Аспанға қараймын...
04/02/2025, 13:12

ЕСЕКҚЫРҒАН

Есекқырған (Сарыжұлдыз)

Шығыстан өрлеп келе жатқан Сарыжұлдыз төмендер ме екен деп үміттеніп, қыстан қысылып, екі көзі төрт болып, қайта-қайта көкке қарап жүрген шаруа бір күні күнбатыстан шатынап шыққан тағы бір жарық жұлдызды (Тұлқатынды) көрді. Мәссаған! Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты! Бірі мағырыптан, бірі машырақтан келсең кел дегендей айбат шегіседі. Қайтер екен? Әлде екеуі тоғысып тоқайласа ма? Ақжұлдыз бен (Шолпанмен) Сарыжұлдыздың қарсыласуы немен тынар екен деп, енді шаруаның назары осыған аударылып, ойы бөлінді. Арада екі-үш ай өтті. Элонгациясына жетіп, Шолпан батысқа қарай қайта оралып, төмендеді. Осы қарсаңда жаз да ертерек шығуға айналып, күн де жылына бастады.

«Кей жылдар күздігүні күншығыстан Сарыжұлдыз, күнбатыстан бір ақжұлдыз туып, бара-бара екеуі түйісіп, айқасады. Егер Сарыжұлдыз жеңіп, Ақжұлдыз кейін қайтса, қыс жақсы болады екен» деп өзінше қорытынды жасайды шаруа.

Ел арасында осылай Есекқырған мен Шолпанды қатыстырып, бұлар екі ғашық екен, екеуі бір-біріне жақындаған жылы қыс қатты болады деп ертек те ойлап шығарды.

 

МАРС

Шағырма жұлдыз, шарт аяз

Әредік жылдар қызыл шұнақ аязбен бірге шығыстан бір қызылжұлдыз көтерілді. Өзі лапылдаған оттай қып-қызыл болып өңменіңнен өтіп бара жатады. Осы қызыл түсіне қарап Марс планетасын қазақ халқы Қызылжұлдыз деп атады.

«Қызылжұлдыз жоғарыласа, қыс қатты болып кетеді. Ол шарықтағанда суық күшейетіндіктен оны солай (Қызылжұлдыз) деп атаған. Шағырма жұлдыз, шарт аяз» деп содан айтқан.

«1956 жылы қыстыгүні Қызылжұлдыз Торайғырдың дәл басынан туып, қыс қатты болды» дейді Жалаңашта тұратын біреулер. Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан: тіпті жұт болмаса да Қызылжұлдыз туғандықтан «Қыс қатты» болды деседі.

Елдің Марсты ұнатпауының бір себебі оның қанталағандай қызыл түсі және ол қайсыбір жылдар жерге ұрымтал келген кездерде шоқтай жайнап, қызыл іңірден туады да, күннен-күнге көкке өрлей береді.

Марстың осындай ұрымтал келуі екі жыл (дәлірек айтқанда 2 жыл 50 күн) сайын қайталанады. Әсіресе Марстың 15-17 жыл сайын қайталайтын күнге қарсы ұлы тұрысы дейтін кездерінде, ол Жерге өте-мөте ұрымтал келеді де, көзге шыққан сүйелдей қараңғы аспанда өзгеден алабөтен жалтылдайды.

Мұндай кезде Қызылжұлдыздың жалтырауы Есекқырғаннан артып, Шолпанмен бәсекелеседі. Марстың осындай ұлы қарсы тұрысы 1877, 1892, 1909, 1924, 1939, 1956 жылдары болды да, ылғи шілде-қыркүйек айларының арасына келді. Мысалы, 1956 жылы 4 қыркүйекте ол Жерге 56,6 миллион километр жуықтады. Күз басынан ымырт жабыла шығыста туған Қызылжұлдыз қысқа қарай жоғары өрлей берді.
Іңірде далаға шыққан адамның қайсысы болса да Шолпандай жалтылдаған Қызылжұлдызға бір сұқтанбай қоймады. Марстың келешекте осындай ұрымтал келуі әлі бола береді.

Осылай Қызылжұлдыз суықты ала жүреді деп елдің оған жаманат тағуына оның қанқызыл түсі және күзде төмен тұрып, суық түсе шарықтап көтеріле беруі себеп болды. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 11 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: