Аспанға қараймын...
07/10/2024, 23:49

ӘДЕБИЕТТЕГІ АСПАН ШЫРАҚТАРЫ

Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров «Аһ дүние» деген өлеңінде әлем құрылысын материалистік тұрғыдан баяндап, оны ұғымды тілмен халыққа өлең арқылы түсіндірмекші болды. Оның енді бір өлеңінде шоқ жұлдыздарға кіретін жұлдыздардың халық түсінігі бойынша саны да келтіріледі:

Қарақшы жеті жұлдыз шеттеп жүріп,

Құр сырттан жылтырайды алдап күліп...

Төрт жұлдыз екі-екіден босағада

Соларды аңдығандай тұр үңіліп.

Айқайлап: «Таң мынау» деп Шолпан туып,

Өзгеден алты Үркердің түсі суық.

Осыдан біз елдің ұйғаруы бойынша, Жетіқарақшы жеті жұлдыздан, Босаға төрт жұлдыздан, Үркер алты жұлдыздан тұратынын көреміз. Сонымен қатар мұнда екі-екіден тұрған төрт жұлдыздың сиқы есіктің босағасына ұқсас екендігі, ал Шолпан таңның хабаршысы екені аңғарылады.

Ақын Асқар Тоқмағамбетовтың, Сәби Мұқановтың өлеңдерінен де жұлдыздар жайында керекті мәлімет алуға болады.

Көкшетау өңірінің Қазан ауданындағы ақын Құдыкен былай дейді:

Айтып көр шамаң болса байлығыңды,

Шолпандай аспандағы айлы түнгі.

Сыртқы форма жағынан алғанда фольклор түрінде тараған қазқатың астрономиялық ұғымдарында әсемдік, поэзиялық сарын күшті.

Көркем аңыздардағы ішкі қисын да мығым. Күн күркіреп, көк дүркіреген шақта айғыр үйірге салынады. Дәл осы қарсаңда (мамырдың 10-ы кезінде) бір үйір жылқыдай топ жүретін «жеті Үркер жерге түсіп», көктен жоғалады. Сұңғыл жандардың көкірегінде көктемдегі күннің күркірегені үйірін (Үркерді) іздеп тасыр салып, шапқылаған көк айғырдың азынағанындай болып бейнеледі.

Ашық, жылы түндерде сұлу табиғаттың ортасында жүрген адамның поэзияға икем көңілі көкті шарлап, сайраған жұлдыздардың түрін, қозғалыстарын абайлап, олардың ішінен қиялмен батырларды, сұлу әйелдерді, мергендерді, қарақшыларды, жүйрік аттарды, арқарларды тауып, қисындырып сюжет қойып шығарды. Аспан денелері жайындағы әңгімелердің сюжеті жердегі адамның өзіне таныс тұрмысының айнасы.

Әдіснама тұрғысынан алып бағалағанда еліміздің аспан шырақтары жайындағы фольклорының өте-мөте құндылығы оның қай жанрында болса да аспан денелері және олардың қозғалыстары ұтымды түрде – поэзиялық формада ғылыми шындыққа сәйкес суреттелуінде. Фольклордың мамзмұны шынайы бағытта болып, оның қай жанрында болса да практикалық өмірге керекті қай мезгілде, қай жұлдыздар аспанның қай жерінде болады деген маңызды мақсаттар шешіледі. Мысалы, ертек-аңыздардың мазмұнынан Жетіқарақшы, Ақбозат, Көкбозат жұлдыздарының батпайтынын, олардың Темірқазықты айнала қозғалып жүретінін аңғарамыз.

Үркер туралы әңгімелер Жердің Күнді айнала қозғалуының әсерінен жыл бойы жұлдызды аспанның түрі қалай өзгеретіндігін бейнелейді. Бөл жөніндегі мақал-мәтелдер орнымен пайдаланса, эклиптиканы түсіндіру де мұғалімдер үшін өте құнды. Ай қозғалысын түсіндіргенде тоғыз есебі жақсы мысал болып табылады.

Қазақтың жұлдыздарға қойған аттарынан поэзия лебізі аңқып тұр. Сонымен қабат мұның әдістемелік маңызы үлкен. Жұлдыз атауларында поэзиялық форма мен шынайы мазмұн (құбылыстың көрінісі, сыры, жұлдыздардың сипаты, белгісі) екеуі ұштасып қабысып тұрады. Темырқазық, Сұлусары (Альдебаран), Көгалдаймергеннің Көкшақпағы (Риегль)... деген атаулардың әсембігімен қабат, оларға тіркелген эпитеттер Темірқазықтың айнымайтындығын, Альдебаран жұлдызының түсі сарғыштығын, Ригельдің түсі көктігін сипаттайды. Жұлдыздардың бұл халық аңғарған түстері ғылыми мәліметтермен дәлме-дәл үйлеседі. Жұлдыздардың түсін анықтау ғылым үшін маңызды мәселе. Өйткені қызған дененің (аспандағы жұлдыз болсын, домна пешіндегі металл болсын бәрібір) түсі бойынша оның температурасын анықтауға болады. Түс – жұлдыздың маңызды сипаттамасының бірі.  (жалғасы бар)   

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 9 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: