Аспанға қараймын...
28/04/2025, 22:29

ЖЕТІҚАРАҚШЫ

Жетіқарақшы әңгімесі мағыналы шығарма

Жетіқарақшы ертегісінің қысқаша мазмұны күллі елге мәлім, ал әуел баста ол өз алдына кішігірім поэма болған шығар.

Әңгімеге арқау болған дүние полюсі (Темірқазық) төңірегіндегі жұлдыздардың көрінетін (айналмалы) қозғалыстары. Ал, оның сюэеті жаугершілік замандағы халықтың көшпелі тұрмысымен ұласып жатыр. Бұл нағыз реалистік шығарма. Осы ертегіні шығарған сан рет сарылып түн күзетіп, асынған жаумен аңдысқан зейінді еңбекші жұрт.

Көне ертегі заманның әуеніне қарай, айтушының парасатына қарай азды-көпті түрленді: кей жерлері тозығы жетіп, ұмыт болды, кей жерлері жаңғырып жамалды. Ұзын-ырғасы, желісі келіп бізге жетті.

Көкейіне қонатын осы аңыз жұлдыздардың тәуліктік қозғалысының көрінісін поэзиялық түрде жақсы қисындырып түсіндіреді. Мұны бір естіп, ондағы аталатын жұлдыздардың қозғалыстарын аспаннан көрген кісі қашан болса да оларды жаңылмай тани алады. Ал Темірқазық пен Жетіқарақшыны айыра білудің практикалық маңызы бар: жорық жағдайында, мал бағу тәжірибесінде олар әрқилы жер тараптарын, уақытты жуықтап бағдарлап білуге болады.

Жұлдыздардың тәулік сайын туып, батуы, Жетіқарақшы сияқты жұлдыздардың Темірқазықты айнала қозғалуының бәрі шыныда біз тұрған Жердің өз осін тәулік сайын бір айналып тұруынан болатын құбылыс. Бізге жер қозғалмай тұрып, аспан айналған сияқты болып көрінеді. Ал, Темірқазық өзге жұлдыздардан гөрі дүние полюсіне жақын тұрады да, түні бойы бір орыннан қозғалмайды деуге болады. Оның Темірқазық аталуы да сондықтан болған. Полюстен қашығырақтағы жұлдыздардың бәрі де тәулік сайын туып, батады. Ал, Жетіқарақшы, Кассиопея (Қарақұрт жұлдызы) сияқты полюске жақын шоқжұлдыздар батпайды, яғни көкжиек астына түспейді. Жетіқарақшы (Жеті ұры) деп аталуы да содан. Ел аңызы бойынша, жұлдыздың көкжиек астына түсіп батуы – оның тынығып «ұйықтағаны». Жетіқарақшы жатқанның жамбасын кескен ұры болғандықтан түнімен «ұйықтамайдц» (батпайды), ал күндіз көрінбей жоғалып кетеді. Осы мінездерімен ол түнімен торуылдап, таң ата жасырынатын ұрыға ұқсайды.

Ақбозат пен Көкбозат есімімен аталған екі жұлдыз ғылым тілінде Кіші Аю (Малая Медыедица) дейтін шоқжұлдыздардың жарықтау екі жұлдызы.

Осы Кіші Аюдағы жұлдыздардың орналасу пішіні де ертегінің мазмұнымен мұндай үйлесер ме? Олар Жетіқарақшыдан гөрі дүние полюсіне жуық (ішкері) тұрады да, жұлдызы қағып қойған қазықтай көрер көзге жылжымайды, ал енді бір үш жұлдызы арқанша шұбатылып әлгі «қазықтан» бастап Ақбозат пен Көкбозатқа шейін тізіліп барады. Сонда бұлардың және Жетіқарақшының «қазықты» айнала қозғалыстары, жердегі күзетшілердің көзі қанық құбылыстарының тапжылмайтын айнасы болып шығады.

Жетіқарақшыдан гөрі ішкерілеу екі аттың сыртын ала, оларға тұспа-тұс тұрған бір жұлдыздың (Дракон шоқжұлдызындағы) тұрысы дәл күзетшіге лайық, ол Күзетші жұлдыз.

Ақбозат пен Көкбозаттың өкпе тұсындағы екі ірі жұлдыз (Капелла мен Вега) батырлар емей немене? Аспанның осы солтүстік алқабындағы көзге шыққан сүйелдей ең жарық жұлдыз әлгі екеуі. Айдасон, Ағласон деген аттарына олардың жүрістері сайма-сай: олар жосығып «ағып» бара жатқандай тез жүреді.

Молотилканың жоқ кезінде қырмандағы бидайды атпен бастыратын. Сонда қосақтап тізген жылқылардың ортадағылары аяңдап, әріректегілері желе шоқырақтап, ең шеткергілері шауып жүреді. Осы тәрізді Темірқазық төңірегіндегі жұлдыздар арқандаулы аттардай ілбіп жүреді де, ал әлгі полюстен жырақтағы екі жарық жұлдыз ызғытып отырады.

Айдасон мен Ағласон, ертегінің сюжетімен жақсы қабысатын, жадында мықты сақталатын поэзиялық есімдер. Бұл сөздердің түп атасы, әрине, «айдау», «ағылу». Осыдан енді батырлардың кейпін сыпаттайтын «Айдасын», «Ағылсын» деген астарлы есімдер шығу керек еді. Бірақ айтушы «сын» жалғауын өзгертіп, сөздерді көтеріңкі «соң» буынымен аяқтапты. Қандай ұсталық! «Айдасон», «Ағласон»! әрі үндес, әрі қанатты. Тыңдаушыны елітіп, оның айызын қандыратын, айтушыны еліртіп, ертектің жанарын кіргізетін, батырлардың аруғын көтеретін мәнерлі есімдер. Батырлардың өздерінің және олардың тақымдарындағы аттарының есімдері ұйқас, жарастықты болуы да ертегінің ұмытылмай келуіне, оның жаппай жайылуына көп сеп болған шығар.

- Ақбозат ақ жұлдыз, Көкбозат көк жұлдыз, екеуі де үш жұлдыз арқылы Темірқазыққа арқандаулы тұрады. Ақбозатқа лайық жұлдызының түсі ақшыл екені рас, ал екінші жұлдызының түсі көк емес, сарғыш. Оны көкбозат деп ұқсастық үшін айтқан.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 8 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: