Аспанға қараймын...
04/03/2025, 00:29

ТЕМІРҚАЗЫҚ

Темірқазық ауыздан түспейтін соншама әйгілі жұлдыз болғандықтан, қожа-молдалар оған жармасып, өз мүдделерін көздеп, онымен дін беделін арттыру үшін пайдаланбақ болды.

- Жортуылшылар бұрын, қыс болсын, жаз болсын, ең адастырмайтын жұлдыз Темірқазық дейтін. Өлген кісінің басын қазақ Темірқазыққа қаратып, жүзін құбылаға қаратып қояды.

- Темірқазық дәл Қағбаның үстінде тұрады дегенді молдадан естідім деп әңгімелейді бағзы біреулер.

- Темірқазық қыста да, жазда да аумайды, бір орнында тұрады дейміз. Бірақ бұл жеріне қарай қолданылады: оңтүстікке қарай жүрген сайын ол төмендей беретін көрінеді. Темірқазық Қағбатолланың үстінде тұрады деп еді молда. Онысы бекер екен. Меккеге барғанда әдейі байқады. Темірқазық қайта біздің жердегіге қарағанда көп төмен, көкжиектен найза бойы ғана жоғары тұр. Көзбен көріп, қолға ұстағандай дәл сөз осы. Мұны айтып отырған қайда жүрсе де бір көзі аспанда жүрген зерек жан.

Мал бабы үшін кең сахарада күні-түні демей, ұдайы көшіп-қонып әдеттенген халықтың бұрынғы өмірінде Темірқазық ерекше қастерлейтін жұлдыз болды.

Темірқазық жастанбай,

Қу толағай бастанбай...

Ерлердің ісі бітер ме?

деп, өлең сөздің үздік жорғасы, өжет Махамбет ел үшін азап шеккен адал ерлердің ауыр михнатын бес-алты-ақ сөзбен келістіре, кенелте суреттейді.

Өлген кісінің басын Темірқазыққа қаратып қою ескіден келе жатқан салт. Қазақтың мұнысы әлдеқалай ұстала қалған осал салт емес. Күллі жұлдыздардың тұтқасы сияқты, көрер көзге тапжылмай тұратын Темірқазық жұлдызы адамның сәбилік сатыдағы сана-сезіміне мықты әсер етті. Ендеше, өліктің бас ағзасын соған бейімдеп қою – табиғи нәрсе, мұнда бейсауаттық жоқ. Ал өліктің бетін, малдың бауыздауын «оңға» - құбылаға (Мекке, Мединеге) қарату кейінірек, - мұсылман дінінің ықпалымен енген әдет.

Оңтүстікке бет алып, Аравиядан да әрі өтіп, Жер экваторына (Орталық Африкаға) барсақ, Темірқазық дәл көкжиектен көрінер еді. Ал Жердің нақ солтүстік полюсіне барсақ, ол тастөбеге келеді. Сөйтіп Темірқазық Қағбатолланың емес, Жердің терістік полюсінің үстінде тұрады.

Дүниедегі тамаша қисынды заңдылықтарды адам бірте-бірте шешіп, табиғаттың сырын ашып, оны билеп-төстеп меңгере бастады. Темірқазықты нақ маңдайға келтіргенде адаспай солтүстікке тура тартамыз. Егер қолымызда Темірқазық қанша жоғарылайтынын көрсететін бұрыш өлшейтін аспап болса, біз сонда неше километр жол жүргенімізді де біліп отырар едік. Өйткені біз 111 километрдей жүргенде Темірқазық 1 градустай жоғарылайды. Осындай ережеге сүйеніп, аспандағы жұлдыздың орнын өлшеу арқылы Жер шарының үлкендігін есептеп шығарады. Темірқазықтың астрономиялық бақылаулар үшін де маңызы үлкен.

Аспанның тап ортасы Темірқазық

--------------------------------------------

Артыма хикая қылып, қалдырайын,

Қолыма қалам алып, қағаз жазып.

(М.Ж.Көпеев)

(жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 34 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: