Аспанға қараймын...
15/10/2024, 11:27

ӘДЕБИЕТТЕГІ АСПАН ШЫРАҚТАРЫ

Эпитеттер жұлдыздарды ұмытпай еске сақтауды оңайлатады. Альдебаран, Ригель... дегенде шетел тілінен келген сөздер, олар құлаққа да, жүрекке де әсер бермейді, оларды есте сақтау қиын. Ал Альдебаран дегеніміз Үркердің Сұлусарысы десек, әрі әдемі, әрі түсінікті, әрі жарасымды. Сұлусары Альдебаранның ентаңбасы. Сұлусары, Көгалдаймергеннің Көкшақтағы... бәйгі жариялап іздесек, осыдан орынды аттар таба алмаспыз.

Аспан шырақтары жайындағы өлең, ертегі, аңыздардың тағы бір бағалы жері – олардың сюжетінде қыс пен жаздың алмасуы, жер сілкіну тәрізді құбылыстар анайы, аңқау түрде табиғи себептермен түсіндіріледі.

Жұлдыз ағуы, Күн мен Айдың тұтылуы, жай түсу, кемпірқосақ, полярлық шұғыла сияқты айбарлы аспан құбылыстары адамның сана-сезіміне күшті әсер етеді. Осындай құбылыстардың шын мәнісін халыққа ұғындыра отырып, бұлар жөніндегі ертеден ұялаған түсініктерге сын көзімен қарап, бос ырымдардың шығуына не себеп болғанын ашып айтып беру міндет. Ілтипат қойып іздесек, айналадағы табиғат өзгерістерін сипаттайтын сырлы сөздер де тілімізден табылады. Кейде ондай сөздердің бірнеше нұсқалары да болады. Бұл жағы, әлбетте, алдымен лингвистер үшін қызықты.

Елу жылда ел жаңа,

Жүз жылда қазан, -

деп Арқа жағындағы елдер айтса, Жоңғар Алатауы маңында екінші жолды «жүз жылда жер жаңа» деп, Батыс Қазақстанда оны «Қырық жылда қазан жаңа» деп өзгертіп айтады.

Қара жерге қар жауар,

Қарды көрген бір нәубет.

Қара жерден қар кетер,

Жерді көрген бір нәубет, -

деген толғаудың 2 мен 4 жолдарын бағзылар (ақтөбеліктер) «қарды басқан бір мұрат», «жерді басқан бір мұрат» деп келтіреді.

Ай қораланса, арбаңды сайла,

Күн қораланса, күрегіңді сайла, -

деп (Орталық Қазақстанда) айтылатын нақыл сөз Қостанай жақта «Ай қотанданса, арбаң сайла» деп, Оңтүстік жақта «ай қораланса, аяғың сайла» деп өзгертіліп айтылады. Жазғытұрымғы күнді ел арасында түске шейін мүйіз, түстен кейін киіз деп, ал кейде бір күн мүйіз, бір күн киіз деп сипатайды.

Кешкі Күн құлақтанса,

Қатының ұл тапқандай сүйін.

Ертеңгі күн құлақтанса,

Еліңді жау шапқандай күйін.

Қысың тұман болсын,

Ауруың тұмау болсын.

Тұмау арты жұт,

Тұмау арты құрт.

«Жайықбас жақтан жел тұрса, жаз болса да қыс», «Ақ қар арты аяз» деген тәрізді ауа райына қатысты афоризмдер өз алдына бір төбе. Біздің міндетіміз халықтың көктегі мен жердегіні пайымдағанынан алған мол тәжірибелерін жинастырып, жүйеге келтіріп, оған ғылыми баға беруде болып отыр.   

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 7 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: