11/06/2024, 00:16 | |
АЛАШТЫҢ БАС ШЫҒАРМАСЫ Кеше ғана тізе қосып, ел тізгінін қатар ұстаған Құнанбай мен Бөжей бүгін Ырғызбай мен Жігітекті соғыстырып, кісі өліміне дейін барып отыр. Бұл екі қошқардың басы бір қазанға сыймағаннан туған, бақастық, күншілдік кикілжің емес, алыс түкпірлі ниетті тіршіліктің қаны, өз нәсілі үшін қоныс кеңейту, жер алу мақсатынан шыққан арпалыс. Шындап келгенде, бұл ауыз бірліктің жоқтығынан өршитін аза қазақы рулық қақтығыс емес, жалпы адам баласының мәні бар, әулет пен әулетті, ұрпақ пен ұрпақты, халық пен халықты, ел мен елді, мемлекет пен мемлекетті соғыстыратын мәңгілік майдан. Сол үшін шекара күзетіледі, қару-жарақ жасалады, елшілік жүреді, ұйымдар құрылады. Мұхтар әуезовтің қаламынан туған ру басылары, билер, мансап ұстаған адамдар кескін-келбеттерімен, мінез қалыптарымен, сөйлеген сөздерімен арғы-бергі замандардағы небір іргелі елдердің басшыларынан патшалардан, корольдерден, хандардан, дипломаттардан асып түспесе, кем соқпайды. Аспан, зәулім, биіктік, шыңырау тереңдік, іштерінде алтын ер-тоқымды арғымақ жатса да титтей сыр бермейтін беріктікке бір ауыз әділ сөзге тоқтайтын мәрттікті, қажет жерінде руымен у ішетін ынтымақты қосыңыз. Қас-қабақ, ым-жым, емеурін, жүріс-тұрыс, киім киіс, сөз саптау, билік айту, ел басқару – мұның бәрінде мынжылдық көшпелі мәдениет қалыптастырған тапжылмайтын, әбден орныққан берік салт-дәстүр бар. Дүниежүзінде болып жатқан ұлы әлеуметтік өзгерістер, отыршылық атты алапат қозғалыстар. Батыс пен Шығыстың мәңгілік шарпысуы, темір құрсанған болат тұяқ капитализмнің қанды шеңгелі сияқты ғаламат дүмпулер көшпелілер әлемін де іріте бастаған. Бұрынғы игілік, кәсіп амалдары, тіршілік қалпы, адамгершілік мұраттары енді басқа арнаға түсіп, өзгере бастаған. Жаңа өріс, соны нысана, өзгеше байлық тумақ. Мұны көшпелілердің ескі қауымы түсінбейді, келешекпен туыса табысатын жаңа төл енді келе жатыр. Мұхтар әуезов осындай планеталық мән-мағынаға ие, қауымдар, мәдениеттер ауысуы тұсындағы сан-алуан отбасылық, әулеттік, ру-тайпалық, халықтық қақтығыс, шайқас, тартыстар үстінде адамдық мінез қалыптарымен ашылатын ондаған әдебиетіне исі түркілік, шынайы қазақылық исі аңқыған әрі тын, әрі ғажап көркем қаһармандары бар тұтас сұлулық әлемін алып келді. Бұл жұлдызды аспанның қақ төрінде темірқазықтай болып, бойына халқының ғасырларда сұрыпталып екшелеген барлық асыл қасиеттерін жиған, әрі ақын, әрі дана, әрі қайраткер, әрі ойшыл Абай тұлғасы тұр. Абай бейнесін жасауда ақын өмірінің белгілі оқиғалары кеңінен суреттеледі, оның шығармаларындағы әуез-сарындар, мотивтер, идеялар пайдаланылады. Бірақ жеке өлеңдерге иллюстрация, жалаңаш еліктеу, қайта баяндап беру дегеніңіз атымен жоқ, Абай сөздері, диалогтағы, монологтағы лебіздер түп-түгел ақын лексикасын, синтаксисті ескер отырып, тыңнан жасалған. Мұхтар Әуезов тудырған. Ұлы ақын, ұлы күрескер шытырман, қат-қабат ғұмыры диалектикалық қайшылықта реалистік шыншылдықпен ашылады. Бір жағынан бұл қазақтың жаңа жазба әдебиетінің классигі, өмірдегі іздері халық санасында сайрап жатқан нақты, тарихи тұлға болса, екінші жағынан бұл ұлы жазушы қиялында балқып туған зор талант, мәні бар, мың сан қыры жарқырған, образдық, символдық қуаты күшті, дүниежүзі өнеріндегі биік, көркем, ұмытылмас әдеби бейнелердің бірі. Адамдар рухының мың сан өзара шарпысуын кең көлемді, терең психологиялық талдау арқылы ашып берген күрделі романдағы ең үлкен сезім ағыстарының бірі – сансалалы махаббаты алуан түрлі құлпырған көрік болуымен, сол кезеңдегі әуез-сарынымен, бұлқына жосыған күй-толқынымен бейнеленген. Көлденең көк аттыға елеусіз ғана көрінетін туған жердің тау-тасы, өзен-көлі, аймақ-даласы жазушының шабытты қаламында қайтадан жаратылғандай болып, құлпырып, жайнап, небір ғажап қалыпта көрінеді, қыс, көктем, жаз, күз – бәрі бар. Нөсерлетіп, жаңбыр жауады, ат құлағын көрсетпей боран соғады. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 28 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |