Бас тармақ
18/06/2024, 22:45

АЛАШТЫҢ БАС ШЫҒАРМАСЫ

Абайдың аналарына (Зере, Ұлжан), бауырларына (Оспан, Шәке, Кәкітай), достарына (Ербол, Базаралы, Дәркембай), балаларына (Әбіш, Мағауия) деген ыстық ықылас, қымбат пейілін биік адамгершілік тұрғысынан өмірдің сан қилы кезеңіне лайық қалыпта суреттеген жазушының ерекше ден қойып, зор шабытпен, ақындық ғаламат қуатпен бейнелеген психологиялық сезімі – ғашықтық сырлар, махаббат әуездері. Бұл күй, бұл қалып ең алдымен Абай басына тән.

Табиғатынан ерекше сезімтал, рухы таза, бала күнінен халық әдебиетінен сусындап, жадында тұтып, шығыс поэзиясынан ғашық жырларын оқып, тәрбие алған жас бозбаланың сұлулыққа, пәктікке, әсемдікке құлауы – Тоғжанмен тұңғыш танысуымен дөп келеді. Бұл бір ақынға, асқақ тұлғаға жарасып келіскен романтикалық, ғажайып махаббат. Екі жағы да өртеніп, жанып, лаулап тұр. Сол күйлерді жазушы бірде Абай, бірде Тоғжан толғау, монологтары, тебіренісі, лебіздері арқылы жас ғұмырдың салтанат жыры етіп төгілтеді. Астарлар, тоғысулар, ұласулар Ләйлі-Мәжнүн, Қозы-Баян, Татьяна-Онегин болып жалғасады.

Түптеп келгенде, Тоғжан тазалығы, сұлулығы, пәктігі Абайдың әсемдік мұратының биік нысанасы секілденіп кетеді, ол қанша ұсынса қолы жетпес алып тұғыр мәңгі тарқамас ұлы сағыныш, орны толмас арман секілді. Бұл күйлердің жалғасы, жаңа замандағы соны көрінісі болып Әмір-Үмітей, Әбіш-Мағыш, Дәрмен-Мәкен махаббат хикаялары, сол сапардағы қасіреттік халдер, романтикалық серпіндер ішкі толқынды әлемді жайып салған, биік адамгершілік тұғырлардан шырқалған қымбат, асыл, жалынды ән болып төгіліп, мол сарынды симфониядай бойыңды балқытып, жан-жүйеңді елжіретеді. Бұл арнада батыр, бағылан Базаралы мен нұр жүзді, науша Нұрғаным ара-қатынасы, сыйластық, сүйіспеншілігі оқшау әсер етіп, естен кетпей, ойда қалып қояды. Шығармадағы диалектикалық қайшылық, тартыс, күрес сан-салалы, тарам-тарам, жүлге-жүлге. Әуелде зорлықпен оқудан қол үзген Абай темір ноқта кигендей болып, сүйгенінен айрылып, атастыру жөнімен үйленіп, опық жейді. Бірте-бірте өз әкесінің жуындығынан басталған әділетсіздік толқыны оны басқа жағаға, қорланғандар, қорғансыздар тобына қарай ығыстырады. Дұшпан жаттан да, жақыннан да шығады. Бір әкенің екі баласы Абай бір қиырға, Тәкежан екінші қиырға тартады. Күндестік отын бықсытып жүрген күнке, Мәніке, Қаражан, Ділдалар анау. Олардың жалғасы болып жауыздықтың жас жолбарысы Әзімбай өсіп келе жатыр.

Бір жағынан жамандық қауласа, екінші жағынан жақсылық көктей бастайды. Исі Ырғызбай дұшпаны есепті Дәркембай, Базаралы бірте-бірте жақындай түсіп, ақыры Абай қасынан табылады. Өз бауырында жаралған жаралған қанаттары қандай: Әбіш, Мағауия, Дәрмен, Көкбай өле-өлгенше-ақ, адал пейілімен, таза достығынан айнымаған Ерболды айтсаңшы.

Көшпелі мәдениетке тән этнографиялық, тұрмыс-салттық, сенім-нанымдық, құқықтық, әскери-саяси, адамгершілік-моральдық көріністердің барлық белгілерін толық та кең, терең де дәл қамтыған шығармада ерекше ықшамдылық, лаконизм бар. Қазақ елінің ежелгі дәстүрі, арғы замандарда басталған, тіпті шариғаттың өзі де мұртын бұза алмаған белгілі адамға ас беру, жылы өткенше өліктің артын күту, азалы үй тігіп, ат тұлдап, қаралы көш жүргізу, дауыс айтып, көрісу дәстүрі Бөжей өлімі тұсында кеңінен бейнеленеді. Екінші қайтара мұндай жағдаятқа оралу жоқ.

Әншілік, серілік, аңшылық, саятшылық, құсбегілік өнерлерінің үлкен-үлкен бір-бір тарауларда арнайы түрде суреттелуінен осындай көркемдік шарттарын, қаламгерлік қатал позицияны аңғарамыз. Сол секілді мезгілді уақыты жеткен соң, өзіне тиесілі көркемдік-эстетикалық міндетін атқарғаннан кейін қосалқы персонаждар ұлы оқиға арнасынан түсіп қалып, олардың орнын жаңа, басқа мақсат үшін көрсетілетін кейіпкерлер басып, соны жағдаят, тың әрекет бел ала бастайды. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 27 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: