05/05/2025, 10:59 | |
ЖЕТІҚАРАҚШЫ Қырыққарақшы деген де жұлдыз бар Аспанның жұлдыз картасына көз салсақ, Темірқазық, Жетіқарақшы, Босаға арасындағы кең атырап ойсырап, жұлдызсыз бос тұр. Картадағы осы бос атырап, елсіз-күнсіз жердегі құлазыған қу дала сияқты. Бірақ аспанның бұл кең өңірі жұлдызсыз емес. Дәл осы атыраптағы көрер көзге ілінер-ілінбес болып, шұбырған майда жұлдыздарды малшылар Қырыққарақшы жұлдызы деп атап, соларды мәйек етіп, аспан ертегісінің ұйтқысына жаратты. Олардың көрінуі де түн күзетіің айрықша бір кезеңдеріне байланысты. - Түннің ұзарған кезінде, іңірде Қырыққарақшы солтүстікте, Темірқазықтан төменірек тұрады. Қырыққарақшы екі-екіден тізбектеліп, Жетіқарақшы мен Босағаның арасынан созылып өтеді. - Жазғытұрым болады, іңір шапағы әбден сөнген соң ел тәтті ұйқыға батады. Тек жылқышы жылқыда, күзетші ауылда ұйықтамайды. Міне, сол кезде ғана Қырыққарақшы туады. Ол Босағадан Темірқазыққа қарай екі-үштен шұбатылған із тәрізді ұсақ жұлдыздар. Қырыққарақшы майда жұлдыз, ол тек халық талып ұйықтап, әбден тыншыққанда туады, сөйтіп түн ортасын білдіреді. - Босаға жазға салым таң ата батады, ол Күннен қорықпайтын өткір жұлдыз. Ал Қырыққарақшы жиектен шықпайды, ақтаңлақ батқан соң төбенің өзінен пайда болады және ол жиектен батпай соның өзінде жоғалады. Күн сәулесінен мейлінше қорқады. Қырыққарақшы таң ұзарғанда күздігүні де көрінеді, ал қыстыгүні мұнардан әрең байқалады. Осылай сипаттап келіп, айтушы ақ тиіннің ізіндей етіп шұбыртып, Қырыққарақшының қағазға суретін де түсіреді. - Қырыққарақшының жетеуі көрініп тұрады, өзгесі майда, көрінбейді. Жетеуі Ақбозат, Көкбозатты аламын деп, оларға тақау тұрады. Қырыққарақшы Жетіқарақшы маңында, ол да батпайтын жұлдыз. Қырыққарақшымен сабақтас тағы мынадай әңгіме бар. Ауыл шетіндегі қой күзеткен қыз-келіншекке Қырыққарақшы кездеседі. Сендер ұрысыңдар деп қыз тиіскен соң жігіт: Аспанда бір жұлдыз бар Қырыққарақшы, Балықшы айдын көлде ол да орақшы. Біз ұрласақ даладан жылқы ұрлаймыз, Өзін-өзі ұрлаған қыз қарақшы, - депті. Қырыққарақшы деген жұлдыз бар деп естіді. Қырық шиге мақта орап, соны өлген кісінің басына қоятын. Жеті, қырық, он екі дегендер тілімізде жиі ұшырайтын «киелі» сөздер сияқты. Малмен кәсіп еткен ертедегі елдердің жанталасқан тұрмыстарында қатерлі қара түннің бітетін уақытын, жарық күннің келер мезгілін білдіретін жеті жұлдыздың сана-сезімге тигізген ықпалы аз болмаған. Оған Жетіқарақшының «бажырайған» ерекше пішіні де демеу болды. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 11 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |