| 14/10/2025, 11:58 | |
ҮРКЕР Үркер көкке «шықты» Дәл сәскеде ауылға жетіп, тұсында желісі бар үйге түсті. Бұлар облыстың тапсыруы бойынша бие байлап, қымызын қаладағы дүкендерге жіберіп отыратын көрінеді. Мұндай жолдары болар ма! Оң жақта қара саба емізіктеп тұр. Адам қолымен жасаған сусын-шараптардың ішінде таңертеңгі муыз қымыздан озатыны бар ма екен? Отқа күймей пісетін тамақ тек осы қымыз, бұл пейіштің асы дейді қазақтар қымызды мадақтап. Жорықта жүріп, не бір жұмыс істеп ыстықта жаның қиналып шөлдегенде ең алдымен майда көбігі бұрқырап, иісі аңқып, жаңа ашып келе жатқан жас қымыз еске түседі. Иісі жұпардай, балдан тәтті сары қымызды көгал шөптің үстінде, таза ауада, сары тегенемен сапырып, еркек-әйел, кемпір-шал, бала-шағаға шейін түгел отырып, қауым болып, бас қосып ішудің өзі қандай жарасымды. Осындай мәжілістің өзінен жас ұрпақ тәлім-тәрбие алады, мұнда әзілі-қалжыңы аралас, тұрмыс жәйті сөз болады. Иә, қымыз, балаларды үйден бездіріп жіберіп, инабатты үлкендерден жасырынып отырып ішетін шарап емес. Қымыз нағыз ортақ ас. Оның шипалық қасиеті де күшті. - Кеше көшіп келдік, жер от екен. Биеден сүт ағып тұр. Қаладағылар да қымызымызды ұнатып ішіп жатқан көрінеді, орыстар да құмартып ішіпті, - дейді үй иесі әйел. - Енді, әйтеуір, қымыз деген халық сүйсініп ішетін ас қой, науқастар оны емге ішеді, жақсылап ашытып беріп отырсаңдар сауап қой. Биені күтіп сауса, жарықтық, ол ағфп тұрған бұлақ емес пе? Күні-түні сауса да ии береді. «Екі бие ел асы, үш бие бұлақ басы» деген. Кешелі-бүгінді Үркер туды. Үркер туғаннан кейін шықпаған шөптің басы шығады деген. Енді шөп те, егін де өрлейді. - Жауын жауып нәсіп болып тұр. Биыл Үркер суға түсті. Үркердің батысы жауын болса, шығысы да жауын. Құрғаққа түссе, шығысы да құрғақ деуші еді есепшілер. Әңгіме Үркерге осылай оралып келді. Қазақ арасында қай жерде болса да көп айтылатын бір ырым осы: Үркер суға түссе, қуаң болады. Үркер жерге түсер кезде жауын жауса жақсы болады, Үркер суға түссе дегені сол, - деп түсіндіреді олар. Әрине, жаз күндері жауын жауғаны жаман емес. Әсіресе, Үркердің батқан кезінде, яғни көк шығар кезде жауғаны жақсы болатыны сөзсіз. Ал жаздың сулы болуы да сонымен сабақтас па, ол арасын әдейі зерттеп, дәйекті түрде шешкен жөн. бірақ ауа райының өзгерісі аса күрделі. Есепшілер айтқандай оңай тұспал жыл сайын аумай келіп отырмас. Үркердің туып-батуымен байланысты шаруа әңгімелері тағы былай: - Үркер мамырда батады да, 40 күн шәлдеде жерде жатады. Содан Үркер барып мына күншығыстан шығады, Жерді айналып шыға ма, білмеймін, ол таңмен бірге туады, - дейді Шу бойындағылар. Ал диқаншы ұйғыр Суракум Әміров былай дейді: - Үркер туғаннан кейін жерге еш нәрсе салмайды, ол пішмәйді әм төлге қосылмайды. Үркер жетінші айдың кірісінде туады. - Үркер маусымның 10-ында (ескіше) туады – көкжиекке шығып, аспаннан көрінеді. Үркер көкке шығысымен тары өсіп сала береді, - дейді алматылықтар. - Мамырдың басында Үркер 10 күндей ақ пен қызылдың арасында, сонан соң жер астында болады. Маусымда тағы таң жақта ақ пен қызылдың арасында болып, 10-ында (ескіше) көрінеді. Ерте тұрған кісі 7-8-нде көріп қалады. Сөз тұжырымы мынау: Үркер мамырдың 10-ында күнбатыстан батып, маусымның 20-сы кезінде күншығыстан туады. Жаз басы астрономияда жазғы күнтоқырау (22 маусым) күнінен бастап саналады. Ендеше Үркердің көкке шығуы да осы маңызды датаның қарсаңында – жаз басына сай келеді. Үркер көкке шықса, жаз басталады. Бұл – түннің ең қысқарып, күннің ұзарған кезі. Осы арада астрономияда іңір жарығын да, таң жарығын да бір-ақ сөзбен «сумерки» деп атайтынын ескерте кетейік. Ал горизонт сызығын ел көкжиек дейді. Горизонт дегеніміз көк пен жердің тілдескен тәрізді сызығы. Тағы бір ескеретін жәйт: Үркер көкке шықты дегенді, Үркер жер бетіне шықты не Үркер туды деп те атайды. Таң қылаң берді, таң саз берді және ымырт жабылды не ымырт түйілді деп те айтылады. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 4 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
