01/04/2024, 10:23 | |
«АТА-БАБАЛАРЫМЫЗДЫҢ ЕКІ МІНЕЗІ» (Отыз тоғызыншы қарасөз) Бұл сөзде ұлттық мінез туралы терең ойлар айтылған. Абай өз замандастары мен ата-бабалардың мінезін салыстырып, өз туыстарының бұрынғыларға қарағанда ілгері екендігін мойындай отырып, осы күнгілерде ата-бабаның екі мінезі жоғын айтады. Бұл мінездердің жоқтығынан қазақ қауымның адал ісі алға баспай отыр. Елдіктен кетіп барамыз, сайтандыққа салына бастадық. Ол қандай мінездер еді. Бірі – ерте заманда ел басы, топ басы деген кісілер болушы еді. Ел арасындағы баршама болмысты солар реттеп, басқаратын. Ел басыға жұрт сеніп, қарапайым шаруа өз жұмысымен болушы еді. «Бас-басына би болсаң, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жалған отқа күймейсің», - деп екі тізгін, бір шылбырды бердік саған деген соң, ел басы, топ басылар да азбайтын, ел құрметімен санасатын... Осы тұста Абай бір үлкен мәселенің басын ашып кеткен. Ол қазақ ауылының әдеуметтік құрылымы туралы. Қазақ ауылы қандас туыстардан тұрады, сондықтан ауыл басшысы, тым жетесіз болмаса, өз бауырының қамын жемегенде қайтпек? Оның әділ болмауына бұлтаң жол жоқ. Ал осы мінезден қазақтар Абай заманы кезінде неге айырылып қалды? Себебі ендігі жерде ел билігі ел басының қолында емес, орыс әкімдері қатысуымен жоғарыдан ұсынылып сайланатын болыстың қолында болып, адамды жазалау, соттау, т.б. азаматтық істер орыс әкімдерінің еркіне қарады. Өзін-өзі басқаратын ел болмағандықтан қазақтарға сайтандық ене бастаған. Сөз ұғар, сөзге тосылар қауым азайды. Ел басы, топ басының орнына саңырауқұлақтай қаптап пысықтар, қу мен сұмдар пайда болды. Мінез ұсақталды. Сондықтан намыс деген аруақты сөз жер болды, бұл – қазір жойылған екінші мінез. Алайда: «...ат қойып аруақ шақырылған кезде, - дейді Абай, - ағайын өкпе, араздыққа қарамайды, жанын салады екен. Ол – намысқорлық. Сондықтан да халық «Ағайынның азары болса да, безері болмайды» дейді. Міне, осы екі мінездің замандастары арасында жойыла бастағанына ақын қатты қынжылады. Данышпанның бұл ойына таңғаласың, сол кезеңде, қазақтың терезесі дәл қазіргідей шайқалмаған заманда осымінез болмаса, бүгінгі күні оларды еске алудың өзі жаңалық, бүгінгі ел басы, топ басы болып жүргендердің көбісі жоғарыдан бекітіліп, сайланған әкімдер. Өз даналығымен халық мүддесін жақтап шыққандары шамалы. Ұлттық намыс деген тіптен жоқ, одан айырылдық: «Ендігілердің бостығы – бейіл емес, алдау, дұшпандығы – кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық», - дейді Абай. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 37 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |