Аспанға қараймын...
11/11/2024, 10:46

АЙ мен КҮН

Жексұрын қысқа қарай туған Айлар шалқалай бастайды, жылы жазда туғандары еңкейіп иіліп тұрады. Халық көзімен қарағанда кісінің де, Айдың да шалқақтауы ырыстың нышаны емес, олардың бұқараға бет бұрып, еңкейіп иілгені жайлы.

Дәл осы құбылысты да өзгелерден гөрі байсалды қойшылар тереңірек түсініп, оның ақтығына жетуге таянған.

Осы Ай юарып-барып желтоқсан, қаңтар айларында бұзылады – шалқасынан түседі. Содан тік тұрысынан айырылып қалып, шалқалай береді де, мамыр айында барып түзеледі.

Мұнда бақылаушы ай туысы жыл мерзімдеріне қарай өзгеретінін дұрыс байымдаған. Бірақ, әрине, Ай бірден «шалқасынан» түспейді, бірте-бірте шалқалайды. Жаңа туған Айдың бәрін қадағалап, сыпыра көріп отыра алмайсың – кейбір Айлардың туысын бұлт көрсетпейді. Екі-үш Ай өткізіп барып қарағанда оның туысы оқыс өзгерген тәрізді болып көрінеді:

«Ай қырынан туса, айбалтаңды сайла,

Ай шалқасынан туса, күрегіңді сайла»

деген де мақал бар. Бұл ертеректе, шапқыншылық заманда шыққан мақал. Ай қырынан туса, жаз шыға бастайды, жорыққа аттану да көбейеді. Ал шалқасынан туғаны қыстың белгісі. Осыған орай теңізде жүзуші елдерде:

«Ай тұрса, теңізші жатады,

Ай жатса, теңізші тұрады»

деген мақал да бар екенін айта кеткен жөн.

Іңір шапағында жаңа туған Айды көргеніңізде, оның туысы қалай екенін абайлаған мезетте, ол жөніндегі шаруа адамдарының көзқарастары үміттері, қауіптері, мақалдары, баталары, тілектері, лақтырған таяқтары естеріңізге түспей қоймас. Енді сол шақта жыл мезгілінің қайсысы бұл туған Ай жаздікі ме, жоқ, қыстікі ме деген ой да сіздің есіңізге сап ете түсер.

Айдың әр түрін (фазаларын) ел арасында былай сипаттайды:

Жаңа туған Ай имек. 8-де, 22-де жап-жарты – кескен таба нанның тап жартысындай, 13-14-де Ай орталап қалады, 15-де шеңбер шарасы түгел толып дөңгеленіп, мінсіз болады. Ақындар сұлулардың өздерін осы 15-дегі толған Аймен, ал олардың қастарын жаңа туған Аймен салыстырады. Мысалы:

Жалғыз қызы Гүлбаршын

Он бесте туған Ай еді.

(Алпамыс)

Толған Айдай толықсып,

Ақ сазандай бұлықсып,

Бұралып кетіп барады,

Неше алуан қылықсып.

(Қыз Жібек)

Сары белден сарғайып таң атады,

Бидай өңді аққұба тұнғатады.

Қайтіп шыдар ер жігіт таң атқанша,

Толған Айдай толықсып қыз жатады.

(Халық өлеңдерінен)

Туған айдай иілген

Екі қастың арасы.

(Қыз Жібек) (жалғасы бар)   

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 5 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: