Аспанға қараймын...
28/10/2024, 22:29

АЙ мен КҮН

Дүние жүзіндегі халықтар арасында жаңа жыл кіргенде біреуді біреу жаңа жылмен құттықтау, әркім өз басына, дос-жар адамдарына бақытты, ұзақ өмір тілеу әдеті сақталып келеді.

Қазақтың әрбір жаңа Айға істейтін баталарының мазмұны бала-шағаларына, малына, халыққа амандық тілеу. Мұнда пәлендей өрескелдік бар деп немесе осындай тілектер тәлім-тәрбие жұмысына кесірін тигізеді, әйтпесе бұдан бір шаруаға кесел келеді деп ешкім айта алмайды. Бірақ діншілдер мұндай баталардың кейбіреулерін «Ай көрдік, ат басындай Құран көрдік, ақыретте иман көрдік» деп діни схоластикаға (мағынасыздыққа) айналдырып, бұзып та жіберген.

Бұрынғы ескі діндерде, соның ішінде мұсылман дінінде де Ай ерекше рөл атқарған. Ай белгісін мешіттің, зираттың төбесіне қою, ту басына айғабақ орнату, ертедегі Айға табынудың сарқыншағы.

Қазақ даласының қыстыгүні кейбір үскірік борандары түтеп кеткенде аттың құлағы көрінбейді, түкірік жерге түспейді.

Үш-төрт күн алай-түлей соққан ақпанның сұрапыл бораны ашылып, аспан көрініп, ел зорға есін жинайды. Кешке жақын мал қамап жүрген кісілер ақшам жарығына араласа күнбатыста күмістей жарқырап тұрған Айды көреді.

- Ай туыпты.

- Туысы жаман екен, шалқалап жатыр, қырады ғой тағы.

- Ай көрдім, аман көрдім, бұл Ай халыққа жақсылықпен туған Ай болсын, - деп кейбіреулер қолын жайып бетін сипайды.

Жаңа туған Айды көргенде шаруа адамының көңіліне әртүрлі қандай болып кіреді, шаруаға жайлы бола ма, жоқ жайсыз бола ма, бұл айда мал-бас аман бола ма деген ойлар тумай қоймайды.

Қазақ тұрмысында Айды қастерлеуге себеп көп болды: Ай болмаса, түн қараңғысын жамылып қасқы да, ұры да малға шабуылды күшейтеді, шаруа жайымен ұзақ түн қату да қиын тиеді. Ал, тіпті алыстағы аталарамыздың ай қараңғыда малы түгіл, басқа да зор қауіпте болғандығын еске алсақ, Айды қастерлеу неге басым болғандығын жақсы түсінеміз. Қараңғыалғыр деген тәрізді қарғыстар тегін шықпаған.

Міне, сондықтан да халық арасында түн қараңғы, түн жарық деген сөздердің орнына көбінесе «ай қараңғы», «ай жарық» дейді, «бұлт ашылды, айықты» не «күн айдай ашық» дейді. «Айдай анық дәлел» деген сөз де Айдың рөлі жөнінде айтылған пікірді растайды.

Ауа райы шаруаға жайлы-жайсыз болып келетінін білуге құштарланған ел оны жаңа туған Айдың қалпына қарап болжамақшы болды.

Қазақ арасында мынадай ырым бар: егер жаңа Ай тігінен туса, ауа райы шаруаға жайлы, жылы болады. Ал, Ай шлақасынан жатса, ай суық, жайсыз болып өтеді. Оны көрген адам: «Ай шалқасынан жатыр, үскірік қырады десейші» деп үрейленеді; бұл «Айдың өзіне жайлы, халыққа жайсыз» дейді. Өлең, жырға үйір еліміз бұл жағдайды да тақпақтап келтіреді:

Тік туғаны халыққа жайлы,

Шалқасынан туғаны өзіне жайлы.

немесе:

Шалқасынан жатуы Айдың өзіне жайлы,

(Шаруаға жайсыз), тік тұрса шаруаға жайлы.

Айдың тік тұрғаны,

Өзіне жайсыз, халыққа жайлы,

Шалқасынан туғаны,

Өзіне жайлы, халыққа жайсыз.

Ай тік тұрғанда ол халыққа қарады деп жориды. Кейбір жандар шалқасынан туған Айды көріп «аузын аңқайтып көкке қарап, жерге түк бермей, бәрін жұтамын» деп тұр дейді екен. (жалғасы бар)   

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 17 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: