27/03/2023, 07:29 | |
«ЖАМАНШЫЛЫҚТЫҢ ЖАҒАСЫ...» Абайдың қара сөзінде «жаманшылықтың жағасы» деген түсінік бар. Сонда «жаманшылық жағасы» деген не? Жаманшылықтан тыс тұрған адам бола ма екен? Тегі, болмас. Жаманшылық деген қалт етпей қырағылық көрсетуде. Сақ болмасаң ол жабыса түспек. Жаманшылық «демалыс» дегенді білмейді. Адам болса демалғанды ұнатады, жаманшылық осы демалыс сәтінде жабысып үлгермек. Жаманшылыққа қарсы тұратын нендей қуат? Абай оны адамның адамдығы дейді. Ол не? Адамдық қасиеттер – ұят, ар, намыс. Жамандықтың жағасы деген – жалған ғұмырға қатысты айтылған сөз. Адамдар періште емес, бұл дүние жұмақ емес. кім болса да жастайынан жамандықтың жағасында, сондықтан оларға тәрбие, білім, дін қажет. Олар – жамандықтан сақтаушылар, алайда адамдар жамандық жағасынан мүлдем алыс алып кете алмақ емес. Адам баласы жамандықтың жағасында өсіп-өнеді, ол – оның тағдыры. Адамға басқа тағдыр бұйырмаған. Адамның адамдық қуаты мәселені осы мәнде түсінгенде ғана айқындалмақ. Адам өзінің табиғатының әлсіздігін, тағдырға тәуелділігін түсіне бастағанда ғана күш ала бастамақ. Себебі ол енді қандай іс, қарекет жасауды біледі. Ол жаманшылықтың жағалауында тұрып-ақ жақсы адам боп өмір сүру амалдарына кіріспек. Жақсы адам жаманшылық жағалауынан үркіп қашпайды, ол сол жерге өз нұрын шашады. Өзгелер жаманшылық жағасында тұрғандарына қарамастан, оларға үміт ұсынады. Үміт деген – шырақ, алыстан жарық, жақыннан жылу бермек. Жақсы адамдар бұл дүниеде шырақ қызметін атқармақ. Сонда жамандықтың жағалауы жарық пен жылылыққа толы болып, адамдардың қуаныш, бақыт, үміт сезімдері оянып, өмір сүруге мағмұр болып, болашаққа деген қиял-армандары жетекші күштерге айналмақ. Адам баласы жамандықтың жағасында өмірге келіп, сол жерде дүниеден озады. Жамандықтың жағасы деген – қиыншылық. Өмірдің қызығы да – оның сол қиыншылығында. Қиын деген сөздің түп мәнісі қызық деген мағынада анықталмақ. Қиындықсыз қызық жоқ, керісінше, тек қызық нәрсе ғана қиын болмақ. Тағы да қайталаймыз, өмірдің қызығы – оның қиындығында. Бұл мәселе – тәрбиенің өзегі. Тәрбие дегеніміз қиындықты жеңудің амалдары ғана емес, қызық өмір сүрудің басты шарты. Сенім қиындықты жеңе білетін адамда қалыптаспақ. Өмір сүру үшін өзіңнің қай жерде тұрғаныңды анықтап алғаның жөн, ал сенің тұрған жерің – жаманшылық жағасы. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 67 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |