Аспанға қараймын...
12/05/2025, 23:34

ЖЕТІҚАРАҚШЫ

Қыз бен жігіт

Жетіқарақшының «құйрығындағы» үш жұлдыздың біреуінің қасында бір бәсең жұлдыз зорға көрініп тұрады. Аңыз бойынша, бұл жігіт (ұрылардың бастығы) алып қашқан Үркердің қызы.

Елге мәлім осы аңыз өлең түрінде де тараған. Бұл әуе тексеруші есепшінің сөзі еді деп төменгі нұсқаны жыршы айтты:

Сұлу қыздың басында қара құндыз,

Тексермей сұлуларды неғып тұрмыз.

Үркердің жалғыз қызын ұрлап алып,

Қарақшы мына тұрған жеті жұлдыз.

Батыс Қазақстан

Немесе:

Аспанда ана тұрған Үркер жұлдыз,

Түйесін көш-көш қылып тіркер жұлдыз.

Үркердің жалғыз қызын алып қашып,

Қарақшы мына тұрған жеті жұлыз.

Шығыс Қазақстан

Немесе:

Біреуі көп жұлдыздың Үркер жұлдыз,

Артына көп жұлдызды тіркер жұлдыз.

Үркердің жалғыз қызын ұрлап алып,

Қарақшы ана тұрған жеті жұлдыз.

Бұл жыр қай жерде, қай түрде айтылса да Жетіқарақшы Үркердің қызын алып қашқан ұры болып шығады.

Қызық нәрсе мынау: Жетіқарақшы Үркердің қызын ұрлан жеті ұры деген ертегі ертеде орыс халқының арасында да болған екен.

Қазақтың бұл Жігіт пен Қыз дейтін екі жұлдызын арабтар атқа мінген кісі (Мицар мен Алькор) дейді. Ал үнділер оларды бала арқалаған кемпір дейді.

Аңыздың аяқталуында, егер Жетіқарақшы Ақбозат пен Көкбозатты ұстап мінсе, Үркердің қалған алты жұлдызын да (оның бәрі қыз екен) ұрлап алады дейді. Бұл аңыздың мазмұнымен жақсы қабысатын халықтың өз шығармасына тән аяқталу.

Аңыздан қазақтың ескі феодалдық тұрмыс-салтының сарқыны көрінеді. Білсе барымталап, білмесе сырымталап: жылқы ұрлау, қыз алып қашу сияқты жолсыздықтар ол кезде қазақ арасында аз болмаған. Ал діншілдер көрінеу көзге бұрмалап, Ақбозат пен Көкбозатты Жетіқарақшы ұстаған күні «ақыр заман» болады-мыс деп аңыздың аяғын бүлдіріп, мистицизмге апарып соқтырады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 7 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: