23/04/2024, 22:55 | |
«ЖҰМЫСТЫҢ ЖОҚТЫҒЫ» (Қырық екінші қарасөз) Абай айтуынша: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығында». Өте орынды айтылған сөз. Адамды аздыратын, оның жұмысының жоқтығы туралы Абай өлеңдерінде де талай айтқан. Егер адам жерге егін ексе, сауда жасаса, оның бос уақыты болмас еді. Қазақта осы екеуінің бірі де жоқ. «Мал байдікі, жан құдайдікі» деген есірік, ессіз сөзге құл болып, ауыл-ауылды аралап, ат сабылтып, тамақ аңдып жүргендерді көріп отырған Абай қазақтардың жұмыстарының жоқтығына күйінеді. Қандай істің болмасын себебі бар. Қазақтарда неге жұмыс жоқ дегенге келсек, үлкен әңгімеге тірелеміз. Адам жаман болғысы келіп жаман болмайды, көбінесе жамандыққа оны өмір сүрген ортасы, қоғамы, заманы итермелейді. Қазақ қоғамы Абай заманында далбаса күйде болатын. Бұрынырақта жау қайдалап ат үстінде күн кешкен халық Ресейге мүлдем бодан болғаннан бері ел, ауыл қорғау дегеннен «құтылған». Халық бірыңғай бейбіт тұрмысқа көшкен. Кәсібі – ата дәстүр бойынша мал бағу. Бұрын бұл кәсіппен малшы-жалшылар, бала-шаға айналысатын. Енді бүкіл халық болып малмен айналысқанда ел ішінде жұмыссыздық етек алып кетті. Қазақ жастарының ауыл ішінде іс қылатын кәсібі болмады. Мал бағу қазақтың кең жерінде оншама көп жұмыс қолын қажет етпеді. Егін егуге мойын жар бермей, сауда жасаудың ретін білмей, жастар бос жүріске түсті де кетті. Әрине, ол заманда қазақтардың егінмен, саудамен айналысқандары болды, бірақ көпшілік оларды қолдамады. Сондықтан: «...Осы қазақтың іске жараймын дегені өзінің азды-көптісін біреуге қоса салып, «көре жүр, көздей жүр» деп басын босатып алып, сөз аңдып, тамақ аңдып, ел кезуге салынады», - деп ақын қазақтың жұмысының жоқтығына қынжылады. Осындай жағдайда мақтанның тағы бір түрі пайда болды. Адамдар әдетте байлықты, ақылды, абыройды мақтан тұтушы еді, енді ел ішіндегі «пысықтар» үшін арыз бере білу, алдай білу мақтан. Ақын ешқандай қиналып, тер төгіп еңбек қылмайтын желөкпелеу байларды: «Сіз айтсаңыз, отқа түсуге бармын» деп желдендіріп алып, шаруасын қылмай-ақ, малын бақпай-ақ содан алып, киімін бүтейтіп киіп, тәуір атын мініп алып, қатарлы бір құрметке жетіп жүре береді», - деп сынап-мінейді. Бұл «пысықтың» пасық әрекетіне бейшара байлар мән бере қоймайды. Оның да себебі бар. Бай болған соң, ол біреумен ақылдаспай тұра алмайды. Газеті, радиосы, телефоны жоқ қазақ байы дүниеде не болып жатқанын, қай нәрсенің нарқы қалай екенін, өзге байлардың қандай тіршілігі барын білгісі келеді. Міне, осы істе «сиырдың жорғасындай» пысықтар байдың нағыз жанашыры, кеңесшісі болып шыға келеді. Осындай халді біліп, оны түзетуге бағыт жасап отырған өкімет жоқ. керісінше, қазақтың жақсылығы азайып, жаманшылығы күшейсе риза болатын шенеуніктерге бұл тірлік өте қолайлы. Бір-бірінің сөзін ұқпай, бір-біріне кек сақтап, әділдікті орыс шенеуніктерінен іздеп келушілер молайған сайын, халықты басқару жеңіл. Бұл – отыршылардың көне тәсілі. Оған жанын сала қызмет ететін – қазақтың өз «пысықтары». Олардың әрекеті – дауды туғызу, оны өшірмей, жалғастыра беру. Сөйтіп күнкөріс қамын жаса. Бұл басында саяси еркіндігі жоқ халықтың мардымсыз қарекетінің бірі болып табылады. Әділдікті «ақ патшадан», оның шенеуніктерінен іздеп арыздануды кәсіпке айналдыру қазақты Абай заманындағы ең ауыр, ең сорақы жаманшылығы еді. Бұл жаманшылықтың екі жағы барын айтқан да жөн. біріншіден, жұқмыстың жоқтығы, шын мәнінде, адамдардың еңбектен артық болуы. Мұндай жағдай, қазақ елі түгіл, дамыған жұрттарда міндетті түрде болатын табиғи заңдылық. Екіншіден, бар жұмысты істемеуден туған жұмыстың жоқтығы. Абай сөзінде осының екеуі де бар. Бірақ ол екінші мәндегі жұмыстың жоқтығы туралы көбірек тоқталған. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 34 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |