22/10/2024, 11:32 | |
АЙ мен КҮН Күн ортақ, Ай ортақ, жақсы ортақ. Мақал Астрономия ғылымында жаңа туған айдың ұштарын «Ай мүйіздері» дейді. Қазақтың халық тілінде еш уақытта Айдың мүйізі деп, Айға апарып мүйізді отастырмайды. Бірақ халық малдың тұяғын, мүйізін Аймен теңейді. Сүйікті деген малдарын Ай тұяқты тұлпарым, Ай мүйізді сиырым, Ай мүйізді ақ серкем деп өзгеше ықыласпен мадақтайды. Ай мен Күн турасындағы аңыз бойынша Ай мен Күн егіз туған керемет екі әйел екен. Әсіресе Ай сұлуырақ болып мақтанып, Күн оны қызғанып Айдың бетін тырнап, оған дақ түсірген. Кесірлі Ай жазасын осылай тартқан. Ай бетіндегі қарауытқан дақ «аламыш» содан екен деседі. Айдың кеш туғанын және кемігенін ел «Ай қорғалады» дейді. Күнге жақындап барғанда Ай «қорғалап» бетін жасырады, ал қашықтағанда Ай толып, Күнді қызықтырып, бетін түгел көрсетіп, ереуілдейді. Бұл ертегі Ай мен Күннің өзара орналасуына байланысты жаңа Ай, ширек Ай, толған Ай болып Ай түрінің (фазасының) өзгеру құбылысын аллегориялық формада қисындырып түсіндірмек болады. Ертегінің құндылығы құбылыстың сырт көрінісін шынайы дәл бейнелеуінде. Шынында, Ай мен Күн екеуінің сұлулығы да, жүздерінің дөңгелектігі де, үлкендіктері де көрер көзге бірдей сияқты, оларды егіз туғандай ұқсас демей тұра алмайсың! Тегінде қазақтың ауыз әдебиетінде Айдың қадірі Күндікінен артық болмаса кем түспейді. Мұның растығы жөнінде Ай десе аузы, Күн десе көзі бар немесе Айым да сен Ғалия, Күнім де сен... деген сияқты толып жатқан теңеулерді және Айсұлу, Айбала, Айкерім, Айгүл, Айкүнім, Айжарық... деген Ай түбірлі аттардың ел арасына көп тарап кеткендігін еске түсірсек те жеткілікті. Ертедегі адамдар табиғаттың сырын білмей тұрған кезде табиғат күштеріне, Күн мен Айға ғибадат етіп табынды. Қазақтың атақты ғалымы Шоқан Уәлиханов, мүмкін, қазақтар бұрын Айды «Құдай» тұтқан болу керек дейді. Жаңа Ай көргенде бата қылу, оған жалбарыну Шоқан жоруын дәлелдейтін ескіден қалған салт. Жаңа Ай туу құбылысы қазақ ортасында елеулі уақиға болып келді. Жаңа туған Айға тағзым ету, әйел болса Айға қарап баласының бетінен сүйіп, екі қолын қусырып тәжім ету, жалбарынып бата қылу ырымдары әсіресе ұлғайған адамдар арасында көп ұшырайды. Жаңа Айға жалбарыну қазақтан басқа Азия халықтарында да бар. Міне, Айға табынудың кейбір мысалдары мынадай: 1. Айдан аман сақта, Айлардың айында, Жылдардың жылында, Жаңа жарылқа, ескі ай есірке. 2. Туған айдай қылып жарылқа, Шыққан Күндей қылып жарылқа. Басты аман, бауырды бүтін қыл, Отыңа оралтпа, суыңа сүрінтпе, Келесі Ай, келесі жылға аман қыла гөр. 3. Бұл туған Ай Нәсіпті Ай бола гөр, Халыққа тынышты Ай бола гөр. От басы, бала-шағаны аман қыла гөр, Денсаулыққа жақсы Ай бола гөр. Аман қоныс, бейбіт өрісін берсін. 4. Ай көрдік, аман көрдік, Ат басындай гауһар көрдік. Келер Ай, келер жылдардан аман сақта. 5. Жаңа Айдан жақсылық, Ауырлығым жерде, жеңілдігім менде. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 15 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |