05/11/2024, 10:51 | |
АЙ мен КҮН Шалқасынан туған Айды ұнатпай, ел оны «үйелеп» қалған, ал ай үйелеп туса өзіне жайлы, шаруаға жайсыз деп түйеді. - Сен бізді қырамын, өлтіремін деп жүріп, үйелеп өзің өлерсің, - депті біреулер. Қыруар малын жұт қырып кеткен бір шал шалқасынан туған Айды көріп: - Алар малды алдың, немене араныңды ашып тұрсың, енді менің өзімді жұтпасаң, - деп айға таяғын лақтырған деседі. Мал ашуы – жан ашуы деген сол. Жұмырбай деген ақсақалға Айға бата қыл дегенде: - Ай шалқасынан туыпты, бұл мен бата қылмайтын Ай екен, - депті. Осы келтірілген мысалдар жаңа Айдың туысын қазақтардың шын пейілмен ырым ететіндігін, бұл ырымның ел арасына көп таралғанын дәлелдейді. Ай тік не шалқақ туса, осы белгіге қарап, шаруа баяғы көкейтесті мәселені малдың қамына тиісті ауа райын болжамақшы болды. - Айдың жантақ туғаны – шалқақ туғаны. Шалқасынан туғанда Ай шөкелеп, екі басы теңеліп, алшысынан тұрады. Бірақ оның иіліп, сәлем қылғандай еңкейіп туғаны жайлы. Сондай шаншылып туғанда Ай орақтай болып туған екен дейді, ал шалқасынан туғанда олай демейді. Шалқасынан сары болып туған Айды халық жаман ырымға жориды. Жұрттың бұл сенімдерін саралай келіп, ғылыми тұрғыдан сынағанда мынадай қорытынды шығарамыз. Тегінде, табиғат құбылыстарының арасындағы халық аңғарған бұл тіркестіктің бар екені рас. Жаңа туған Айдың қалпына қарай жұрттың ауа райы өзгереді дегені тиянақсыз, бос сөз емес. Анығында да, жалпы алғанда жаз айларында жаңа Ай тігірек тұрады да, қыс айларында Ай «шалқасынан жатады», өйткені қыстыгүні түнге қарай эклиптика (Күн жолы) аспанда жоғары тұрады, Ай жолы да оған жуық, сондықтан Күн сәулелері Айдың «астыңғы» төменгі бетін ала жарық береді де, бізге Ай шалқалап жатқан сияқты көрінеді. Ал жаздыгүнгі айларда эклиптика түнде төмен тұрады. Күн Айдың оң жақ бүйірін ала жарық түсіреді де, Ай тік туған болып көрінеді. Сөйтіп, жаңа Ай орағының орналасу қалпы мен ауа райының арасындағы бұл қызық іліктестік, Күн мен айдың аспандағ жолдарының әр мезгілдегі өзара орналасуына байланысты. Суықтық Айдың шалқалап туғандығынан болмайды, қыстыгүні суыз кездерде Ай шалқаламай туа алмайды. Жылылық айдың тік туғанынан емес, жаз айларында қашанда Ай тіктеу туады. Бұл ырым күллі елге белгілі болғандықтан, оқушылар ол жөнінде қайтсе де сұрамай қоймайды. Қазақ халқының осы ырымына әдейі тоқталып, түсіндіру тәлім берерлік іс. Кейбіреулер жаздыгүннің өзінде ай шалқалап туса суық болмай қоймайды дейді. Күннің әулетті тартуы күшті әсер ететін болғандықтан ай қозғалысы өте күрделі болады. Аспандағы бір басып кеткен ізін Ай екінші айда қайта баспайды. Сондықтан жаздыгүннің өзінде Ай орағының тіктігі біршамада өзгеріп отыруы мүмкін. Аспан сферасында ойша жүргізілетін эклиптика сызығымен бұқараның, әрине, жұмысы жоқ. Эклиптика аспанда көзге көрінбейді, ал жаңа туған ай жарқырап жұрттың көзіне бірден түсе кетеді. Тұрмыста үлкен рөл алған Айдың туыс қалпына халық көңіл бөлмей қоймайды. Елге бүйірден тиіп, сүліктей сорған тәкаппар мінезді ұлық, чиновниктер, бай-купецтер момындарға қыр көрсетіп шалқақтай келеді, ал адамгершілігі, ар-ұяты бар адамдар шалқақтамай, инабатпен иіліп, халыққа жылы шырай көрсетеді. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 5 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |