29/04/2024, 22:46 | |
ЖАН мен ТӘН (Қырық үшінші қарасөз) Адам жан мен тәннен құрылған, бұл – Абайға дейінгі замандардан белгілі шындық. Ақын осы екеуінің ортасында болатын жибили және кәсибиге тоқталған. Адамның табиғи, биологиялық қажеттерін өтеуімен қоса, білмекке құмарлығын ақын жибили қуатқа жатқызады. Кәсиби қуатқа ақыл мен ғылым жатады. Бірақ жилиби мен кәсиби бес түйсік әкелген сыртқы ортаның қажеттерін көңілге түсіргенде бірігіп кетеді. Мұнда ерекше орын алатын – жибили қуаты. Абай жибили қуаты «жан қуаты» дейді. Ол әуелде шағын болғанымен, адам есейген сайын зорая берсе керек. Алайда ол қуат ескерусіз қалып, жоғалмаса да еш нәрсеге жарамайтын болуы да ықтимал. Мұндай жағдайда қазақта айтуға сөз дайын. «Құдай тағала өзі ақыл бермеген соң қайтейік?» немесе «Құдай тағала сенімен мені бірдей жаратып па?» деп өзінің надандығын, талапсыздығын құдайдан көру – осы жан қуатының кемігендігінің айғағы. Адам шіп-жеп, тән қуатын ғана ойламай, жан қуатын да жетілдіру үшін қам жеуі қажет. Абай жан қуатының үш элементін айтқан. Сірә, оның оқыған кітабы орыс тілінде болса керек, сондықтан ол үш элементті былайша атаған. «подвижной элемент» - бұл тез ұғыну деген сөз; «сила притягательная однородного» - ұқсас нәрселердің бір-біріне тартылуы; «впечатлительность сердца» - мұнда төрт нәрсеге мұқият болу керек, олар – мақтаншақтық, пайдакүнемдік, жеңілдік, салғырттық. бұлардан жүрек таза болғанда, әр нәрсенің сәулесі жүректің айнасындай анық раушан болып түседі. Олай болмағанда, жүректің айнасы бұзылады, дұрыс ұғым қалыптаспайды. Бұл айтқандардың бәрі жан ғылымына (психологияға) қатысты. Абай өз заманындағы психологиялық еңбектерімен таныс болғаны айқын көрініп тұр. Ақын жан қуатына талдау бере келіп тән қуаты туралы терең ой айтқан. Тән қуаты абай ұғымында ішкі емес, сыртқы нәрсе. «Әрнешік тән қуатыменен сырттан тауып, сыртта сақтайсыз, оның аты дәулет еді», - дейді ақын. Қазақтың «Бай бір жұттық» дегені осы. Байлық адамның өзінен өзге күйде күн кешпейтін жан қуаты емес, ол – сыртқы затық дүние. Дәулеттің неше түрлі кеселі, кесапаттары болады. Соларды білсең, санаңмен ұқсаң ғана дәулетке ие бола алмақсың. Абай сонымен бірге ақыл мен ғылымның да неше түрлі адамға тигізер кесел-кесапаттары барын айтқан. Оны білмесең, жақсылықтан қайыр жоқ. Абай айтуынша, әрбір нәрсенің өз өлшемі бар, одан асуға болмайды. Өлшеуіш білмек – бір үлкен керек іс. Бұл – өте терең пікір. Жақсылықтың өзі өлшемімен асса жамандыққа өтеді. Әр нәрсенің өз өлшеуі бар. Осы ойға орай Абай бұрынғы ғалымдар айтты деген мақал келтірген: «Ненің қызығын көп іздесең, соның күйігін бір тартасың». Енді осы өлшеуді кім анықтамақ дегенге келгенде, Абай пайда, заладан айыратын қуаттың аты ақыл деп түсіндіреді. Бірақ жалғыз ақыл аздық етеді, ол қайратпен қосылуы керек. Ол екеуі кімде болса, сол адамда жан қуаты да, тән қуаты да тең болғаны дейді Абай. Ақыл мен қайратқа ие болмаған адамның өзінде еркі жоқ. Ол – тағдыр тәлкегіне түсіп кете баратын қаңбақ секілді жан. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 30 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |