Аспанға қараймын...
19/11/2024, 10:52

АЙ мен КҮН

Шаруа соңында жүрген кісі Айға көзі түсіп кеткенде:

Ай толғанын білмес,

Жігіт болғанын білмес, -

деп айдың ортасы болып қалғанына, уақыттың тез өтіп бара жатқанына таңырқайды. Ай 15-інде толып, одан кейін орталап, кеми береді. Ай қорғалап кеміген сайын, 50 минуттай кешеуілдеп туып отырады. Ай шекесіндегі ойындысы үлкейіп, бара-бара Ай солады. Ақырында, Ай таусылып «өліара» - ескі Ай мен жаңа Айдың аралық кезі келеді. Бұл қарсаңда Ай Жер мен Күннің екі арасына келеді де, бізге қараңғы (көлеңке) беті қарайды, сондықтан біз Айды күндіз де, түнде де көре алмаймыз.

Ортасы (15-і) кезінде Ай тура күнге қарама-қарсы тұрады да, бізге толған Ай болып көрінеді. Міне, сондықтан бұл мезетте – Айдың 15-інде Күн де туады. Күн батып бара жатқанда Ай туып келе жатады, сонда оның шарасы толық болады. Айдың 14-інде Ай да батады, таң да атады.

«Бүгін айдың 14-і, Ай да батар, таң да атар, жақсы күйеу көп жатар» деген мәтел содан.

Айдың қозғалысын байымдаушылар Күн қысқа кезінде Ай жоғары жүреді. Күн ұзақта ол төмен жүреді дейді. Осы расында солай. Бұл эклиптиканың жазғы түнде төмен, ал қысқы түнде жоғары тұруынан болатын құбылыс. Орысша «восход» деген сөздің қазақша екі түрлі Күн жөнінде «шығу», Ай мен жұлдыз жөнінде «туу» деген баламалары бар. Осыған мысал үшін алғыс пен қарғыс сөздерін келтірейік:

Атқан таңдай, шыққан Күндей, туған Айдай етіп әр нәрсеге қолын жеткіз. Алдыңнан Ай, артыңнан Күн тусын! (ұзатқан қызға беретін бата);

Күн сөнбей сөнбе!

Күннің шығуымен, Айдың батуымен, Күн күнелтпей, түн түнелтпей, құмдай батыр, судай сіңір. Ай мен Күн не алуан кәдеге – алғысқа да, қарғысқа да жарап жатыр!

Жақсы Ай мен Күндей,

Жарығы әлемге бірдей, -

деген мақалдан да мін табылмайды.

«Ай мен Күн де дүниенің (Жердің) үлкендігіндей үлкен. Олар үлкен болмаса Жер жүзінің бәрін жарық қылып тұра ала ма» деген ел аузынан алынған сөз күшті дәлел.

Бір қызық нәрсе, Күнді құдірет тұту салтынан біздің кезімізде ел ортасында із қалмаған. Мұны Шоқан да растайды. «Күн көру», «күнелту», «күні қараң», «маған да күн туар», «күнің өшкір» деген сөздер, Күннің шын рөлін – Күннің Жердегі тіршіліктің көзі екенін халықтың түпкілікті түсінгендігін тайға таңба басқандай анық білдіріп тұрады.

Ай мен Күнді салыстыра келе, Айдың жүзіне көз тоқтатып қарауға болады кісінің жүзі таймайды, ал Күн ащырақ, сондықтан Ай сұлуырақ дейді кейбіреулер.

Ал, бірақ Күн мен Айды шын мәнісінде салыстыратын болсақ, әрине, нағыз сұлулық Күнде. Күн жарық пен жылудың сарқылмас көзі, ал Ай өзі жарық шығармайтын қараңғы дене.

Атан түйе мен шіркей қандай болса, үлкендігі жағынан алғанда Күн мен Ай да сондай. Ай бетінде ауа да, су да жоқ, жапалақ ұшпас жапан.

Ай беті аламыш екені көзге жақсы көрінеді. Ондағы қарауытқан дақтар ойпаттау жерлері екен. Оларды (бір тамшы суы жоқ болса да) ертеректе, XVII ғасырда «теңіздер» деп атаған еді.

Ай мен Күн турасындағы ел аузындағы ертегілер, теңеулер табиғатты терең түсінбей, оның тек сырт көрінісін ғана үстірт бақылаудан шыққан. (жалғасы бар)   

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 3 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: