Бас тармақ
24/06/2024, 11:06

АЛАШТЫҢ БАС ШЫҒАРМАСЫ

Өмірдің небір тамаша нұрлы жақтары – әже мен ананың перзентке деген шексіз махаббаты (Зере, Ұлжан – Абай), аға мен іні арасындағы қаяусыз адалдық (Абай – Оспан), өле-өлгенше сызат түспеген тамаша достық (Абай – Ербол), мәңгілік махаббат (Абай – Тоғжан), азамат басын сыйлап жасалған қарымтасыз жақсылық (Абай – Салтанат), ерегеспен кек алу (Тәкежан малын қуып әкету, Оразбай аулын шабу), жігіттіктің ләззатты түндері (Абай – Қуандық), серілік рахаты (салбурын аңшылық), ақындық шабыттың тәтті сәттері (өлең туған мезгілдер), биік әнмен қауышқан бақыт (Біржанның келуі, Әйгерімнің Татьяна әнін салуы), туған жердің ыстық құшағы (жайлау суреттері) секілді сан-алуан кез-кезеңдер романда айрықша бейнелі, кең тынысты, өрнекті, ырғақты бай тілмен, дәстүрлі прозаның реалистік әдістерімен, зор шабытпен суреттеледі.

Іштей өзін-өзі ғажап, екіұдай болып арпалысып, ой ұшығына жете алмай, қате қадам басып, бармақ шайнап, от басынан опық жеп, ортасына сыймай, шідер үзіп кетіп, басты тауға, тасқа соғып, ұрт қимылға барып, содан таяқ жеп, қылмысты атанып, жазықсыз жаза шегіп, көп уақыттан кейін туған жерге оралып, саналы әрекетке көшкен Базаралының іші-сыртын жазушы тамашалай отырып, іш тартуын жасырмай, ашық пейілмен жарқырата көрсетеді. Бұл тұлға жазушы қаламынан ертеректе туған ірі қимыл иелері Бақтығұл, Ұзақтардың рухани туысы, дәлірек айтса, әлем әдебиетіндегі күрескерлер қатарына еркін аттап барып, тең қосылған, үздік қаһарман.

Әуезовтің үлкен суреткерлік шеберлігінің терең ашылып көрінетін айқын тұсы – адам кескіндерін бейнелейтін шақ. Кейіпкер алғаш әрекет сахнасына шыққан бетте автор оның келбетінің есте қаларлық сипат-белгілерін суреттеп береді. Адамның жалпы тұрпаты, бойы, дене бітімі, қимыл-қозғалысы, әсіресе, бас бітімі, бет пішіні, көзі, мұрны, ерні, тісі атамалап көрсетілмей, бір-бірімен байланыста, әрекет, қимыл үстінде, жанды – тірі қалыпта, сан алуан көңіл-күйімен толқыған, тебіренген, ренжіген, қуанан, жек көрген сәтінде бой көрсетеді. Жазушының қырағы көзі әртүрлі нәсілді, сан алуан әулетті діл көріп, анық танып қапыыз танытады. суретші қалам бір-біріне ұқсамайтын ондаған адамның реалистік портретін жасайды, олар тұтас көрмелерді толтыруға жетіп жатыр. Әуезов құдіретімен жаратылған әйелдер бейнелері бірінен-бірі өткендей сұлу, нұрлы, әсем: Тоғжан, Қуандық, Салтанат, Әйгерім, Үмітей, Керімбала, Нұрғаным, Мағыш, Мәкен. Атпал азаматтар, батыр жігіттер қандай: Базаралы, Балағаз, Оспан, Дәрмен, Әбіш, қыртысты билер, қат-қабат жуандар: Бөжей, Оразбай, Әзімбай.

Осынау қалың шоғырдың бір тұғырында – Құнанбай, бір тұғырында – Абай. Екеуінің де үй ішінде, көпшілік ортасында, далада, шұрай топ алдында, отырған, жүрген, ат үстінде, ойға батқан, ашуға мінген шақтардағы, әр кездердегі шешім қабылдап, билік айтқандағы кескін-келбеті барша бояуымен көз алдыңызға келеді. Бірі – қаттылықтың, зорлық-зомбылықтың, екіншісі адамгершіліктің, әділет-мархаббаттың бейнесіндей.

Жазушы кейіпкер келбетін сомдау үшін авторлық баяндау, персонаждың өткен күндерін еске түсіру, өзіндік сөздік ипаттама, басқалардың берген бағасы, психологиялық саралау, ой ағымы, диалог, монолог, полилог секілді көркемдік құралдарды мейлінше еркін қолданады. Қаһарман оңаша күйде, екеуара, топ ортасында, мәжіліс үстінде, әрекет – күрес басында, қолма-қол шайқаста, бір қуаныш, бір қайғыда, барлық болмысымен толық ашылып, оқырман назарына түседі. Әрбір кейіпкердің мойнына жүктелген көркемдік мақсат, идеялық салмақ бар. Романның басынан аяғына дейін көрініп, характерлік даралығымен толық ашылатын ұлы қаһармандар бір төбе болса, жеке оқиғаларға, эпизодтарға ғана қатысатын кейіпкерлер де бар.

Өмір сахнасына бір буын келіп, өсіп, жетіліп, күресіп, шайқасып, жақсылы-жаманды тіршілік кешіп, мерзімді уақыт өткен соң, ажал тырнағына ілінеді. Көшті келесі ұрпақ жалғастырады. Тағы да қуаныш, тағы да қайғы. Тағы да талас, тағы да күрес. Сол мәңгілік майданның әлеуметтік психологиялық-философиялық роман беттеріне түскен ақиқаты, шындығы оқырманды эстетикалық ләззатқа бөлеп, сан тарау тебіреністе ойға жетелейді.  (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 31 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: