Аспанға қараймын...
23/12/2024, 11:56

ШОЛПАН

Тұлқатын

Шынында, тамылжыған жаз айларында таң салқынымен малды жайлауға беттетіп бара жатқанда сарала шапақпен араласа туатын әсем Шолпан мен ызғарлы Тұлқатынның екеуі бір «жұлдыз» деп ойлауға көңіл соқпайды. Екеуінің көріну жағдайындағы кереғарлық, сондай күшті: біреуі әрі қараңғы, әрі суық түнге қарай, енді біреуі әрі жылы, әрі жарық күндізге қарай көрінеді.

Шолпанның тумай «жатып қалуын», әсіресе оның батыстан туып, өрлей беруін ел жек көреді. Бұл қыстың жаман болуының нышаны деп сенеді. Алайда, бағзылар қара қазан, жас баланың қамы үшін жазбай жұлдыз қарап, оны «түгендеп» жүріп, Шолпан жайын дұрыс бағдарлаған.

Сөзді ел адамдарының өзіне берейік.

- Шолпан кейде таң алдында тумайды, бірақ шағыр жұлдыз болып, іңірде батыстан туады. Бір тәжірибелі адам, осы өзіміздің Шолпан, ол не мынадан (шығыстан), не мынадан (батыстан) туады, - деп еді.

- Күннің шығысынан таңмен аралас Шолпан туатын жылдары шөп, егін жақсы шығады, береке болады. Ал, Шолпан Күннен кешеуілдеп, Күн батқаннан кейін батыстан көрініп, шақырайып көтеріле берсе, сол кезде оны Тұлқатын дейді.

- Қыс жақсы болатын жылы Шолпан күншығыстан туады, қыс жаман болатын жылы айналып барып күнбатыстан Тұлқатын болып туады. Егер ол жоғары шалқая берсе, қыс қатты, уыты да уытты болады.

- Шолпан таң алдында тумаған кезде, ол күнбатыстан Тұлқатын болып туады, өйткені Тұлқатын туған кезде таң алдындв Шолпан тумайды. Тұлқатын шағыр болып туады, жаманшылық боларда өрлей береді.

- Күннің батысынан туатын бір жарық жұлдыз бар. Оның жоғарылай бергенін жақсы ырым етпейді. Сәмен деген бір қария, Сәменді құртам-құртам деп, намаздігер болмай тғанын қарашы деп, күйіп-пісіп жұлдызды балағаттапты. Енді біреу – сен де Құдайдың мақұлығы, мен де Құдайдың мақұлығы, енді неңді аласың, алар қойды алдың деп таяғын лақтырыпты жұт жылы. Міне, осы Тұлқатын туғанда жұт болады деп жақтырмай, күйсін деп оған қидың шоғын лақтыратындар болған. Жалмауыздай жалаңдап, ол жалғыз туса, қыс қатты болады деседі.

- Шолпан үнемі тумайды, қадау-қадау жылдар туады. Олпан бата да жүреді, туа да жүреді деген бұрынғылардың сөзі бар. Шолпан қыдырма жұлдыз. Ол Тұлқатын деп те есептелетін, бірақ оның екеуі бір-ақ жұлдыз.

Осы соңғысы артық-кемі жоқ «кітап сөзіндей» дәмді. Шолпан қыдырма жұлдыз деген бір ауыз сөздің өзі бәрін түсіндіреді. Шолпан жылдың қай мезгілінде болса да, не таң ата күншығыста, не кеш бата күнбатыста туа береді.

Ал кейде Шолпан орағытып Күннің аржағымен, не бержағымен өтеді де, Күн жарығына шомылып, бізге едуір уақыт (кейде 5-6 ай) көрінбей қалады, ел мұны Шолпаг «жатып қалды» дейді. Шолпан мен Жердің ара қашықтығы әлгіндегідей өзгеріп отыратын болғандықтан, ол бірде «аш» (кішкене болып), ал бірде Айдай жарқырап туады.

Шолпанның Күнді айналуының синодтық кезеңі дейтіні 584 тәулік. Осы мерзім ішінде Шолпан екі рет көрінбей («тумай») қалады. Яғни бір жатып қалуы мен келесі жатып қалуының арасы орта есеппен 9 ай 20 күн. Көрер көзге Шолпан жүрісінде мынадай төрт мерзім кезек-кезек алмасып отырады: таң алдында тууы, жатып қалуы, іңірде тууы, тағы жатып қалуы. Осы мерзімнің әрқайсысы орта есеппен 4-5 айға созылады және жылдың әр мезгіліне ауысып келіп отырады. (жалғасы бар)   

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 8 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: