Аспанға қараймын...
11/02/2025, 14:50

МАРС

Шағырма жұлдыз, шарт аяз

Марс өзі жарық шығармайтын суыған планета. Марстың қызыл жарығы, айта берсек, тіпті оның өзіне меншікті емес, қызыл сәуле марс бетінен шағылған Күн сәулелері. Марс бетінің көп жерінің түсі қызғылт сары. Е.Л.Криновтың зерттеуі бойынша, Қазақстандағы Қызылқұм шөлі жарық сәулесін қалай шағылыстыратын болса, Марстың әлгі жерлері де дәл осылай шағылдырады. Ендеше Марс бетінің дені (5/6 бөлігі) құмайт шөл болу керек. Мрас Жермен салыстырғанда Күннен 1,5 еседей қашығырақ болғандықтан жылу мен жарықты екі еседей кем алады. Оның үстіне Марстың атмосферасы тым сирек (жұқа). Сөйтіп, нағыз қызылшұнақ үскірік Марстың өз бетінде. Бұл дәйектелген жайт. Ал, Марстың ызғарлы ауа райында күнелтетін тіршілік бола ма деу, әзірше шешілмеген даулы мәселе. Қанқызыл түсіне қарап, ертеде (Рим мифологиясы бойынша) оған Марс (соғыс құдайы) деп ат қойған еді. Ғалымдардың бірқатары Марстың дамуы ерте басталып, ол атмосфера мен ылғалдан атсырап, қожыраған планета деп ойлайды. «Соғыс құдайының», сірә, кенеуі кетіп, қартайған шағы болу керек.

 

ГЕЛИОГЕОФИЗИКА

Күн (гелио) мен Жер (гео) физикасы – жас ғылым саласы. Жер бетіндегі геофизика құбылыстары мен Күннің әрекет қимылының згерістері арасындағы байланысты зерттейді. Жердегі барлық қозғалыстың түпкілікті көзі Күн. Ауа райының өзгерістері де Күннің әрекет қимылының өзгерістерімен септеседі деген болжамды жақтаушы ғалымдар көп.

Ауа райы дегенді қазақ арасында көбінесе «күн» деп сөйлейді. Күн қандай, күн жауын, күн суық, күн жылы, күн боран дегендей сөздердің бәрінде де «күн» қабатталып жүруі түп негізінде шындықпен қабысады: ауа райының күйі Күннің қимылымен сабақтас.

Мал шаруасымен шұғылданан қазақ халқының отырса-тұрса есінен кетпей, білгісі келіп құштарланатыны ертеңгі күн, осы ай, осы қыс қандай болып өтер екен дегендей жаңға батарлық мәселелер болатын.

Ауа райының өзгерістерінің (жылы ауа мен суық ауаның алмасуының) себептері тым күрделі. Оған тұлқатын да, Сарыжұлдыз да, Қызылжұлдыз да кінәлі емес.

Күнді болжап дәл айтып беру, осы кездегі ғылымның барлық табыстарына сүйенгеннің өзінде де оңай емес. Ол үшін көктегі Күн мен Жердегі ауада болатын өте көп құбылыстардың басын қоса отырып, оларды ұштастырып, салғастырып барып қорытындылар жасалады.

Күннің ғаламат күрделі сипаттарының сырын ашу (яғни Күн физикасын білу) деген ғалымдар үшін түбегейлі мәселе. Күн бізден орасан (150 млн км) қашықта тұрса да, сәулесі тік түсіп тұрғанда оның ыстығы өтіп бара жатады. Жақындаған сайын ыстық, әрине, күшейе береді. Күн бетінің температурасы 6000 градус екені анықталды. Ал оның ішінде есеп бойынша, 25-30 млн градус ыстық болу керек. Осындай керемет ыстықта Күн ішінде ядролық процестер жүріп, атомдық энергия бөлініп шығып жатады. Күннің телегей теңіз жарығы мен жылуының сарқылмас көзі осында.

Астан-кестен сапырылысып қайнап жатқан плазмалық мұхитты ұшығына жетіп суреттеуге кімнің тілі жетсін! Сөйтсе де ғалымдар Күн бетінде байқалатын өзгерістерде заңдылық бар екенін ашты. Күйелеген әйнекпен жай көзбен-ақ қарап, кейде Күн бетінде қарауытқан кішкене дақтарды көруге болады. Бір ірі дақтардың көрінуін 1371 жылы орыс шежірешілері жазып кеткен. Зерттеп қарағанда, көбінесе осы дақтардың төңірегінен самаладай жарық (оталыс( көрініп және Күн бетінің әр жерінен жалын шудалары (протуберанцтар) ұдайы атылып шығып тұратыны байқалады. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 16 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: