Аспанға қараймын...
10/12/2024, 10:36

ШОЛПАН

Шолпан Айдың қызы

Таң сәріден туған Шолпан, әсіресе жаз күндері, соншама жарасып тұрады. Шолпан түн қараңғысын жеңіп, дүние жүзіне нұрын шашып келе жатқан Күннің хабаршысы болғандықтан, қиялмен ертедегі адамдар оны Венера (ғашықтықтың құдайы) деп атады.

Қазақ ортасында да Күн мен Айдан кейінгі ең қадірлі шырақ таң Шолпаны. Ел аузында Ай Күнмен үзеңгілес жүретін болса, Шолпан Аймен тетелес келеді. Әйелдің көбі-ақ шолпан аталады.

Халық поэзиясының үлгілерін талдап қарасақ, Шолпанды мадақтау, асқан сұлуларды Аймен, Шолпанмен теңеу жиі ұшырайтынын көреміз. Дастанның бас кейіпкерлері әрі ақылды, әрі пысық тетелес екі сұлу – Айман мен Шолпан болды.

Шолпанның сипаттарын поэзиялық лебіздерден естігеніміз жөн болар.

Үркер Айдың жарығы, Шолпан қызы,

Қауыспенен қатады Сырдың мұзы,

Жамалыңа қарасам жан жетпейді,

Бір келбетің ұқсайды қордың қызы.

(Ел аузынан)

Ажарың ақ түлкідей қашқан құмнан,

Шолпандай таң алдында жалғыз туған

(Халық әнінен)

Таң мезгіл болғанда,

Шолпанның туған жұлдызы...

(Қыз-Жібек)

Таң сарғайып атқанда,

Шолпан жұлдыз батқанда...

Таң Шолпаны батқанда,

Қызарып Күн шыққанда.

(Қобыланды)

Шолпан серке сияқты таң алдында оқшауланып, жалғыз шығады. Шолпан жұлдыз серкесі. Ілгерідегі шумақтар Шолпанның таң алдында туып, Күн шығарда бататынын, оның өзге жұлдыздардың бәрінен жарық екенін білдіреді.

Шынында да фотометриялық дәл өлшеулер Күн мен Айдан кейінгі ең жарық аспан шырағы Шолпан екенін көрсетеді.

Күн шығуға жақындаған сайын оның жарығы жеңіп, бәсең жұлдыздардың бәрі тасаланып, тек «жалғыз туған» Шолпан ғана ерекше жарқырап тұрады. Сұлулығы өзгеше керім болып көрінген ғашығын дана ақын Шолпанның осы көрінісімен теңемей тұра ала ма?

Қазақ халқының Шолпанды «Айдың қызы» деп бейнелеуінің де сырт көрінісі жағынан алып бағалағанда жөні әбден келеді. Шолпанды дүрбімен (телескоппен) қарағаныңызда міні ғажап нәрсе. Көз алдыңызда кішкене Ай – «Айдың қызы» тұрған сияқты. Шолпан кейде жаңа туған Ай, кейде орталап қалған Ай, кейде толған Ай сияқты болып көрінеді. Әсіресе Шолпанның Күн мен Жердің екі арасына таман келетін (төменгі қосылысы деп аталатын) кезінде оны дүрбімен қарап жаңа туған Аймен салыстырып қарасаңыз, екеуінің бір-біріне тел қозыдай ұқсап, апалы-сіңлілі тәрізді, жарасып тұрғанын көресіз. Шолпанды дүрбімен қарап тұрғанда қазақтың «Шолпан Айдың қызы» дегені еріксіз еске түседі.

Сөйтсе де Шолпанда Айдан басқалау жат шырай сезіледі: Шолпанның орағының ұштары Ай мүйізінікінен ұзындау келеді және Шолпан бетінде Айдағыдай дақ байқалмайды.

Ал, енді, шын мәнісіне келетін болсақ, әрине, Шолпан Айдан көп үлкен. Шолпан көлем жағынан алғанда Жерден сәл ғана кіші планета (Күн серіктерінің бірі), ал Ай (Жердің серігі) Жерден 50 еседей кішірек.

Аймен салыстырғанда Шолпан Жерден көп шалғай: Жерге ең жақын келгеннің өзінде Шолпан Жерден 50 миллион километрдей, яғни Айдан 125 еседей қашықта, міне, сондықтан Шолпан жұлдыздай болып көрінеді.

Шолпанды серкеге ұқсату да ұнамды-ақ. Ұйқы-тұйқы боранда қой айдағанға көнбей, ұйлығып тұрып алған кезде шопанның «сек!», «сек!» деген айқайымен қалың қойдан одағайлап шыға сала, иүйізін шайқап, бақайларын сыртылдатып, жол бастай жөнелетін марқасқаға кім сүйсінбейді. Қой тоғытқанда да көсем серкелер суға тайсалмастан бұрын қойып кетеді. Қараңғы аспандағы пышыраған жұлдыздарға «таң мынау» деп жеке тұрған Шолпан сияқты әншейінде де қойдың алдында серке жүреді. (жалғасы бар)   

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 11 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: