Абайдың хакімдігі
18/03/2024, 10:10

«ҒҰМЫР ӨЗІ – ХАҚИҚАТ»

(Отыз сегізінші қарасөз)

Абай реформаторлық пікір айтады. Осы сипаттар бойымызда зәррадай болса да болғандығымыздан біз мұсылманбыз ба, әрине, жоқ, себебі Алла тағала ешбір сипатқа мұқтаж емес, мұқтаж болып отырған біз, ол бізге Алланы тануға (мағрифатулла үшін) қажет. Алланы біз ешқашан толық біле алмаймыз, бірақ осы сегіз сипаттары арқылы өзінің білінгенін ғана білеміз. Тіптен Алла тағаланың заты түгіл, оның хикметіне (даналығына) ешбір хакім ақыл жеткізе алмайды. Оның себебін Абай былайша түсіндіреді: «Алла тағала өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулі бірлән өлшеусізді білуге болмайды. Біз Алла тағала «бір» дейміз, «бар» дейміз, ол «бір» демеклік те – ғақылымызға ұғымның бір тиянағы үшін айтылған сөз. Болмаса ол «бір» демеклік те Алла тағалаға лайықты келмейді».

Демек, Алланы ақылмен тану мүмкін емес, ақылымыз, ғылымымыз шектеулі. Шектеулі ақыл мен шексіз шындық – Алланы анықтауға болмайтын іс. Алла «бір», «бар» деп жүргеніміз де Алла мазмұнын ашатын ұғымдар емес, біздің түсінігіміздің тиянағы үшін айтылған сөздер, адам ойлап тапқан түсініктер. Әйткенде, оның «бір», «бар» екені бізге беймәлім.

Сол сияқты Алла тағаланың сегіз сипатының біреуін зор деп айтуға тағы болмайды. Себебі «ықтиярсыздық Алла тағалаға лайықты емес». Бірақ сегіз сипаттан өзге Алла тағаланың мынандай есімдері бар: Рахман (жарылқаушы), Рахим (мейірімді), Ғафур (кешіруші), уадуд (сүюші(, Хафиз (қорғаушы, сақтаушы), Сәттар (айыпты жабушы), Разақ (рызық беруші), Нафиғ (пайда беруші), уәкил (өкіл), Латиф (жақсы, кішіпейіл)».

Алланы тануда (мағрифатулла) Абай екі тәсіл қолданған. Бірі – нақлия (бұрыннан айтылып жүрген сөздермен) дәлелдеі, екіншісі – ғақлия (оймен, ақылмен) дәлелдері. Жоғарыда атап өтілген Алла есімдері туралы айту – нақлия. Ал ғақлия – ақылмен, оймен Алла құдіретін тану. Оның өзінде «Ғақлия дәлелім құдай тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісі бірлән жаратқан анан басқа, бірінен-бір пайда алатұғын қылып жаратыпты. Жансыз жаратқандарынан пайда алатұғын жан иесі хайуандарды жаратып, жанды хайуандардан пайдаланатұғын ғақылды инсанды (адам баласы) жаратқан». Жануарлардан мақшарда, яғни ақырзаман болғанда сұрау жоқ, демек, олар күнәсіздер қатарында. Сұрау ақыл иесі адамнан ғана болмақ. Мұны Абай ғаділеттілік дейді. Себебі адамды Алла махаббатпен жаратқан, ғаламдағы бар нәрсені адамға бағындырған, өзіне де ерекше сипат берген. Бұл мәселені былайша дәлелдеп юерген: «Адам баласын құрт, құс, өзге хайуандар сипатында жаратпай, бұл гузәл сипатты беріп, екі аяққа бастырып, басын жоғары тұрғызып, дүниені көздерлік қылып, өзге хайуандар секілді тамақты өз басымен алғызбай, ыңғайлы екі қолды басқа қызмет еттіріп, аузына қолы ас бергенде не ішіп, не жегенін білмей қалмасын деп, иісін алып ләззаттанғандай қылып, ауыз үстіне мұрынды қойып, оның үстіне тазалығын байқарлық екі көз беріп, ол көздерге нәзіктен, зарардан қорғап тұрарлық қабақ беріп, ол қабақтардан ашып-жауып тұрғанда қажалмасын деп кірпік жасап, маңдай тері тура көзге ақпасын деп, қаға беруге қас беріп, оның жүзіне көрік қылып, бірінің қолынан келместей істі көптесіп бітірмекке, біреуі ойын біреуіне ұқтырарлық  тіліне сөз беріп жаратпақтығы махаббат емес пе? Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе?» Демек, иман дегеніміз, яғни Аллаға құлшылық ету дегеніміздің өзі – қарызды өтеу. Адам Алласына әманда қарыздар. Оны түсінбегендерде иман жоқ, ақыл жоқ. Ақылды адамда иман бар. Оны қалай түсінуге болады? Көптеген ақылды адамдар өзге дінге, өзге құдайға табынып, ол сенімді уағыздайды. Оның шешімін абай өзінше түсіндірген.

Абайдың иман келтіріп, мұсылмандықты қабыл алған адамға қояр талабы өзгеше. Ол мұсылманшылықты ғаділет пен махаббат арқылы түсіндірген. Қиянат болған жерде мұсылмандық болмақ емес дейді Абай. Осы пікірін дәлелдеу үшін хадия шарифтен бірнеше аяттар келтіреді: «Егер сен Алланы сүйсең, о да сені сүйеді», «Адамдарға жақсы іс істе деп, жақсылық етіңіз деп бұйырыңыз, өйткені құдай жақсылыққа тартушыларды сүйеді», «Сондай адамдар құдайға иман келтіреді, жақсы істер істейді, ондайлардың орны мәңгі жұмақта». Сондықтан Абай әділеттіліктен тыс болғанды Алла тағала жолынан шығушылық, имансыздық деп түсіндіреді. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 38 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: