Аспанға қараймын...
24/02/2025, 11:34

ТЕМІРҚАЗЫҚ

Шынжырлап ақбозат пен Көкбозатты,

Жылжымай Темірқазық мүлгіп қапты.

Қарақшы жеті бірдей торауылдап,

Бар жұлдыз жымың қағып, бірін бақты.

Асқар Тоқмағанбетов

Темырқазық аумаса...

Қазақ атаулының күллісіне мәшһүр Темірқазық жұлдызы ғылым тілінде Кіші Аюдағы дейтін жұлдыз. Дүние полюсіне жақын тұрғандықтан оны көбінесе «Полярная звезда» деп атайды. Арабша-орысша сөздіктен оның арабша аты Құтыб екенін көреміз. Қырғыз, түрікпен сияқты түркі тілдес халықтардың бәрі де оны Темірқазық дейді. Сөйтсе де бір қызық ерекшелік бар: Алматы маңындағы елдер оны Алтынқазық (не Жалғызқазық) дейді.

Барлық жұлдыздардың тәулік сайын қозғалатыны, ал Темірқазықтың көрер көзге қозғалмайтыны халыққа ежелден белгілі болып, ол арқылы адамдар жер тараптарын – «дүниенің төрт бұрышын» айыратын болған. Өйткені Темірқазық аспанның солүтстігінде болады да, әрдайым дүниенің солтүстігін көрсетіп тұрады. Міне, сондықтан халық солтүстік (терістік) жақ дегеннің орнына Темірқазық жақ деп те атайды. Солай деп айтқанда, әлбетте әрі дәл, әрі ақындардың:

Ай бетінен кіреді,

Күн бетінен шығады, -

деп кестелегені тәрізді, сөз шырынды болып шығады. Ал, бұрын тілімізде (шежіре мәліметіне қарағанда) солтүстік не терістік дегеннің орнына көбінесе Темірқазық жақ деп айтылып жүрген сияқты.

Киіз үйлі қазақтың үйін дауылға жықтырмай, көгендегі қозысын, желідегі құлынын, арқандаулы атын бейсауат жібермей ұстап тұратын мықты қазықтың тұрмыста керектігі соншама еді. Ертедегі қазақ тұрмысында түнгі жүріс көп-ақ-ты. Қағулы қазықтай жылжымай тұрып алып, сарпылтаң жүрістерде адастырмайтын жұлдыздың маңызы төтенше күшті болды. Ендеше, елдің ой-өрісінде, салт-санасында ол бекем орнықты. Ақындар оның мызғымайтынын, адастырмайтынын сипаттады. Сондай ақындық сөдердің мысалдары мынадай:

Түн жақтан қолын былғап Темірқазық,

Аймағын қалмасын деп жолдан жазып.

(С.Торайғыров)

Темірқазық аумаса,

Тас бұршақтай жаумаса,

Ағаң бір келер өлмесе...

(Ауыз әдебиетінен).

«Темірқазық аумаса...» дегеннің өзі мірдің оғындай өткір сөз; бұл қатерлі, ұзақ жолдан аман қайтудың серті, адаспай келудің шарты. Бұл, сірә, аласапыран, жорық кездерінде көп айтылған сөздің мәтелі болса керек.

Ойнақы өлеңдердің де әудемесі Темірқазықпен басталып, аяқталуы баяғы көкейтесті өмірлік ынтамен тынады.

Әуеде бір жұлдыз бар Темірқазық,

Бәйгіден ат келеді баурын жазып.

Көтеріп тамағыңнан бір сүйгізсең,

Болады он екі айға біздерге азық.

немесе:

Аспанда бір жұлдыз бар темірқазық,

Бәйгіден келген аттың бауры жазық

Бетінен ғашық жардың сүйіп алсаң,

Жеріңе алты айшылық болады азық,

деседі.

Осы бір ауыз өлең арасы екі-үш мың километр келетін Қазақстанның батысынан шығысына шейін тарапты. Сонда оның мазмұны не десеңізші? Жұлдыз, ат, әйел. Алғашқы екеуі, ұйқастық үшін алынған. Бірақ оған да ауызға не түссе, соны ала бермейді ғой.

Ойлап қарасақ, Темірқазық атын ел не түрлі кәдеге жаратқанын көреміз. Темірқазық деп аталған жерлер бар. Мысалы, Қостанай облысындағы халық ақыны Омар Шипиннің ауылы тұрған жердің аты Темірқазық. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 18 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: