23/09/2024, 11:42 | |
ӘДЕБИЕТТЕГІ АСПАН ШЫРАҚТАРЫ Әлеуметтік өмірдің қажеттерімен жұптаса туған аспан шырақтары туралы әңгімелер еліміздің бай әдебиетінің қай түрінде де ұшырайды. Өте жақсы көретін Әбдірахман деген баласының қысқа өмірін бейнелей келе Абай мына шумақты жазды: Құйрықты жұлдыз секілді, Туды да, көп тұрмады... Көрген, білген өкінді, Мін тағар жан болмады. Қандай тамаша дәл теңеу! Шынында да құйрықты жұлдыз өзге жұлдыздардан ерекше жарқырап шығады, бірақ өзі тез алыстап кетеді де, аспан шеңберінде көзге көп көрініп тұрмайды. Мал ішіне өскен қазақтың атқа мініп, құрық ұстап, жылқы күзетпегені бар ма? Міне, жалынды ақын Қасым Аманжолов жылқышы болып: «Қызылжал», «Қаракемер», «Қызбел», «Қусақ», Баурында жылқым бұлттай жатыр жусап, Өргізем гүрілдеген көк өзенге, Жарқырап маңдайымнан Шолпан туса-ақ, - деп, жылқының өріп жайыла бастайтын кезі таң ата, Шолпан туа болатынын білдіреді. Осы арада халықтың толып жатқан ауыз әдебиетінен, өте ескі уақтағы жоқтау жырынан тағы бір шумақ келтірейік: Таудан асқан сұңқарым, Топтан асқан тұлпарым, Бұланай таудың аржағы, Бұлттан шыққан Шолпаным. Халықтың ең жақсы көретін адамын, жер жүзіне нұр шашып, қараңғылықты сырып келе жатқан Күннің хабаршысы – сұлу Шолпанмен теңеуі заңды да. Тұрмыс керегі үшін халық күн мен түннің, жыл мезгілдерінің алмасуы, ауа райының өзгеруі сияқты табиғат құбылыстарының арасындағы байланыстарды ескеріп, олардың сырын білуге тырысты, аспан шырақтарының туып, батуы сияқты құбылыстар мен жердегі өзгерістерді салыстырып, олардың арасындағы іліктестікті, тіркестікті, кезектікті іздеді. Сүмбіле жұлдызы туған кезде шөп, егін пісіп, түн ұзарып, маса, шыбын азайып, малдың қатты семіре бастайтынын аңлады. Осыдан келіп: Сүмбіле туар жылтиып, Ат семірер күнтиып, - деген мақал туды. Мақалда атты мысалға келтіруде мән бар: жылқы ерте кезде қазақтың тұрмысына сай ең қадірлі көретін малы болған. Жылқы өзге малдай емес, түнімен жайылады, сөйтіп ол күздің ұзақ түндерінде ерекше көзге түсіп семіреді. Енді мына екі мақалды алып жан-жақты сынайық: 1. Үркер үйден көрінсе, Үш ай тоқсан қысың бар; Үркер іңірде жамбасқа келсе, Жаз шықпағанда несі бар. 2. Таразы туса таң суыр, Сүмбіле туса су суыр. Мақалдардың бас-аяғы ұйқасып, үйлесіп тұр. Бір естісең-ақ ұмыта қоймайсың. Ал мазмұны іңірде Үркерді ашық шаңырақтан көрсең, қыстың (желтоқсанның) басы екенін, ал іңірде Үркерді күнбатыстан «жанбаста» (жерге таяу – төмен) көрсең, ол жаздың басы екенін білдіріп тұр. Екінші шумақта Таразы мен Сүмбіленің тууы қарсаңындағы ауа райының белгілері көрсетілген. Мақалдан Сүмбіленің Таразыдан кешірек туатыны және Таразы туған кезде шілде өтіп, күздің нышаны біліне бастайтыны, ал Сүмбіле туған кезде суықтың ызғары көріне бастайтыны аңғарылады. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 13 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |