11/03/2024, 09:51 | |
«ҒҰМЫР ӨЗІ – ХАҚИҚАТ» (Отыз сегізінші қарасөз) Абайдың түсінікке ауыр шығармаларының ішіндегі ең айтулысы – отыз сегізінші қарасөзі. Осы сөзде айтылған көптеген пікірлерді өлеңдерінен, өзге қарасөздерінен кездестіреміз. Мысалы, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Алла деген сөз жеңіл» деген өлеңдерінде айтылатын ой желілері қырық үшінші, қырық бесінші қарасөздерінде қайталанады. Бұл шығармалардағы Алла мен адамға қатысты пікірлер отыз сегізінші қарасөзінде нақтылы әрі дәлелді айтылған. «Қарасөз – өең емес, нақтылықты қажет ететін ерекше жанр, оны философиялық тарктатқа жақын қарастырамыз. Сондықтан қарасөздер көркемдік емес, логикалық заңдылықтарға құрылған. Ақынның бұл сөзін қысқаша түрде тәсілдеп беру үшін оның айтпақ болған басты идеясын аңғару керек. Қарасөздің негізгі идеясы туралы Абай былай деген: «Ғұмыр өзі – хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмәлат жоқ». Нақтылы ой. Бар мәселенің кілті – ғұмыр. Тек ғұмыр болған соң ғана өзге нәрселер туралы мазмұнды әңгіме жасауға болады. Алла, адам туралы түсініктер ғұмырдан тыс емес, олар хақындағы ақиқаттарға ғұмыр тікелей қатысты. Жалпы айтқанда, «ғұмыр» деген ұғым болмыстың тұтастығын білдіреді. Ғұмыр болған соң Алла туралы түсінік, адам жөнінде толғаныс, адамның адамшылығын бейнелей алатын – махаббат бар. Енді осылар туралы тарам-тарам білім, ғылым салалары анықталып, хақиқат жолын нұсқаушылар: пайғамбарлар, әулиелер және хакімдер туралы Абай өз ойларын ортаға салған. Әуелгі сөз Алла тағала болмысына арналған. Абай ұғымында Алла – болмыстың аталуы. «Себебі Алла тағала өзі – хақиқат жолы», - деген ол. Адамның ғылымы – осы хақиқаттықтың растығын білу, оған құмар болу деген сөз. Бұл Алла ғылымы емес. барша нәрселер хикметін анық білетін ғылым – Алла ғылымы. Адам ғылымы оны Алла ғылымына ынтық етеді. Осы ынтықтың өзі адам ғылымына мазмұн болады. Бірақ ол үшін Аллаға ғашықтық керек. Себебі ғылым – Алланың бір сипаты, ол – хақиқат, ал оған ғашықтық адамға адамдық қасиет береді. Абай ғылым жолына түскен адамды хақиқат жолына, яғни Алла тағала жолына түскен жан деп санайды. Мысалы, мал табу, пайда табу жолына түскендерден Аллаға ғашықтық, яғни ғылым-білім хақиқаты табылмайды. Хақиқат туралы өз ойын Абай Алла тағалаға иман келтіруден бастайды. «Сен Алла тағалаға Алла тағала үшін иман келтіремісің?.. Сен иман келтірмесең де Алла тағалаға келер ешбір кемшілік жоқ еді», - дейді Абай. Иман келтіру Алла үшін емес, адам үшін қажет. Иман туралы он үшінші сөзде айтылғандықтан, оны арнайы талдаудың қажеті шамалы. Иман туралы сол он үшінші сөздегі ұғым сақталған. Алайда осы сөздегі, яғни отыз сегізінші сөздегі Абайдың иман туралы тың ойы мына желіде өрбиді: «Алла тағалаға ұқсай алам ба деп, надандық бірлән ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ – дәл бірдейлік дағдысы бірлән емес, соның соңында болмақ». Бұл – бұрын кездеспеген тың ой. Ақын айтқан ғылымның орнында бұл қара сөзінде Алла тағала тұр. Өзіңді Аллаға ұқсауға шарт қыл дейді Абай. Адам, сен Алланың құлысың, бірақ өзіңнің мұсылман (мүсілім) олып нақты берілгенің рас болса, Аллаға ұқсауды міндет ет. Ислам дін басшылары мұндай қағиданы жаратпайтыны анық. Бұл тұста Абай екі мәселеде ислам дінінің шеңберінен асып тұр. Бірі – адамның тікелей Алласына ұқсауға рұқсат жоқ. Арада елші пайғамбар бар. Ұқсасаң соған ұқса. Абай болса, бұл мәселені ескермеген. Дін бойынша адам еркі шектеулі. Ол – Алла әмірі бойынша іске асатын адам әрекеті. Абай адамның Алла алдындағы бұл тәуелділігін «алып тастаған». Ол Аллаға адамның ұқсауы туралы айтқанда, адамның шексіз дамуы туралы әңгімеге ауысқан. Сол себепті ол Алланың сегіз сипаттарынатоқталған. Олар: Хаят (тіршілік, тірі болу), Ғылым, Құдірет, Басар (көру, көруші), Сәміғ (есту, естуші), Ирада (тілеу, қалау), Кәлам (сөздер), Тәкин (болдыру). Абай айтуынша: «Бұл сегізінен Алла тағаладағыдай кәмәлатғазамат (жетілу, үлкею) бірлән болмаса да, пендесінде де әрбірінен өз халінше бар қылып жаратыпты». Сондықтан адамның Алласына ұқсауы таңғаларлық іс емес. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 42 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |