Аспанға қараймын...
21/01/2025, 10:46

ЕСЕКҚЫРҒАН

Юпитер (Есекқырған), Марс (Қызыл жұлдыз)... қазақтарға жақсы таныс.

Қазақ КСР тарихынан

Есекқырған (Сарыжұлдыз)

Ертедегі халықтардың аспан шырақтарына қойған аттарының ішінде Арыстан, Аю, Тоқты, Торпақ, Ат, Сілеусін деген сияқты бірқыдыру түз және үй хайуандарының аттары бар. Бірақ олардың ішінде жайшылықта қыңыр, ақымақ дегендей эпитеттер қосылып айтылатын есек аты жоқ. Бойшаң болса да түйе аты жоқ.

Аспан шырғаына қырсау есек атының қатысуын қазақ арасынан кездестіреміз. Дегенмен мұнда да есек байғұстың осалдығынан басқа мардымды ештеңеге жарымаймыз. Тауар тиеулі шаналарға есек жеккен керуен неше күн үдере көшіп, жолдағы бекетке келіп қонды. Нарқы жоғары тауарды базарға тезірек жеткізсем деп жанталасқан көпес күзетшіге: «Шолпан туа оят, ертерек жүреміз», - деп бұйрық беріп жатып қалады.

Ұйқылы-ояу қалғып отырған күзетші бір кезде күншығыстан туып келе жатқан жарық жұлдызды көріп «Шолпан туып қалыпты, тұрыңдар» деп керуеншілерді оятады.

Таң жақын деп керуен жолға түсіп тартып береді. Бірақ таң атпайды, оның үстіне борасын көтеріліп, күн суытады. Керуен жолдан адасады. Жылы қорадан шығып кеткен есектер суықтан (есек суықты көтермейді) қырылады. «Мен Шолпан екен десем, ол есекті қыруға шыққан жұлдыз екен ғой» депті аңқау күзетші. Осылай манағы жарық жұлдыз таң алдында туатын Шолпан емес, Есекқырған жұлдызы аталады.

Есекқырған деген аттың қалай шыққаны туралы осы аңызды бүкіл ел біледі, алайда оңтүстік жақтағы шөлге жақын елдер аңызды азырақ өзгертіп, керуен адасып, шөлге шығып кетіп, құдық таба алмай, есектер судан қырылыпты дейді.

Қасқырдан әбден запы болған елдер Шолпан туды деген оймен керуен есектерін жайылсын деп ағытып жіберсе, әлі жарым түн ғана екен, оларды қасқыр қырып кетіпті деп аңызды өзгертіп айтады.

Сөйтіп, Юпитердің кесірінен (дәлірек айтқанда адамдардың аңғырттығынан) бір заманда, бір жерде (суықтан, не сусыздықтан, не қасқырдан) есектер қырылған. Бәлки, Қазақстанның кең сахарасындағы, құс қанаты сөгілген дегендей, ұзақ жолдарды еске алсақ, есектер әлгіндей апаттың қайсысына болса да аз ұшырамаған болар.

Күн жүйесіндегі ең үлкен планета Юпитер көлем жағынан Жерден 1300 есе үлкен. Шолпаннан кейінгі ең жалтырауы күшті осы Юпитер. Әсіресе оның жалтырауы, ол Жерге ұрымтал, Күнге қарама-қарсы келген кездерінде (ол кезде Юпитер іңірде шығыстан туады) өте күшті болады. Ал оқтын-оқтын Күннің маңына (аржағына) барған кезде ол көрінбей қояды. Ел оны «жатып» алды дейді. Юпитер «қыдырма» жұлдыз болғандықтан іңірде де, түн ортасында да, таңға жақын да, қысқасы, түннің кез келген уақытында туа береді. Міне, сондықтан Юпитерді Шолпанмен оңай шатастырып алуға болады және ол аспанның шығысынан да, батысынан да, оңтүстігінен де, төбеге таяу жерден де, қысқасы, Күн жүретін жолдың кез келген жерінен көріне береді. Бірақ дәл төбеден не Темірқазық жақтан еш уақытта көрінбейді.

Сонымен, елдің Есекқырған дейтіні – Юпитер планетасы. Мұны Жарықжұлдыз, Сарыжұлдыз деп те атайды. Сарыжұлдыз дейтініміз Есекқырған деп түсіндіреді. Шынында Юпитердің ақшыл-сары түсі көзге ә дегеннен жарқырап түседі де, осы белгісі бойынша ол елдің бәріне әйгілі.

Есекқырғанның сыр-сипаты, жүріс-тұрысы жайында ел сөзін келтірейік.

- Есекқырған сары (сарғыштау) жұлдыз, ол Темірқазықты айналып жүрмейді, оның бір жатып қалатын кезі болады. Шолпан жақтан, күншығыстан туған Сарыжұлдыз күннің батысына қарай өтіп, жоғалып кетеді. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 42 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: