30/12/2024, 16:29 | |
ШОЛПАН Тұлқатын Шолпанның жаз айларында таң алдында туғанын ел ұнатып, «жарқырап Шолпан туып, жер шыртап, торғай шырылдап, қой қоздап, түйе боздап тұрады» деп оны қатты аңсайды. Ал мұндай мерзім, яғни Шолпанның ала жаздай туып жүруі 8 жылда ғана бір қайталап отырады (1825, 1833...1905, 1913...1953,1961...). Тебінмен күнелтетін мал үшін қаңтар-ақпан (әсіресе ақпан) ең қауіпті айлар. Ал, ақпанда іңірде Шолпан элонгация (күннен алшақ кеткен) кезінде алабөтен шақшияды. Ендеше, ел оны жек көрмей қйсын ба? Осылай қысқы кеште туған Шолпанға Тұлқатын, Шағыр жұлдыз деп халық өзіне тән түйреуі ат қойған.\шолпан жолы эклиптикаға жуық. Ал қыс аяғына қарай іңірде эклиптика аспанда тігірек тұрады. Міне, сондықтан кешкітұрым батыста Шолпан элонгация кезінде күн санап өрлеп, қыстың қараңғы аспанында ерекше шақшияды. Ал, жаз, күз айларында іңірде Шолпан төмендеп жүреді. Елдің Тұлқатын туып, өрлей берсе, қыс қатая береді дегені қысыр сөз емес. Бірақ күннің суытуына Шолпан кінәлі емес, қысқа қарай батыста болған Шолпан өрлемей (шақшимай) тұра алмайды. Оның жолы солай. Қысқы қиыншылықты, әсіресе жұтты пайдаланып саудагерлер нарықты одан бетер көтереді. Сол кезде батыста шатынап көтерілетін Шолпан аңқау елдің аузында Нарық жұлдызы болып та аталды. Шолпан қыс айларында іңірде талай жылдарда туып жүрген. Асылы, тағы сол араға 8 жыл тастап келіп отырады. Ендеше, Шолпанның қыс іңірде туу мерзімі қазақтың көп жұттарының біріне әлдеқалай дәл келіп отырған. Белгілі деректерге қарағанда, 1826/27 мен 1927/28 жылдардың екі арасындағы жүз жыл ішінде Қазақстан жерінде 24 рет есте қаларлық жұт болыпты. Есептеп, салғастырып қарасақ, соның 19-ында Шолпан қыс айларында іңірде көрінген. Ал 1867/68, 1879/80, 1891/92 жылдардағы атышулы Қоян жылдарында Шолпан күзден бастап алты ай қыс бойы қызыл іңірден шатынап, қаңтар-ақпан айларында одан бетер шақырайып туып отырған. Алайда, жұттың себебі тұлқатын тууында емес. Егер мал қыстай жылы қорада жемді тоя жеп тұрса, жұтқа шалдықтыратын жалтыр мұз, қатты боран, қалың қар не істемекші? Шолпанның қыстыгүні іңірде тууы құбылысы тек қазақ даласында ғана емес, сонымен қатар солтүстік жарты шардағы жерлердің баршасында да байқалады. Ендеше, оның әсері елден алабөтен тек қазақ жеріндегі ауа райына ғана тиеді деуге болмайды. Ал, бүкіл Жер бетіндегі ауа мен Шолпан арасында елерліктей септестік жоқ.
Шолпан пердесі ашылады Ертеде Еуропа елдерінде Шолпан «махаббаттың құдайы» деп мадақталыпты. Қазақ ортасында ол жаз таң алдында туса жақсы көрініп, «Айдың қызы» деп айдар тағылып, ат қойылып, ал суықта (батыста) туса жексұрын көрініп Тұлқатын аталынды. Енді Шолпан «жұлдызы» әлемдік зымырандардың өркендеген дуәірінде жаппай ауызға ілігіп, оған деген ынта кімде болса да мейлінше күшейіп отыр. Ғалымдардың анықтауына қарағанда, Шолпан үлкендігі Жер шарына таяу, қою атмосферамен қоршалған, өз алдына бір мол дүние көрінеді. Сұлу Шолпанда қандай құпия сырлар бар екені әзір беймәлім, өйткені ол өз бетін ақ пердемен (атмосферасымен) бүркеп, бізге көрсетпей тұр. Шолпан Жердің Күн жағындағы, ал Марс (Қызыл жұлдыз) сырт жағындағы (от жағындағы, ірге жағындағы деген тәрізді) көршілері. Ұрымтал келген кездерінде Шолпан Жерге 42 млн, ал Марс 56 млн километрдей жуықтайды. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 7 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |