Аспанға қараймын...
01/10/2024, 11:14

ӘДЕБИЕТТЕГІ АСПАН ШЫРАҚТАРЫ

Жұлдыздарды, ғаламшарларды, Күн мен Айды ел ішінен шыққан зеректер жұмбаққа да көп жаратады. Жұлдыздар не мал, не құс, не ағаш есебінде беріледі де, әдетте өлең түрінде өрнектеледі. Мына бір поэзиялық әсем аллегория Үркерді тұспалдайды:

Жоғалттым жаз басында бір топ қысырақ,

Іздедім сұрау салып біразырақ.

Дарияның ортасында жатыр дейді,

Ала алмай елге қайттым жылап-жылап.

Қошқар басын көтерген мезгілінде,

Табылды орнынан өзі бірақ.

Мұнда Үркердің бір топ жұлдыз екендігі, олардың жаз басында (мамыр ортасында) көктен «жерге түсіп», жоғалып көрінбей кететіні, халықтың оны суға, не қырға түсті дейтіні, сонан соң күзге қарай (қой қаша бастағанда) қайтадан аспаннан көрінетіні сипатталынады. Жұлдыз бен мал жайын білмейтін адамға оның шешуін аз сөзбен түсіндіре алмассың. Мұны ойлап шығарушы Үркер жайына, әрі жылқы мен қой малының жайына жетік адам. Іші-сыртында міні жоқ осы жұмбақтың ұйқасы, құнарлы мазмұны қандай десеңізші!

Жаздыгүні тобын жазбай желдеп кетіп, жоғалғыш болатын қысырақ үйірімен топ Үркерді ишаралауы айтушының тапқыр ойын, шеберлігін көрсетеді. Және тағы бұл жұмбақтан малын қадағалап қарамай, айырылып қалып «сұрау салып», іздеп жүретін кейбір салақтардың мінезі аңғарылады.

Аспан шырақтары туралы деректі өтірік өлеңнен де, жоқтау жырынан да, қысқасы, халық шығармасының қайсысынан болса да кездестіре аламыз. Міне, қыздың көрісу жырынан бір үзінді:

Жүруші едік балдай боп,

Қосақталған тайдай боп,

Енді айырылып барамыз,

Үркерден қашқан Айдай боп.

Басқаны былай қойғанда, бұл үзіндіден аспан шырақтары мен олардың (Үркермен тоғысып өткен Айдың) қозғалысының қазақ әйелдеріне шейін аян болғандығы көрінеді.

Қырық өтірікті ойлап шығарған шебердің көреген көкірегі аспанды да шарықтап, жұлдыздарды да қамти кетеді.

«Көзімді шарт жұмып аспанға қарағанымда, мұнан артық не тамаша болсын, Темірқазықтың ар жағында, Шолпан жұлдызының бер жағында, манадан бері қарап, таба алмай жүрген жирен құлыным бәйтеректің басына шығып құлындап, құлынын емізіп тұр екен» дейді Тазша бала. Бір тамашасы – шарт бойынша, ол осы арада да «өтірік айтып» тұр, өйткені шынында бізге Темірқазықтан гөрі Шолпан анағұрлым жақын.

Шолпан жалтыраған үлкен, Темірқазық кішірек. Мүмкін, ел осыған қарап Шолпанның Темірқазықтан гөрі бізге жақындығын пайымдады ма, әйтеуір, қайткен күнде де осы ертегіде аспан шырақтарының ара қашықтығы әрүтрлі болатындығы, Шолпанның Темірқазықтан гөрі бізге жуықтығы сөз болып отыр.

Бұқара ішінен шыққан есімі мәлімсіз ақындардың, шешендердің, зеректердің аспан шырақтарын, жұлдыздарды, Күнді, Айды өлеңге, қара сөзге қосып сипаттауы қазақ арасында дәстүрге айналған.

Аспан шырақтары туралы жырлаған ақындар өлеңін қарастыра келе біз олардың ішінен жұлдыздардың аттары, олардың саны, орналасуы, қозғалысы жайында бірталай нақтылы дерек аламыз. Мынадай бір өлеңнен үзінді келтірейік:

Күн батып, жоғалды, нұрыңнан ұялып,

Жұлдыз бен Ай қалды сәулеңнен нәр алып.

Жетіқарақшы сені іздеп, айналып жүр,

Бәрі де сені ойлап, мас болып сандалып,

Үркер мен Таразы шашылды шашуға

Шолпан да қарады, мауқын басуға;

Темірқазық арқандар Ақбоз атын,

Жаратып ойы бар тойына қосуға.

Бұдан біз ел арасына Жетіқарақшы, Үркер, Таразы, Темірқазық, Ақбозат, Шолпан сияқты шырақтардың аты мәлім екенін және Жетіқарақшының айнала жүретінін, Темірқазықтың ат арқандайтын қазықтай қозғалмай тұратынын аңғарамыз. (жалғасы бар)   

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 12 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: