көтерген жермен теңестіреді.
Қай өлеңінде болмасын, даланың табиғатын да ол адамдық сезіммен қабылдайды. Оны қимас адамы — анаға балайды:
...Мен үшін қазақ жерінің
Жаманы мен жаты жоқ.
Мен үшін қазақ жерінің
Анадан өзге аты жоқ.
Ақын табиғатты қорғау, сақтай білуге үндеген көптеген өлеңдер жазды. Мәселен:
...Табиғат — аңға да ана, маған да ана,
Қорғаныш бола білсе — далам дана, — деп, табиғатты анаға теңеуінде үлкен ой жатқанын көреміз.
Ал "Жер — глобус" өлеңінде айрықша ештеңе жоқ сияқты көрінгенімен, лирикалық кейіпкердің бала кезінде мұғалімнен жердің глобус сияқты екенін, оны сақтау керектігін естігеніне шегініс жасай отырып, оны даралай түседі:
Жер емес, мұғалімнің басы маған,
Бір қызық глобус боп елестейтін... — деген өзіндік ой-түйіндерімен көзге түседі. Өлең соңында кейіпкер есейеді, өзіндік көзқарасын саралай бар халықтарға тіл қатқан ақын үнін, даусын тыңдағандай боламыз.
— Жер — өмір. Адам сонда бағын сынар,
Алыссаң, жерді қорғап алысыңдар.
Адамдар, глобусқа сақ болыңдар!
Адамдар, таласпаңдар, табысыңдар! — деп, ақын кейіпкері жеке өмірін бар халықтар тағдырымен шебер ұштастыра білген. Бүкіл адамзатты бірлікке, тыныштыққа шақырады, оқушысына ой тастайды. Мұнда тұтастай бір кесек образды, суретті жеткізуге арналғаны анық байқалады.
Поэзиядағы ең негізгі қасиет — сөз тығыздығы, ой қалыңдығы, сыйымдылығы, айқындылығы болса, мұнда ақын шеберлігі біртіндеп таныла түседі. Ақын өлеңдерінде жалтыраған сөз қатары емес, әр сөз өзіндік мағына арқылы көрінеді:
Ризамыз бүгінге, біз кешеге,
Бір ғұмырды таныттық бірнешеге,
Не тілесе туған ел — сол болдық біз.
Бірде семсер, бірде орақ, бірде шеге.
Осы шумақта бейбітшілік егінін, жемісін егу, "шеге" арқылы құрылыстағы еңбекті дәріптеу — бәрі үйлесе келіп, туған елге деген ақын сүйіспеншілігін таныта түседі.
"Тірілерге тіл қату монологы" жаралы жауынгердің өлім алдындағы жан сырын жеткізуге арналған. Соғыстың, арпалыстың, азаптың ортасында от оранып жатқан жауынгердің тіршілікке, жарық дүниеге құштарлығы оқушыны бей-жай қалдырмайды. Ажалмен арпалысқан жанға шипа болған, тыныс берген, асыл сезімді, махаббатты паш етеді. Бұл пенделік емес, адамзаттық асыл сезім, үзілген өмір қосқан сезім екенін айқындай түседі.
Көптеген лирикалық өлеңдер жазған ақынның эпикалық талантының да жоғары екенін көреміз. Ол жазған поэмалар стильдік, жанрлық үлгілері жағынан әр түрлі және қазақтың эпикалық поэзиясын биікке көтеріп, жаңа сапамен байытқан туындылар болды. Алғашқы поэмаларында — "Нұрлы жол", "Қызыл галстук", "Қиял қанатында" — ақын жастарды патриоттыққа тәрбиелеу, еңбекке баулудың проблемаларын көтерді. Балалардың келешегі үшін, олардың болашағы әрқашан күн тәртібінен түспейтіні кімді болса да толғантар мәселе екенін ақын айқын, дәл суреттей отырып, жастарға үлкен сеніммен қарайды. Заман, дәуір шындығын шебер суреттеуде ақын жеткен табыстар аз емес.
"Жыр туралы жыр" (1956) поэмасында ол эпикалық талантын көрсетуде жаңа қырынан таныла түседі. Мұса Жәлел өмірі қатты толқытқан ақын ерліктің сыры мен өмір шындығы жайлы сыр толғай білді. Батырдың бейнесін жан-жақты ашуда сезімталдығы, сыршылдығы адам ерлігі мен елге, жерге деген сүйіспеншілігімен астаса жырланады. Мұса Жәлел жырының рухын биікке көтеріп, асқақтата түседі.
жиған-терген
ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 942 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: