04/03/2024, 23:48 | |
«ҒАШЫҚТЫҚ – ЖҮРЕКСЕНІМІ» (Отыз жетінші қарасөз) Бұл сөзде өзгелердей бір ғана ой өрбімеген, жиырма үш жеке-жеке нақыл айтылған, олардың көбін мақал-мәтелге жатқызуға болады. Мысалы, «Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады», «Әкесінің баласы – адамның дұспаны, адамның баласы – бауырың», «Ер артық сұраса да азға разы болады. Ез аз сұрар, артылтып берсең де разы болмас», «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», «Егер ісім өнсін десең, ретін тап», «Биік мансап – биік жартас, ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады», «Бақпен асқан патшадан мимен асқан қара артық, сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық», «Тоқ тіленші – адам сайтаны...», «Жаман дос – көлеңке, басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың», «Досы жоқпен сырлас, досы көппен сыйлас», «Қайғысыздан сақ бол, қайғылыға жақ бол», «Қайратсыз ашу – тұл, тұрлаусыз ғашық – тұл, шәкіртсіз ғалым – тұл». Мақал-мәтелдер – ойлаудың темірқазықтары. Адам соларға сүйене отырып, өз пікірін білдіреді. Әдетте мақал-мәтелдер ғасырлар бойы сұрыпталып, ой елегінен өтіп барып, мәңгілік әрі аксиомалық мәнге ие болады. Мақал-мәтелді құрастыру әркімнің қолынан келе бермейді. Абай бұл сөзінде көңілінде жүрген көрікті ойларын мақал-мәтел етіп өрнектеген. Шынында да, жоғарыда келтірілген нақылдар ел ішінде әлдеқашан мақал-мәтелге айналған. Бірақ біз осы мақал-мәтелдердің тілімізге, түсінігімізге жеңіліне құмармыз. Айталық, «Шәкіртсіз ғалым- тұл» дегенді жиі қолданамыз. Ал «Тоқ тіленші – адам сайтаны»дегенге мән бере бермейміз. Адам өзі тоқ болып тіленші болса, қанағат, тәубе, шүкіршілік, ырыздық, нәсіп сияқты дүниетанымдық сана-сезімнен мүлдем тыс болғаны. Ондай жанды Алланың құлы депайтуға еш негіз жоқ. Мұндай адамдар тек Абай заманында емес, біздің де ортамыздан табылады. Ақын: «Қайғысыздан сақ бол», - дейді. Қайғысыз адам – ойсызжан. Қайғыны парықтамаған қуана да білмейді. Қайғы мен қуаныш – егіз ұғымдар, бірінсіз-бірі жоқ. Сондықтан Абай қайғырудан да, ессіз қуанудан да сақтандырады. Не болса да мөлшермен болғаны – адам ісі. Мөлшерден асқанның бәрі шайтан ісі. Адам болмысын терең барлаған Абай: «Тұрлаусыз ғашық – тұл», - дейді. Ол ғашықтықты айтып тұрған жоқ, «ғашық» туралы ой қозғаған. Тұрлаусыздық болған жерде ғашық жоқ. Бірақ ғашық болу үшін, оны тану үшін тұрлаусыздық туралы білім болуы да орынды. Себебі ғашықтық – жүрек сенімі. Адам өзін жаратқан Алласына ғашық, қыз жігітке ғашық, бала әкесіне ғашық, т.б. Ғашық ақыл өлшеуіші емес, жүрек сезінуінен туады. Ол ақылдан емес, сезім байлығынан туындайды. Сондықтан ол тұрлаулы, егер де ғашық – ақылға қатысты болса, онда оның тұрлаулы болуы екіталай іс. Ақыл деген – таным, ол қылшылдаған ұстараның жүзіндей тиген нәрсесін тіліп, тереңдей береді. Ол тоқтауды, қажуды білмейді. Дүниені тану шексіз, олай болса ақылда тұрақтылық жоқ. Оған тұрақтылықты сезім береді. Сезімде сенім болса, ақылда өткіншілік басым. Ақылы дариядай деп халық даналар туралы айтушы еді. Ақылды ағынды өзенге теңеген дұрыс. Ақылдың ағысы болмаса, ол ақыл болудан қалады, оны ғылым тілінде «догма» деп атайды. Кешегі ақылды сөз бүгінге сәйкес келмесе, оның ақыл болмағаны. Бұл мәнде ақылдың барлаушысы – сезім. Сезімсіз ақыл шолақ. Абай: «Тұрдаусыз ғашық – тұл», - дегенде сезімге құрылған ақыл туралы айтыпо отыр. Мақал-мәтелдерден өзге бұл сөзінде Абай философиялық байламдар жасаған. Ақын «көп» туралы айта келіп: «...Дүниеде бар жаман да көпте, бірақ қызық та, ермек те көпте», - дейді. Ол «көп» дегенді тобыр мәнінде айтқан. «Сократқа у ішкізген, Ғайсаны дарға асқақ көп. Олай болса, көпте ақыл жоқ. Оны ебін тауып басқару керек». «Көп» туралы Абай үлкен мәселе көтеріп отыр, көп айтты деп дүрмекке түсіп кетсең, аяғы опық жегізуге апарары сөзсіз. Кеңес империясы өз саясатын көптің саясаты деп жариялап мемлекет құрды, аяғы опасыз болды. Ақыл – Алла нұры десең, ол көпке емес, жеке адамға түседі. Санасында сәулесі бар жан қараңғы көптің өміріне жарық әкеледі. Тарихта үнемін осылай болып отырған, бұл – заңдылық, одан асып ешкім әрекет ете алмайды. Абай: «Бағың өскенше тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің, бағың өскен соң өзің ғана тілейсің», - деп қою ой байламын құрастырған. Шынында да, бақты өсіруші – өз еңбегің, тілеуқор – елің. Бірақ үнемі солай болып тұра бермейді. Басыңа бақ қонған соң өзгеше заңдылық пайда болады. Оның себебі: сен көптен ақылыңмен ұзап, олардың алдына шығып кетесің. Көштің ең соңғы көлігіндегі отырған адам алдыңғы көліктегінің көргенін көре алушы ма еді? Бұл бір. Екіншіден, адам болмысында бақын қонған жанға деген қызғаныш болады. Қызғаныш сезімі ақ пен қара сияқты, оның жақсылығы да, жамандығы да бар. Жақсылығы сол – басына бақ қонған адам сақ, ісіне жауапты болады. Жамандығы сол – бақ қонған жанға қызғаныш жанына жара, ой-өрісіне тұсау салады. Сондықтан бағың өскен соң тізгін өз қолыңда, жанашырың да, сүйенерің де өз ақылың мен қайратың, өзгеден дәмеленген бос әуре. Абай адамдар арасындағы бір аса күрделі қатынастарды өзінше осылай түсіндірген. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 38 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |