27/05/2025, 23:10 | |
ҮРКЕР Шоғыр Үркер жамбаста Үріккен қойдай... Сәбит Мұқанов Үркер жұлдыз ағасы Үркер ғылым тілінде Плеяды, ал бұқара халық тілінде орысша Стожары (немесе Встожары) деп аталады. Түн мезеттерін, жыл мезгілдерін айыру үшін, сірә, қай халық болса да Үркерді көп пайдаланған болу керек. Жұрт аузындағы Үркер туралы әңгімелерді өз алдына бір хикая қылып жазуға болады. Фольклордың қай түрінен болса да Үркер ұшырай кетеді. Мне, қыз бен жігіт арасындағы қалжың өлеңдер. Екі жағының беташары Үркер. Сөз Үркердің сипатынан басталады. Жігіт: Көп жұлдыздың ағасы Үркер деген, Түйені әсемдікке тіркер деген. Қыздардың аш белінен қысып алып, Бетіне бес қалампыр бүркер деген. Қыз: Әуеде бір жұлдыз бар латауы Үркер, Түйеге кебежелі бота тіркер. Ойнайтын тепкілесіп теңім емес, Көргенде сен жаманды денем үркер. Бұл екі шумақ, дәл бір жердегі айтыста айтылмауы да ықтимал. Бірақ, әйетуір, осындай өлеңдердің Үркермен басталуы салт сияқты. Міне, оған тағы бір мысал: Аспанда Үркер алты топ тұрады, Өлеңді білген адам соқтырады. Жігіттің алған жары жақсы болса, Жолдасым жолың болсын деп тұрады. Үркердің осынша паш болуының мәнісі Үркер Күн мен Айдың аспандағы жүретін жолына жақын тұрады да, жолдағы омақа-белгі сияқты болып, оған қатысты Күн мен Айдың орналасуына қарап жыл, түн мезгілдерін және айдың қай тоғыс екенін анықтап біліп отыруға мүмкіндік береді. Онан соң жалғыз Темірқазық емес, қазақ халқы адаспау (жер тараптарын айыру) үшін Үркерді де көп белгілейді. - Үркердің бас, аяғы бар, адаспау үшін сол белгі. Үркер күннің шығысынан шығады, оңтүстікпен жүреді, күнбатыстан батады. Үркер адастырмайтын жұлдыз. - Үркер үркіп шыққан қысырақтай, одағайланып көзге оп-оңай түсе кетеді. Жай көзге Үркер сықылды көрінетін басқа шоғыр жоқ, өзге шытырман жұлдыздардың арасында Үркер тайға таңба басқандай белгілі. Үркердің тағы бір ыңғайлылығы, ол түннің ең қысқа кезінде (шілдеде) ғана «жерге түсіп» көрінбей кетеді де, басқа уақыттың бәрінде аспанда болады. Сөйтіп, Үркер Күн жолындағы зодиактың басқа жұлдыздарынан гөрі аспанда ұзағырақ уақыт көрініп тұрады да, белгілеу үшін Үркердің олардан артықшылығы осы болады. Жымыңдаған Үркерді маусымның орта шенінен бастап мамырдың онына шейін көруге болады. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 9 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |