| 16/09/2025, 09:47 | |
ҮРКЕР Үркер жерге түсті Түн жамылып уақыт өткізген шаруа адамдары түннің және жылдың қай шамасы болғанын айыру үшін көктегі жұлдыздарды, әсіресе Үркерді жазбай бақылады. Жаздың бір айғақты белгісі қарлығаш пен көкектің келуі. Ескіше 1-інші мамыр болмай көкек шақырмайды. Көкектің шақыруы – жаз айының (шілденің) басталуы. Кісі айқайы естілмейтін таулардан оның саңқылдаған дауысы жетіп келеді. Дауысымен ол ай атына кірді, көкек айы бар дейді қыр адамдары. ...Көкек келіп, жаз әбден шықты. Жас төл аяқтанды. Жыл он екі айдағы ең бір көңілді кез осы. Шаң жоқ, шыбын жоқ. Күн нұрына бөленіп жәндіктер жарылқанды. Жер жүзі жасыл кілемдей. Арып-азып шыққан жануарлар көсегесі көгеріп, көкмайсадан бас алмай, отқа кенелді. Тойғанның белгісі малдың жүні түлей бастады. Қой қырқылып, жабағы жүндер үй маңында төбе-төбе болып үйіліп қалды. Жаратылыстың дәл осы шақтағы тамаша қызық өзгерістерінің қайсыбірін айтып түгендерсің? Ұлы жаңғыру шағында дүниеге жаңа аяқ басып кірген жауһар көз жас төл мен қара жерді жарып шыққан өсімдіктерден абзал ештеңе болмас. Желкілдеген көк егін, иісі аңқыған бәйшешек, ойнақшыған құлыншақ пен қошақан жер жәннәтінің шұрайы, табиғаттың жарастығы емес пе?! Күн шырқап, өрлей түсті. Күн жанары жібітпеген сыз қалмады. Іңірден таң тақанша іздесек көктен Үркерді де, Үшарқарды да, Сүмбілені де көзге түсіре алмаймыз. Олар бәрі де «жерде жатыр». Үркер жерге түспей жер қызбайды дейтіні осы кез. Бақша салу жұмыстары да осы қарсаңға дөп келеді: Үркер жерге түспей жер қазбаймыз дейді шығысқазақстандықтар. Үркердің жерде жату мезгілі көктің қаулап өсіп, көтерілетін кезі. Үркер жерге түсіп еді, шөп жер бетіне шықты. Шөпті жерден Үркер айдап шығаратын тәрізді. Ендеше шөппен қоректенетін малдар үркердің жерде жатқанына тілектес болмай қойсын ба? Сиырдың қырсығы тимегенде Үркер ылғи жерде жатар еді де, қыс болмас еді. Қыс сиырдың кесірінен болады дейтіні сиыр тебінмен күнелте алмай, қолға қарап, масыл болатын-ды. Қой тебінмен түйе талдың, бүргеннің басымен күн көреді. Жылқы даланың малы, тебіспен кетеді, оның күрегі өзінде. Бірақ бұл күнде сиыр да қар астынан шөп алып жей алады: бір аяғы кірген жерден тұмсығына шөп іліксе қарсы дал-дал қылады. Үркер 40 күн жерде жатқанда қошқар қойға қосылмайды, онда ұрық болмайды, ал содан кейін ұрық болады. Үркердің жерге түсуімен байланысты мал жайының әңгімелері осылай. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Просмотров: 11 | Загрузок: 0 | | |
| Всего комментариев: 0 | |
