06/05/2024, 10:45 | |
«ТАҒЫ ДА ТАЛАП ТУРАЛЫ...» (Қырық төртінші қарасөз) Отыз екінші сөзінде Абай талаптың шарттары туралы айтқан. Мұнда ол талапсыздық хақында сөз еткен. Талаптың түр-түрі бар және де біріне-бірі бергісіз. Ақынның түсіндіруінше: «...Адам баласы я талапты, я талапсыз болсын, әйтеуір «бәрекелдіні» керек қылмайтұғыны болмайды. Әрнешік орынсыз ба, орынды ма, «бәрекелді» деушіні көңіл іздеп тұрады. Адам баласы өзі қай жолда, қай майданда жүрсе, сол майдандағы кісімен сырлас болады. Аның үшін үшін өзге жолдағылардан «бәрекелдіні» оңды күтпейді. Маған «бәрекелді» десе, осы өзімменен серіктес, сырлас осылар «бәрекелді» дер дейді». «Бәрекелді» деген сөздің мағынасы неде? Абай оны ұғым ретінде қолданған. «Бәрекелдінің» негізінде мақтан жатыр. Мақтан туралы Абай жиырма бірінші сөзінде айтқан болатын. Онда Абай мақтанның екі түрін ашып берген. Олар – үлкендік және мақтаншақтық. Демек, кейбіреулер ісіне қарай, еңбегіне қарай «бәрекелдіні» қажет етсе, ол – үлкендік, яғни адам өзін-өзі бағалағандығы, соны өзгелерден талап етеді. Енді біреулер істері алға баспай жатса да «бәрекелдіні» қажет етсе, ол – мақтаншақтықтың белгісі. бұл – түсінікті іс. Абай «бәрекелдіні» нақтылы іспен байланысты қарастырған. Олай дейтініміз, адам «бәрекелдіні» өзімен қызметтес әріптесінен естігенді қажетсінеді, оның себебі адамның бағасы нақтылы іс-әрекетімен анықталмақ. Адам өзінің қызмет істеп жүрген жерінде бағаланса, одан асқан қандай ғанибет бар? Абай осы жайды айтқан. Серіктес, сырлас адамдардың «бәрекелді» деп қолпаштауы – адамға жасалған нағыз құрмет. Сонда «бәрекелді» деу – адамның іскерлігін немесе адамшылығын мойындау деген сөз. Әрине, әншейін қолпаштау немесе жағымсыну үшін айтылатын «бәрекелді» бар. Мұндай «бәрекелдіден» зияннан өзге пайда жоқ. Адам әлденеге талаптанғанда өз басына қадір іздеп әрекет етеді. Мысалы, біреу мал тапсам екен дейді. Ол қазақтың «Мал тапқан ердің жазығы жоқ», «Малдының беті жарық» деген мақалдарына сеніп, сараңдықпен, арамдықпен мал тапса, ондайлардан жирену керек. Бұл талап адамшылыққа жат. Абайдың айтуынша, көпшілік осы жолға түсіп кеткен: «Біреу қажеке атанамын, біреу батыреке атанамын, біреулер білгіш, қу, сұм атанамын деп сол харекетте жүр». Мұны Абай кітап бетінен оқып іздеген талап емес дейді. Егер кітап сөзімен іздеген талап болса, онда алдымен көкіректі тазалау қажет еді. Көкіректі тазалау деп Абай тек білімге ынта қоюшылықты емес, адамшылықты айтып отыр. Адамшылығы мол жан – Абай ұғымында көкірегін тазартқан адам, ондайдың талабы да таза. Осындай адамдардың ісіне сүйсініп «бәрекелді» десек жағыну да, қолпаштау да жоқ, үлкендікті әділ бағалау бар. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 30 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |