08/04/2025, 11:45 | |
ЖЕТІҚАРАҚШЫ Ел өмірі ұзақ сонар, бітпес жыр, Бітпес жырдан табылады талай сыр. Ұзақ өмір тарихында таңба боп, Қанды жылау, қанды күндер қайнап тұр. Бейімбет Майлин
Аспан сағаты Қазақ атаулы түгел білетін шоқ жұлдыздың бірі Жетіқарақшы. Жетіқарақшы бір тәулікте Темірқазықты (дәлірек айтқанда дүние полюсін) бір айналады. Оның іңірдегі, түн отасындағы, таң алдындағы орны жыл мезгілдеріне қарай әрқилы келеді. Жетіқарақшының қозғалысын жақсы білетін малды елдер мыңдаған жылдар бойы онымен түн мезгілдерін білдіретін аспан сағаты есебінде пайдаланып келді. Бажырайған жеті жұлды аспанды бір шолғанда-ақ өзінің ерекше түрімен «мен мұндамын» деп көзге түсе кетеді. Тек аспан ашық болса болғаны. Қалтадағы сағатты алып, оның тілін жарыққа ұстап алып, әуреленіп жатпайсың. Жетіқарақшы қандай жұлдыз деп сұрай қалсаң, кез келген қазақ оның неге бұлай аталғанын, оның сыр-сипатын, қозғалысын түгендеп айтып берумен қабат, өзін аспаннан көрсетіп, керек десең, қағазға суретін де нобайлап сызып береді. - Жетіқарақшы батпайтын жұлдыз, ол тек шыр айналады. Төрт жұлдызы бары оның бас жағы. Үшеуі артында, ол – құйрығы. Ол күндіз де жүреді... Жұлдыздың күндіз жүретінін әр уақыт Күн тұтылғанда байқаймыз дейді «есепші». - Біз бұрын жылқы баққанбыз, сонда қай жұлдыз қай жерге барғанда таң ататынын белгілеп аламыз. Жетіқарақшы жеті жұлдыз, төртеуі алдында, үшеуі құйрыққа ұқсап шұбалып артында жүреді. Ол өзі бір жерде тұрмай, айнала жүріп отырады. Айталық, қыркүйектің соңында іңірде мына жақта, ал таңға жақындағанда төртеуі өрге шығады, үшеуі төмен қарай астына түседі. Қыстыгүні таңға жақын төбеге келеді, жазғытұрым іңірде мына (шығыс жақ) жамбасқа таман еңкейеді. Наурызда Жетіқарақшы Темірқазықтың үстіне шығып, батысқа қарай өтінкірегенде таң атады. - Қазақтың бұрынғы сағаты Жетіқарақшы. Ол шыр айналып жүреді. Ол таң қысқа кезде қысқа айналып, ұзарғанда ұзын айналып, еңістеп барып, күншығысқа қарай көлденеңдеп жүріп, содан өрге ұмтылады. Еңістегенде таң атады (жазға салым). Қысқа қарай мынадан шығып, айналып төбеге келіп, құбылаға қарай бұрылғанда таң атады. Таңды айнытпай білдіреді. Қыс басында Жетіқарақшы төбеге келгенде таң атады. Түн ұзарған сайын ол төбеден ауа таң білінеді. Түн ұзарғанда қой мен жылқы күзетшілері Жетіқарақшының онына қарап, ауысып күзетеді. - Күзде күн қысқарғанда биені таң жусауында қосақтап, боземшек қылып, сәскеге жеткізбей, күн шыға ауылға әкеледі. Сонда үлкендер Жетіқарақшы маңдайға айналғанда биені қосақта дейді. Жетіқарақшымен сағат есебінде қалай пайдаланатынын байқау үшін бақташылардың осы сөздерінің өзі де жетіп жатыр. Есепші Жетіқарақшының тіпті күндізгі орнын да дәл айтып береді. Шаруалар Жетіқарақшыға қарап, түн мезгілдерін белгілеумен қатар, онымен жыл мезгілдерін де айырады. Жетіқарақшы төмен еңкейіп келмей жаз болмайды, жазға таман бұл да еңкейеді. Ал бұл кезде Жетіқарақшы көбінесе жамбасқа (көкжиекке) келеді дейді олар. Төте сөз: қыркүйектің 20-сы (күзгі күн мен түн теңелуі) қарсаңында іңірде Жетіқарақшы төменгі кульминацияда болып, етектеп көкжиекке төніп жүреді. Астрономияда белгілі аңыз бойынша, жұлдыздардың ескі картасында Жетіқарақшының үш жұлдызы «аюдың құйрығы» есебінде суреттеледі. Қазақ ортасында да ол үшеуі Жетіқарақшының «құйрығы» деп аталатынын ескерте кетейік. - Жетіқарақшыны орыстар «Тележка», ал құйрығындағы үшеуін «оглобля» (тәртесі) дейді, шынында онысы ұқсайды. Шаруашылықпен шұғылданғандар орыс халқының жұлдыздарға қойған аттарын да айтып береді. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 7 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |