Аспанға қараймын...
02/12/2024, 10:25

АЙ мен КҮН

Өмірбақи меңіреу жатқан кең дүниенің түкпірлерін шарлауда адам перзенттерінің аяғы тұңғыш рет Ай бетін басатыны сөзсіз. Ай келешекте ғарыш жолаушылары үшін бірінші бекет болып табылмақ.

Айдың шын мәнісін түсінгеннен кейін жаңа Ай туғанда бата істеу сияқты ырымдардың ұмыт болып қалатыны күмәнсіз.

Уақыт есептеуде, бағдарлауда барлық халықтар өмірінде қашаннан туар Ай бекем орын алып келді. Өліара, жаңа туған Ай, орталанған Ай, толған Ай, қорғалаған Ай дегендегі Айдың түрлері (фазалары) бірінен соң бірі тапжылмай алмасып келіп отыратын табиғат құбылыстары. Айдың әр түрлері, күн мен түннің алмасуындай кезектесіп көрініп, уақыт өткенді білдіреді. Бір көзі ылғи аспанды шолып жүретін шаруалар: Ай толып қалыпты-ау, не туған Ай тураған етпен бірдей деген осы да, Ай қорғалап қалыпты десіп, көргенін көңіліне түйе жүрді.

 

ШОЛПАН

Таң атар,

Таңды Шолпан оятар.

Шолпан туса-ақ таң атады

Таң сызып, күншығыс жақ қылаң беріп еді, бозторғай шырылдап, көкке көтерілді. Көкектің саңқылдаған мұңды дауысы тұс-тұстан жамырай шығып, маужыраған тау-тасты тәтті ұйқыдан айырғандай болды. Жер-жиһан сергіп, таңмен бірге жанарланды. Шапақпен аралас бір раушан жұлдыз тау иығынан көтеріліп жарқырап тұр, ол – Шолпан.

Қараңғы түнекті батысқа ығыстырып, таңның сарала жарығы көкжиекті қаптай жайылды. Бұл Күннің хабары. Аспан пердесі бірте-бірте түріліп, табиғат оянды. Күншығыс жаққа қарай бергің келеді, міне тағы бір көрініс: қып-қызыл боп тұрған көкжиектен жарқырап басқа бір «жұлдыз» туды. Ол Шолпаннан гөрі кішілеу – ол Меркурий (кіші Шолпан). Шолпан да, Меркурий де «жұлдыз» емес, бұлар планеталар, Күннің ұрпақтары. Қашық кете алмай, осылар Күнді төңіректеп жүр. Мүмкін, Меркурий Күннің ең кенжесі, Шолпан оның тетелесі болар.

Шолпан шарықтап «арқан бойы», Меркурий «найза бойы» көтеріліп қалды. Жарық күшейіп, алыстағы мұнартқан таулар анық көріне бастады.

Шығуға таяған Күнді байқап, өріп бара жатқан қойды көріп шопан салқын сумен беті-қолын жуып, тамақтанып алған соң қарына құрығын іліп, атына мініп, «шу»... деді.

Дүние жүзін алтын нұрына бөлеп, салтанатпен дарқырап, міне, Күн де шықты. Тәтті ұйқысын бөліп ерте тұрғанына шопан да өкінбеді. Таңның атып, Күннің шығып келе жатқанын көргенде кімнің жүрегі елжіреп, көңілі шаттанбайды?!

«Таң қысқа, ұйқың да қанбады-ау, әйтеуір, он екі мүшең аман болсын, алдың аман болсын, қарағым» деп шопанның қарасына бір көз тастап, күрсінеді кәрі әже, үй маңында күйбеңдеп жүріп. Бұл шақта жарқырап күншығысқа Шолпан туып тұр. Шолпанды кейде «Шолпан жұлдыз» деп атауы да осыдан.

Таң атқан соң тірі кісі тіршілік істейді. Шолпан туғаннан кейінгі шыбынсыз таң салқыны мал жаюына да, көшкен елдің, керуеннің көлігі мен адамына да бапты-ақ. Шолпан туа жүк арту керек де көші-қон көп кезінде қазақ ауылы Шолпан туа азан-қазан болып көшіп жататын...

Шолпан туа түнектегі керуен де көшеді. Міне, сондықтан оған Керуен жұлдызы деген ат та тағылған (Батыс Қазақстан облысы Астарахан маңы).

Ұзақ түнге кірпік қақпай талыққан жанға таң Шолпаны шам-шырақтай шырайлы көрінеді. Шолпанды да, Меркурийді де ең көп бақылап көрген малшылар (қойшылар, жылқышылар, күзетшілер). Таң жарығындағы Меркурийді алғаш ашқандар да, мүмкін, солар болған шығар. (жалғасы бар)   

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 14 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: