11/03/2025, 12:36 | |
ТЕМІРҚАЗЫҚ Темірқазық көктің кіндігі Қол диірменнің ортасы сияқты Темірқазық аспанның да ортасы. Осы сөздерден өзге жұлдыздардың бәрі қозғалады. Темірқазық қозғалмайды, аспан диірменінің тасы сияқты ортасындағы Темірқазықты айналады деген ұғымға келеміз. Жетіқарақшы, Ақбозат, Көкбозат Темірқазықты айналып жүреді деп елдің бәрі ашып айтады. Өйткені мұны аңғару оңай: - Жетіқарақшы, Ақбозат, Көкбозат бастайтын жұлдыздар, олардың тәуліктегі жолы көкжиек үстімен өтеді де, айналғаны оңай байқалады. Ал Үркер, Босаға сияқты туып, бататын жұлдыздар да Темірқазықты айналады деп тұжырым жасау тереңірек ойды керек етеді. Сөйтсе де барлық жұлдыз Темірқазықты айалады, одан басқа жұлдыздардың бәрі көшпелі деп жалпылап қорытатындар да ел арасынан кездеседі. Немесе: - Жұлдыздың бәрі Алтынқазықты (Темірқазықты) айналып жүреді, ол өмірі жылжымайды, іңірде көрсең де, таң ата көрсең де бір орында тұрады. Ол өзі екі жұлдыз, біреуі кішірек. Үлкені айналмайды, кішірегі айналады дейді кейбіреулер. - Алтынқазық жұлдызы солтүстік жақта, ол сол жақтан ешқайда бармайды, бір орында туып, бір орыннан батады. Алтынқазық Жетіқарақшы жұлдыздарынан кішілеу. Темірқазықтың қозғалмайтынын халық әртүрлі сөзбен өрнектейді. - Бала кезінде әжесінен «Темірқазық деген не, аспанда қазық бар ма?» деп сұрағанында, ол: - Өзге жұлдыз жылжып, көшіп жүреді, ал Темірқазық жылжымайды, - деп түсіндірді. - Жұлдыз, Ай, Күн түгел жүріп отырады. Темірқазық жүрмейді, тұсаған орнында тұрады. Күндіз жүрмесе, түнде жүрмейді, - деп қосып қояды мұны айтушы. - Темірқазық айнымайды. Басқа жұлдыз батысқа қарай аунай береді. - Темірқазық қозғалмайды, өзге жұлдыз батып отырады, күншығыстан туады дейді жұрт. Жұлдыздардың қозғалысын толығырақ сипаттаған сөз бәлки мынау болар: басқа жұлдыздардың бәрі айниды, айналады, туады, батады, кейбіреуі ағып кетеді, ал Темірқазық өмірі айнымайды. Темірқазықтың қозғалмайтынын ел Темірқазық жылжымайды, қозғалмай тұрады, аумайды, туған жерінде батады, айнымайды, өмірі айналмайды, қимылдамайды, көшпейді, жүрмейді деп өрнектейді. Елдің айтуынша, Темірқазық жұлдызы батыста да емес, шығыста да емес, екі аралығында. Темірқазық үлкен де емес, кіші де емес жұлдыз (оның жұлдыздық шамасы +0,5). Ел де Темірқазықты аспаннан Жетіқарақшы бойынша табады, бірақ астрономиялық әдебиеттегідей Жетіқарақшының екі шеткі жұлдыздары арқылы ойша түзу жүргізіп барып таппайды, Жетіқарақшының айналатыны, ал оның айналу қазығы Темірқазық екенін ескере отырып табады. Өйткені Жетіқарақшы Темірқазықты айналып жүреді деген аңызды елдің бәрі біледі. - Негізгісі Жетіқарақшы, сол арқылы Темірқазықты табамыз дейді малшылар. Астрономия сабағында Темірқазық деген аттың қалай қойылғанын түсіндіре келе, мұғалім, әрине, бүкіл аспанның, соның ішінде Жетіқарақшының Темірқазықты айналуы тек Жердің өз осінен айналуының салдары екенін, Темірқазықтың қозғалмай тұруы алдамшы құбылыс екенін түсіндіреді. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 16 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |