Аспанға қараймын...
07/10/2025, 20:35

ҮРКЕР

Үркер көкке «шықты»

Жарық – материяның бір тамаша формасы. Бір қырлы, сегіз сырлы деп, керемет күрделі қасиеттері бар осы жарықты айтуға болар.

Батырды батыр қылған маңдай екен,

Шешенді шешен қылған таңдай екен.

Көрмеген дүние жүзін мен бір ғарып,

Жарығы бұл дүниенің қандай екен?!

деп тумысынан су қараңғы, бірақ көкірегі саңлақ бейбақ зар илейді. Оның жарық дүниені көрмедім дегені арман-ақ емес пе! Ұжмақ дегеніміз осы жалғанда. Пейіш осы дүниедегі өзіміздің сүйікті Отанымыз. Бұл жарық дүниеден бөтен, дін уағыздауындай, екінші дүние бар деп, онда Ұжмақ бар деп қапыда қалмаңыздар.

Жол үстінде келе жатып, шартараптан сөз қозғап қызу әңгімелесіп те қояды. Керегетастан асып түсіп, қайыңды өлкені өрлеп бірқыдыру жүрді. Жолдасы жас кезінде жортуылда көп жүрген, жетіқараңғы түнде адаспайтын тоқымы кеппес жортуылшы болыпты.

- Мені жортуылшылыққа баулыған осы Айыртау түбін мекен еткен Шаншарбай ғой. Аламандығы үшін ол Үркіттен де әрі итжеккеннің еліне айдалып, содан екі рет жаяу қашып келіп еді. Қалың орманның ішімен адаспай, түнде ақсүмбілені оң иығыма, Сарысүмбілені сол иығыма, Темірқазықты ту сыртыма алып, жүріп отырдым, аю етін азық қылдық, - деуші еді.

Оларға ол кезде неғұрлым таңның атпағаны керек. Қазір таңның ең қысқарған уақыты. Майдан тамызға шейін «сайтан» таң дейміз». Таң алғашқы қылаң беріп, жан-жақ толық көрінгенше қатты жүрген кісі 30 шақырымдай жер алады деп әңгімелейді жолдасы.

Олар жүріп келе жатқан тау өңіріндегі шөптің шығымы ерен. Сыңсып біткен көк балдырған балауса шөптер, қызыл-жасыл қызғалдақтар мен сарғалдақтар адам жегендей. Мал қызықпай тұрсын ба. Атымыздың тізгіні босап кетсе-ақ оңды-солды шалып қалып, жас селеулердің басын қырқып алады. Жұпар иістердің ішінде жусанның ащы иісі аңқып мұрын жарғандай.

Баратын жерлері осынау төбесі қылтиып, үйме-жүйме көрінген бұдыр-бұдыр бөлек таулар. Күн қыза келе сағым ойнап, тұтас жоталар үзіліп-үзіліп кетті де, әлгі бөлек таулар томардай құнтиып, жерден бөлініп қалықтап тұрғандай болды. Даладағы бейіт, не омақа сияқты үйіншектер сағым көтергенде ербиіп, едәуір қарамды болып кетеді. Жылығаннан ауаның тығыздығы өзгереді де, одан өтіп келген сәуле неше қайта сынып, түзу жөнінен бұрылып, нәрселер өз орнынан, өз пішінімен табылмай алдандырады. Сағым жер қыртысының жылығанының белгісі. Сағым бұлдыратқан дала келбеті ажарланып, қызықты сияқты болып көрінетіні осыдан.

Ыстық плитаның не күншуақтағы үй қабырғасының бетін ала сығалап қарасақ, сағым көреміз. Шөл жерлердегі құмның ысуы да шілде айында плитадан кем тимес. Жеті қырдың астындағы көді, өзенді, көгалды-саялы жерлерді алдамыш сағым сусап алабұртқан жүргіншілердің көзіне елестетіп, оларды әбден қинайды.

Кезеңшеге шыға келгендерінде, міне, олардың көздеріне де алдындағы өлкенің бойында думандаған ел, қаптаған мал, шалқыған өмір бар сияқты олып көрінді.

Бұл не, шынында солай ма, әлде сағым көтеріп елестеп тұрған жай бірдеңелер ме?

Үңіліп қарап жіберіп, сәлден кейін жолдасы:

- Ә-ә... мына Қопадағы совхоздың малы осы Қайнарбұлаққакөшіп келеді деп еді, келген екен ғой. Мал баласы, жер анасы деген емес пе, қарашы, қандай жарасымды, - дейді ол. Елмен көріктеніп тұрған жерді көріп, аттары да қара тартып елпілдеп келеді. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 6 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: