| 30/09/2025, 09:22 | |
ҮРКЕР Үркер көкке «шықты» Таң келеді, таң жарығы дегендер ойды қобалжытып емірентетін тамаша поэзиялық сөздер. Қараңғылықтан жарыққа көшуді білдіретін осы керім сөздер, саналы өміріміздің бастапқы күндерінен бәрі көкейімізге ұялап алған. Таң ата мал өргізу, таң ата жүріп кету, таң ата орақ салу дегендей күн сайынғы тіршілік әрекеті таңмен басталады. Қыр-сахаралы өңірде жаз күндері таң атуын көзбен көру дүниенің ерен қызықтарының бірі. Таң алды желдің де тынып, жаппай тыныштық орнайтын кез. Ауа қоңыржай ғана, көкте мардымды бұлт та жоқ. Шілденің дәл осындай бір көзел таңы әлі есінде. Баратын жерлері жырақтау еді, түн қысқа, көз шырымын ала сала тұрғанынша ақтандақ та белгі берді. Қараңғылықты таң қылаңы ақырындап қусырып, атқан таңның арайында тау-таудың жоталары елең-алаң көріне бастады. Ат арқандап жүрген күзетшінің жанына келді. Егделеу келген кісі екен. - Ферма бастығының аты ғой таң ата арқандай сал деп еді. Айғыржалдағы мал басынан түнқатып келді. Қазір таң қысқа, суыды ма жануар, жоқ суымады ма, арқасы ісіп шықпаса неғылсын... Түнімен зерігіп жалғыз отырған адам ғой, әңгімелесуге бейім тұр. Өзі шаппашоттай ыңғайлы. Ол одан қазір Үркер қайда деп сұрап еді, ол аузын жиып алғанша: - Үркер әне, ақ пен қызылдың арасында, өзім де кеше ғана көрдім. Үркердің 40 күн жатып, көкке көтерілгені енді осы, - деді ол. Қорғалап бітуге таяған Айдың астын ала таң шапағына араласып, қылт-қылт етіп тұрған Үркерді көрді. - Енді мал ет ала бастайды ғой. Ертеңдер Үркер Аймен тоғысады. Сонда бұл 23 тоғыстың Айы болады. Олар ауылдан аттанған шақта шығыс тарапты өкшелеген сарала шұғыла көкті тегіс жайлап, қараңғыны батысқа тықсырыпты. Міне қызық: ол құты қашып тығылған түн қараңғысы дегеніміз кеңістіктегі Жер шарының көлеңкесі екен. Осы көлеңкеге кіргенде олар түн болды дейді. Күйсеген қойлар қотанында әлі жайбарақат жатыр. Бозторғай шырылдай бастады да, келтесінен қайырып, жерге қонды. Шығыстағы алқызыл шапақ зәулім өрттей лаулап, жарық молайып ие бермей, төңірек айқындала берді. Арайлаған жарық күшейген сайын жұлдыздар сөніп, айдың да өңі қашаңдады. Сиырлының қайқаңына жете бергенінде салтанатпен Күн де шықты. Жержаһан жарықпен толып жарылқанып, нұрға бөленді. Толықсып жайнаған жер бетін көздері көрді. Көңіл елтіп, бой балқып, қуаныш кернеп бір жасайсың. Ананың туған балаға деген махаббатынан күшті жан-жануарда сүйіспеншілік болмас. Ана баласын күнім, жарығым, құлыншағым деп әлпештейді ғой. Бұрын-соңды Күнді мадақтап жырламаған ақын да қалмаған шығар. Дарияның қасында құдық қазба деген, Күн сұлулығын жырлауды ақындарға берейік. Күнді қалай мақтаса да сияды. Күн жердегі барлық қозғалыстың, тіршіліктің түбегейлі көзі. Астрономия ғылымының тұрғысынан алып қарағанда сәулетті Күн жаһандағы сан жетпейтін жұлдыздардың біреуі ғана. Күн жаһандағы сан жетпейтін жұлдыздардың біреуі ғана. Күн – бізге ең жақын жұлдыз. Адам Күннің де бірте-бірте сырын ашып, оның жарық шығуының тетігін түсініп, мол қуат өндіріп беретін атомдық қондырғылар (атомдық электр станциялар, атомдық двигательдер) жасап үйреніп келді. Шындығында, адамның даналығының шегі жоқ. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 7 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
