17/12/2024, 11:50 | |
ШОЛПАН Шолпан құбыла жүреді Сыр мінез болғандар Шолпан сипатын жаттап алғандай ұқсата айтып береді. Шолпан үлкен бадырайған аппақ жұлдыз, жерге жарық түсіреді. Күннің алдында Күн шыққан жерден шығады. Ол кейде батып, көрінбей кетеді. Шолпан өзгеден бөлек, жарқыраған асыл жұлдыз, жарығы кішігірім Айдай. Ол туғанда мал жусап тұрады. Ол бірде аш, бірде тоқ болып туады. Бірде шопандардың аспа шамына ұқсап жарқырап, ал бірде нәзікбастау болып туады. Оның толымдысы (тоқ туғаны) жақсы. Кейде ана (өзге) жұлдыздан айырылмай қалады, онда шөп нашар шығады. Ол кейде тумай жатып қалады. Ол жайнап туғанда жарық бола бастады деп егіншілер егінге, малшылар малына кетеді. «Шолпан құбылып, түрленіп жүреді. Кейбір уақта Айдай жалтырайды. Ол кешке таман да туады, сонан соң көрінбейді. Оны ертелі-кеш байқау керек. Кешке таман туғанда мынада болады» деп айтушы батысты нұсқады. «Шолпан тостағандай. Ол электр жарығы, машинаның көзі сияқты жарқырайды» дейді қазіргі аспан бақылаушылары. Еске түсіріп ойлап қараңыздаршы, күншығыста жарқырап тұрған Шолпанды электр лампасы екен деп немесе биік бағананың басындағы лампаны Шолпан екен деп қалғандарыңыз болған шығар?.. Шолпан туралы ел аузында осындай әңгіме көп. Сынап көрсек, Шолпанның сегіз қырлы сипатын халық дұрыс аңғарған тәрізді. Сөйтсе де Шолпанның күрделі қозғалысын, әсіресе оны «ертелі-кеш» бақылаған шопан ғана жете түсініп, алақанға салғандай, дәл айтып бере алады.
Тұлқатын Бірде шақшиып, бірде семіп (аш) туып, бірде тумай жатып қалып, кейде жаздыгүні таңсәріде, кейде іңірде қыстыгүні туып «түрлене жүретін» Шолпанды сарқа түсіну аспан сырын білмейтін кісіге оңай емес. Шолпанды қастерлеу, шөп шығымын оның «аш, тоқ» тууына апарып таңып, ырым ету, оның көп қырлы көрінісінің мәнісін түсінбегендіктен шықты. Шолпан таң алдында туғанда биылғы жыл жақсы болып өтеді деп ұнатып, қариялар «биыл жұлдыз түгел», халыққа жақсылық болады деп үміттенеді. Назар аударатын бір жәйт мынау. Бірсыпыра адам Шолпан тек таң алдында ғана туады деп шалағай ойлайды. Олар іңірде туған Шолпанды басқа жұлдыз деп шатасып, оны не «Жарық жұлдыз», не Тұлқатын, не Нарық жұлдыз, не Зуһра жұлдыз деп атайды (соңғы екі ат сирек кездеседі). ...Ақпан, қаңтардың сықырлаған қызыл шұнақ аязы. Кешке жақын жайылымнан қайтқан малдардың, мал соңындағы адамдардың, жол бойындағы жүргінші-қалашылардың үсті-бастары аппақ қырау. Аяқтары шықыр-шықыр етеді. Ық боларлық тоғайы жоқ далада терістіктен соққан үскірік бет қаратпайды, қарып барады. Кеш бата аяз күшейіңкіреді. Күнбатыста бір жарық жұлдыз шатынап көзге түсе қойды. Түн қараңғы болған сайын жұлдыз жарығырақ болып көрінеді дейді халық. Қараңғы түсе күшейген суық қандай ер болса да, түздегі адамның жүрегін қобалжытпай қоймайды. Күннен-күнге суық күшейіп, аяз сорған арық мал өле бастайды. Қасарысқан аязбен бірге көз байлана шатынаған жұлдызды көргенде долы әйелдің шақырайған көзі еске түседі. Суықпен қасқабатталған жұлдыз елге ұнамайды. Әне, Тұлқатын долданып шықты дейді қысқы іңірде Шолпанды көргендер. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 11 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |