Аспанға қараймын...
26/11/2024, 10:27

АЙ мен КҮН

Аймен байланысты тағы бір ырым мынадай. Халықтың айтуынша, өліара кезінде қыс болса қар-боран, жаз болса, жауын-шашын көп болады. Бұл орыс халқының арасында да бар ырым: «Молодая луна умывается» деген мәтел содан.

Халықтың бұл ырымы шындыққа сәйкес келмейді екен. Көп жылдар бойы үзбей істелген бақылауларды қорытып, есептей келгенде өліара кезіндегі ашық күндердің де, бұлыңғыр (жауын-шашын( күндердің де саны бірдей болып шыққан. Өліараға келген ашық күндер елеусіз өте береді де, нөсер, жауын, борасын күндер елдің есінде сақталып қалады, міне, осыдан елге өліара жауын-шашынды болады деген ырым жайылды.

Адам жарала бастағаннан бері Ай қоғам тұрмысында ерекше рөл атқарды. Қараңғылық – адамның қас жауы. Тіпті күні кеше ай қараңғыда қасқырлар күзетші мен итке бой бермей, қотанға шауып, малды қырып кететін. Ал, әріректе ше? Ақырғаны атқа қан сигізетін арыстан, қабылан, жолбарыс, аюлар айсыз түндегі панасыз, мылтықсыз жандарды тулақ құрлы көрсің бе!

Адам иістінің ұзақ жасаған тарихында оның көп көздеген аспан шырағы Ай болатын-ды. Ес білмейтін сәби де керім Айға қол созып аймалайды. Малшы, егінші, керуенші, аңшы, баршы, сақшы, қарақшы бәрі де Айды бақты. Есепші, ойшыл, сыншылар да, тіпті еріккен де Айға қарады. кәне, ойланайықшы, мен ұрлық қылғанда ай жарық болыпты; не бітіріп тұрсың, Ай қарап тұрсың ба, дегендей мәтелдер де бар емес пе?

Осыдан 350 жылдан аса уақыт бұрын Галилей тұңғыш рет телескоппен қарап Ай бетінен тауларды көрдім, деп жарияласымен-ақ Айға ынта ерекше күшейді. Осыдан былай астрономдар шу дегеннен телескопты «Айға бағыттайтын болды. Ай бетінің картаға түсірмеген шұқанағын қалдырмады. Жер бетінің кей орындары (мысалы, Антарктида) адамға, бәлкім, ондай ашына болған жоқ шығар. «Күн тырнап алған» дейтін қарауытқан дақтар Ай бетінің ойпат жерлері екен.

Жә, енді Айдың арғы беті қандай, деген кесе-көлденең тұрған нардай сауалдың шешуін табу өмірі орындалмайтын арман сияқты еді. Қазақтың да «Айға шапқан арыстан» деген мәтелінен Айға жету сондай қиын деген түсінік аңғарылатын-ды.

Естияр жанның қолынан келмейтіндей құдіретті істер кеңес елінде, кеңес адамдарының дүлдүл ойы мен шебер қолдарының арқасында істелініп, дүние жүзін қайран қалдырды. 1959 жылдың 12 қыркүйегінде ұшырылған кеңестік зымыран Айдың бергі бетіне кеңес вымпелін апарып қондырды, ал 4 қазандағы зымыран оның аржағын орағыта ұшып, аспаптар Айдың көрінбейтін бетінің фотосуретін радио арқылы жерге хабарлады.

Есі кірмеген нәрестеден басқаның екі көзі енді Айдың арғы бетінің суретіне тесіле қарады. осынша көп көз қауырт қараған қағаздағы сурет, бұрын-соңды әсерлі болмаған шығар. Ай аты жұмыла ел аузына алынды. «Өнер көкке, ақыл көпке жеткізер» деген сөз өзінің шын мағынасында орындалды.

Ғарыштық зымыран арқылы түсірілген суреттер бойынша кеңес ғалымдары Айдың арғы бетінің картасын жасады: онда ойпаттар – «теңіздер» бергі бетіндегіден анағұрлым аз екен. Айдың арғы бетіндегі ой-қырына кеңес ғалымдары ен тағып «Москва теңізі», «Кеңестік жоталар», «Ломоносов кратері», «Жолио-Кюри кратері» деген тәрізді аттар қойды. Екпінді өршіл заманымыз! 1966 жылдың 31 қаңтарында ұшырылаған «Луна 9» атты автоматтық станция 3 ақпанда Айдың бергі бетіндегі Дауылдар Мұхиты деп аталатын аймаққа барып жайлап дәл қонды.

Енді телевизиялық аппарат төңірегіндегі Ай бетінің бедерін суретке түсіріп, оны бізге, өзіміз қасында тұрғандай етіп, анық көрсетті. Ай беті борпылдақ, майда топырақ, оған түскен нәрсе батып кетеді деген жору қате екен. Ай беті пемза не шлак тәрізді едәуір қатты жыныстардан құралған.

Осылай, 1966 жылдың ақпаны Айды зерттеу тарапында тағы бір ірі табысқа қол жеткізді. (жалғасы бар)   

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 16 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: