21/04/2025, 22:36 | |
ЖЕТІҚАРАҚШЫ Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман бізден бұрын болған емес Күз айларының орта шені болатын. Жолдасы екеуі Қойтастағы қой фермасынан күн бата шықты. Күз бен көктемде іңір көпке созылмайды. Әп-сәтте ымырт жабылып, түн болды. Жұлдыздар екі-екіден, үш-үштен, лек-легімен қоздап туа бастады. Бәрінен бұрын Темірқазықтан алшақта, оның екі бүйірінде екі жарық жұлдыз көзге түсті. Тани кетті, мұның шығыс пен терістік арасында көкжиекке жақын тұрғаны Босағаның бір жұлдызы (Капелла), ал екіншісі оған қарама-қарсы – Лирадағы вега дейтін жұлдыз. Бұл жоғарыда – төбеден бастысқа қарай ауық тұр. Осы екеуі көктегі жұлдыздардың (Сүмбіледен кейінгі) ең ірісі. Етектеп, көкжиекке төніп тұрған Жетіқарақшы да кідірмей көзге шлаынды. Міне, Темірқазық, Ақбозат, Көкбозат, Күзетші, арқан жұлдыздары. Мұның бәрі бір маңда. Күншығыс жаққа көз тастап, таяқ бойы көтерілген Үркерді көрді. Биікте тұрып қарағанда, ауа ашықта, әсіресе Ай қараңғыда, шіркін, жұлдыз самсаған көк күмбезі қандай көрікті! Түн қараңғысы әбден жеңгенде, көз үйрене келе ең соңында Босаға мен Темірқазық арасынан қаптаған майда жұлдыздардың шұбырындысы көзге ілінді. Аспан лібіп айналып бара жатқан сияқты. Жұлдыздар Темірқазықты шыр айнала, бірін-бірі аңдып, бірін-бірі қуып жүргендей. Олар да желе-аяңдап келеді. Жолдасы енді аспан ертегісіне көшті. ...Жетіқарақшы бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін ұрлаған баукеспе ұры болыпты. Халық болып соңына түскен соң қылмысы басынан асқан жеті ұры жеткізбей аспанға қашып шыққан. Бастаған алдыңғы төртеуі, ана артындағы үшеуі ерер-ермек болып жүген олардың құйыршығы. Ана екі бүйірдегі екі жарық жұлдыз екі батыр. Сонау көрінген қатар екі жұлдыз Ақбозат мен Көкбозат батырлардың аттары. Олар Темірқазыққа арқандаулы. Шұбатылған арқаны да әне көрініп тұр. Аттар Темірқазықты айнала оттайды. Оларды аңдыған жеті ұры да түнімен төңіректеп, айналып жүреді. Ұрылар қайтсе де осы атарды түсіріп алмақшы. Сақ күзетші алдындағысынан көз жазбайды. Сөйтіп жүргенде таң атады. Таң атысымен Жетіқарақшы көзден тайып, тасаланады. Ертеңінде тағы солай болады. Ұрылар жетеу ғана емес. Қалың жау – қырық қарақшы алыста торуылдап жүр. Анау Босаға мен Жетіқарақшының арасынан көрінген ұсақ жұлдыздар Қырыққарақшы жұлдызы. Жетіқарақшы олардың барлаушысы. Алдымен батырлардың мықты аттарын қолға түсіріп алып, Қырыққарақшы содан кейін елді шаппақшы. Жолдасы Жетіқарақшы ертегісін айтып түгесті. Ұрылар мінгестіріп жүрген Үркер қызы да, әрине, ұмытылмады. Бөл көне аңыздарды өз құлағымен неше қайтара естіген-ді, тау қуысындағы ескі жұрттардың тамтығын да талай көрген-ді. Сүңгі найзаның, садақ оғының ұштары дейтін тотық істік темірлердің әр жерден тауып алатын. Бұрынғы батырлардың болат сауыттарын да кебеже түбінен ара-тұра көріп еді. Сирақты шиті мылтықтар екінің бірінде, ал сойыл-шоқпарлар үй сайын болатын. Осының бәрі жаугершілік замандары елестететін сарқыншақтар. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт күндер қазақтың түсіне кірмесе, сонау бастан кешкен тарихында болмаған да шығар. Ат үстінде тынығып келе жатқан басым өткенді сараптап, жердегі мен көктегіні септестірмекші болды. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 8 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |