25/03/2024, 21:49 | |
«ҒҰМЫР ӨЗІ – ХАҚИҚАТ» (Отыз сегізінші қарасөз) Алланы тануда оның рақымды, ғаділетті, құдіретті екенін айырдық. Адамда ғылым, рақым, ғаділет және (адам құдіреті туралы Абай еш нәрсе айтпаған) олардың үш сипаты (атрибуты) бар. Олар – талаптылық, мұсылмандық және адамгершілік. Жақсы адам бойында тағы да үш сипат болмақ, олар сиддық (шындық), кәрәм (ізгілік), ғақыл (даналық). Мұны Абай жәуанмәрттілік деп атайды. Осы сипаттың иелері – пайғамбарлар, әулиелер, хакімдер және кәміл мұсылмандар. Абай осы үшеуінің іс-әрекеттеріне талдау жасаған. Пайғамбарлар құдайға құл болып, дін жолына түсіп, ахиреттің қамын ойла деген қағида ұсынады. Адам жалғанның қызығы емес, о дүние қызығына құмар болып, дүниенің мағлұматтылығын теріске шығарады. Әулиелер болса Аллаға ғашық болуды насихат етіп, нәпсіге тыйым салып, дүние қызығынан өздерін аластатады. Хакімдер болса дүниенің тиетін пайдасын ойлады, ғибрат (үлгі) айтты. Сонда кімдерді тыңдап, кімдердің соңынан ермекпіз? Жоғарыда айтылған үш хаслатты (сипат) кімдердің бойынан табуға болады дегенге келгенде, Абай өзінше пікір қорытқан. Ақын дүние қызығынан бас тартушылықты, тақуалықты қолдамайды: «Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі Алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді?» Абай нақтылы сөйлегенді жаратады. Нәпсіні фида қылушылықтың өзі, анығында, Алла жолы емес. себебі нәпсіні ерекше қасиет ретінде адамға Жаратушысы берген. Егер сол Алла берген нәпсіні пайдаланып, қызығын көрмесе, Алла әміріне қарсы шығушылық. Мәселе нәпсіні дер кезінде тыя білу, меңгеруде. Жалпы, нәпсіні теріске шығару мұсылмандық емес. тіптен өмір сүруден, дүние пайдасынан қашқақтау да мұсылмандыққа жатпайды. Малды құдай адам қажеті үшін жаратқан, ендеше оны бағып-қағу, өсіру, пайдаға асыру да Алла ісі. Тіптен, дүние туралы ой болмаса, ел елдігінен айырылып, кәпірлерге жем болып, дүние ойран болмақ. Сондықтан Абай: «Ғұмырдың өзі – хақиқат», - дейді. Абай әулиелердің бәрінің бірдей дүниені тәрк етпегендігін де айта кеткен. Оған ислам әлемінен мысалдар келтірген. Бірақ оның ынтасы пайғамбар мен әулиелерге қарағанда хакімдерге ауа береді: «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса дүние ойран болар еді... Бұлардың ісінің көбі – дүние ісі, ләкин осы хакімдердің жасаған, таратқан уа айтқан істері әддуния мәзрәгәтул – ахирет (дүние ахиреттің егіні) дегендей, ахиретке егіндік болатын дүние сол». Хакімдердің пайғамбар мен әулиелерден артықшылығын мойындау діннен шығу болып саналады. «Алла бір, пайғамбар хақ» деген қағидаға бұл түсінік сыймайды. Хакімдердің діні әртүрлі болуы ықтимал. Осы сөздерден үлкен бір ойға қаласыз. Осы хакім дегендер бір дінде, бір сенімде бола ма екен? Айталық, Абайдың өзін хакім деп мойындасақ, оның дәстүрлі мәніндегі мұсылмандығынан шүбә келтіруге болады. Ол өзін мұсылманға жатқызған. Оған біреше дәлелдер келтірген. Біріншіден, он үшінші қарасөздер якини иман туралы өз болғанын айттық. Ғалымдардың айтуымен иман қайыруды таклиди иман дейміз. Яғни, бұл ғалымдардың нақлия әлелдері арқылы Аллаға сену, ал хакімдердің ғақлиялық дәлелдері арқылы Аллаға сеніп иман келтіруді якини иман дейміз. Яғни, якини иман дегеніміз – Алланы терең түсініп барып илану. Абай «ғалым» мен «хакімді» ажыратқан. Оның айтуынша. «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым». «Ғалым» дегенге Абай мынандай түсінік берген: «Дүниеде ғылым заһири (сыртқы ғылым) бар, олар айтылмаштарды нақлия деп атайды, бұл нақлияға жүйріктер ғалым атанады». Ғалымның айтар сөзі – нақлия. Ғалым – дүниені білуші, танушы, сол хақында айтушы. Хакім туралы Абай өзгеше айтқан. Құдай дүниеде еш нәрсені себепсіз жаратпаған. Сондықтан Абай: «...Әрбір істің себебін ізденушілерге хакім ат қойдылар», - дейді. Міне, хакімнің ғалымнан да, пайғамбардан да, әулиеден де ерекшелігі сонда. Хакім – қандай істің де болмысын, себебін іздеуші. Алайда олар әр істің құпиясын толық таба алмайды, өйткені ол – Алланың құпиясы. Сонда Абайдың мұсылмандығы ерекше талауды қажет етеді. Анығында ол «мұсылмандық» дегенге нақтылы түсінік берген. Оның мұсылмандығы ортодоксиялық ислам түсінігімен сай келе қоймайды. Себеп іздеу деген адамды сенімнен шығарады. Дәстүрлі дінде Аллаға сену керек, ешқандай себеп іздеудің қажеті шамалы. Ал Абай болса, иман келтірудің өзінен сол себепті іздеп отыр. Екіншіден, Абай мұсылмандықтың мынандай бір өлшемін айтады: «...Дінде басшымыз құдайдың елшісі пайғамбарымыздың хадис шарифі, хайру н-нас мән йанфағу н-нас (адамның жақсысы пайда келтірген адам( деген». Мұндай адамды Абай хакім атаған. Сонда нағыз «кәміл мұсылман» - хакімдер. Бұлардың діні қалай аталады? Міне, осы сұрақ күні бүгінге дейін шешімін таппай жүр. Әркім өз дініне берілген, олар бір-біріне іштей де, сыртай да наразы, әрқайсысы өктемдік іздейді. Адамға тек жақсылық әкелетін дін қайда? Абай дінге реформа жасау жағында болған. Олай дейтініміз: оның өзі хакім, яғни себеп іздеуші. Ол біреудің айтқанына иланатын жан емес, өзі іздеп, айырып барып ақыл тоқтататын данышпан. Ол – пайғамбар, әулиелер туралы айтқанда, оларды мүлдем жоққа, теріске шығарып отырған жоқ. Алла мен адам арасындағы елші нәбилердің тән әрі жан тазалығын қастерлеген әулиелердің қажетігі ерекше. Олар болмағанда дүниенің мағмұрлығы (қызық, әдеміліг) адамды хайуандандырып жіберуі ықтимал. Абай түсінігінше: «Дүниенің мағмұрлығы – біртүрлі ақылға нұр беріп тұратұғын нәрсе». Бірақ дүние қызығы адамды тура жолдан бұруы ғажап емес. адам боп аты аталғанмен, әрбір жан өзгеше. Алайда Абай ерекше өзгеше болудан сақтандырады. Өзгеше боламын деп адам мақтанға бастайды. Ол күншілдік туғызады. Әрине, біреуден асамын деп әрекет жасау жаман іс емес, бірақ оны мақтанға айналдырып, өзіңді-өзің босқа қинасаң, ол – надандық. Абай бұл сөздің соңында моральдық мәселелерге тоқталған, өзі айтпақшы, нақлия айтқа. Мысалы: «Адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, олар: надандық, еріншектік және залымдық», - дейді. Оларға анықтама берген. Бұл ғылымда пәлендей жаңалықтар емес, ибрат сөздер, айталық, еріншектікке мынадай өте мәнді түсінік берген: «Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады». Сөз соңында ғибрат туралы айтылған. Онда ғақлиялық ойлар жоқ, ғибрат үшін нақлия жазылған. Оны Абайдың өзі де сезіп, сөзді: «Жә, бұл сөзден ғибрәтлендік!» - деп аяқтаған. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 38 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |