Аспанға қараймын...
17/02/2025, 23:06

ГЕЛИОГЕОФИЗИКА

Күн бетіндегі дақтардың, оталыстардың, жалын шудаларының саны бірде азайып, бірде көбейеді. Орта есеппен 11 жыл сайын дақтар, оталыстар көбейіп отырады. Оны Күннің әрекет-қимылы күшейген (максимум) жылдар дейді. Мұндай кезде Күннен тарайтын радиация (ультракүлгін сәуле, электрон, протон ағыны) күшейетіні анықталған.

Күннен тараған әлгі радиация Жерді қоршаған ауаға әсерін тигізеді. Осылай көктегі мен жердегінің арасында септестік бар болып шығады. Нөсер жауындардың, полярлық шұғылалардың саны, магнит тілінің ұйытқуы, радиотолқындардың таралуы сияқты жер бетіндегі бірсыпыра геофизикалық құбылыстар да дүркін-дүркін өзгеріп, әлгі Күннің әрекет-қимылы күшейген жылдар сонымен сабақтасып, бұлардың өзгерістері де күшейе түседі. Бағзы бір ғалымдар жер бетіндегі жылы және суық ауа массаларының жылысып, алмасуы да Күннің әрекет-қимылының күшеюімен ұштасады деген пікірді айтады.

Ғалыдмар мұқият зерттеп, жердегі көп құбылыстарда қайталаушылық (периодтілік) бар екенін және олардың Күннің әрекет-қимылымен сабақтас екенін дәлелдеді.

Қазақ даласында да ірі жұттар 12 жыл сайын қайталап, айта қалғандай, бірнеше рет Қоян жылдарда болып отырғаны мәлім. Жұттар мен Күннің әрекет-қимылының, өзгерісінің арасында іліктестік жоқ па екен деген мәселе де көңіл бөлуге тұрарлық. Бірақ жұттар қай жылдарда болғаны жайлы біздегі бар мәлімет, соңғы 150 жыл ішін ғана қамти алады.

Елді түгел не жартылай жұтқа шалдықтырған жылдар мыналар екен: 1811/12, 1826/27, 1827/28, 1829/30, 1838/39, 1844/45, 1847/48, 1848/49, 1853/54, 1867/68 (Жалпаққоян), 1873/74, 1875/46, 1879/80 (Үлкенқоян), 1884, 1888/89, 1891/92 (Кішіқоян), 1893 (Торғай уезінде желтоқсанда қалың жауын жауған), 1894 (Қарқаралы уезінде желтоқсанда күшті жаңбыр жауған), 1897/98 1902/03, 1907/08, 1911/12, 1915/16 (Тақырқоян не Аққоян), 1916/17, 1918/19, 1919/20, 1920/21, 1924/25, 1926/27 (көкқоян), 1927/28.

Қыс күндері қар еріп, жаңбыр жауып, арты аяз болса, жайылымды мұз ұстап, тебін малы шөп алып жей алмайды. Қырғын жұттардың болу себебі көбінесе «мұз» жауудан. Мұны «Көкқоян» деген аттың өзі-ақ білдіріп тұр. «Көкқоян» жұттар бірнеше рет болған. Жаз құрғақшылық болып, шөп шықпай қалған жылдар да жұтқа ұрындырады. «Тақырқоян», «Тақыртауық» деген аттар осыдан шыққан.

Қалың қар, қатты боран, қыс аяғының созылуы, міне, осының бәрі де тебін малына жайлы тимейді.

Ал, енді көктегі Күн бетінде болып тұратын құбылысқа келейік. Күн дақтарының өршитін жылдарының арасы (мүшелі циклы) тапжылмай 11 жылдан болып отырмайды. Тетелес екі өршу аралығы 7 жылдан 14 жылға дейін созылып та кетеді.

200 жыл ішіндегі максимум мен минимумдер (дақтардың ең азайған кездері) мына жылдарда болыпты.

Өршулер: 1750, 1761, 1769, 1778, 1787, 1804, 1816, 1830, 1837, 1848, 1860, 1870, 1883, 1893, 1905, 1917, 1928, 1937, 1947, 1958.

Бәсеңдеулер: 1755, 1766, 1775, 1784, 1798, 1810, 1823, 1833, 1843, 1856, 1867, 1878, 1889, 1901, 1913, 1923, 1933, 1944.

Салыстырып қарасақ, 1811 мен 1927 жылдар арасында 30 рет болған жұттардың жартысындайы (дәлірек айтсақ, 13-і( Күн әрекет-қимылының максимумына не максимум қарсаңына дөп келіп отырыпты, ал 8-і минимумге не минимум қарсаңына, 9-ы әрі-сәрі болып, максимум мен минимум жылдарының аралығына келген. Осы қолдағы бар аз ғана мәліметтің өзіне сүйене отырып-ақ мынадай қорытынды жасауға болады. Жұттар Күн әрекет-қимылының ылғи максимумына тура келмейді, минимумге де, екі аралығына да сай келеді, сөйтсе де максимумге көбірек келген. Желтоқсанда жаңбыр жауып жұтатқан екі жылдың біреуі (1893 жылғысы) максимумге, енді біреуі (1894 жылғысы) максимум қарсаңына тура келген. 1958 жылғы максимум кезінде Қарағанды болысының Қу ауданында 27 мамырда қар жауды.

Ендеше, осы қорытындымыз қалың қарды, күшті жауынды, қатты желдерді ілестіре жүретін ауа массаларының алмасуы (циклон) және суық ауа массаларының жылысуы, Күннің әрекет-қимылының күшеюіне тәуелді деген пікірлермен жуысады.

Сөйтіп, ауа райын дұрыс болжаудың бір басты шарты Күн бетіндегі дақтардың санын бақылау.

Гелиогеофизика мен климатология ғылымдары брлесе отырып ауа райының болжамын қазірдің өзінде бірсыдырғы дұрыс айтып бере алады.

Ауыл шаруашылығының маусымдық жұмыстарын жоспарлауда, авиацияда ауа райының дұрыс болжамын білу келелі мәселе.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 11 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: