Абайдың хакімдігі
26/02/2024, 08:36

«ҰЯТ ӨЗІ ҚАНДАЙ НӘРСЕ?»

(Отыз алтыншы қарасөз)

Пайғамбарымыздың хадис шарифінде: «Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ», - деп айтылған екен. Қазақта да мақал бар: «Ұят кімде болса, иман сонда». Абай осы сөздерді айта келіп, ұят өзі қандац нәрсе деп өзіне-өзі сауал қояды. Абай – хакім, яғни ол әр нәрсенің себебін іздеуші.

Иә, сонымен ұят деген не? Абай ұят туралы мынандай сараптама жасайды: «Бір ұят бар – надандықтың ұяты: жас бала сөз айтудан ұялған секілді, жақсы адамның алдында жазықсыз-ақ әншейін барып жолығысудан ұялған секілді. Не шариғатқа теріс, не ақылға теріс жазығы жоқ болса да, надандықтан бойын керістендіріп, шешілмегендік қылып, ұялмас нәрседен ұялған ұялу – ақымақтық, жамандық».

Надандықтың ұяты адамның ақыл-өрісі, ой-сезіміне қатысты ма деп ойлаймын. Ақылы қысқа, сезімі тар, ойы таяз жан. Абай айтқандай, ұялмас нәрседен ұялатын адам. Ұяттың мәні – бетті басып, болмашы нәрсеге қысылу емес, өмірде өз орныңды тауып, белсенді ғұмыр кешіп, айтар сөзіңді жасқанбай айтып, артынан өзің де, ұрпағың да өкінбейтін істер жасау. Жалқаулық, жалтақтық, қорқақтық, жігерсіздік, жауапсыздық сияқты қылықтар – надандық ұятына қатысты істер. Сондықтан «Ұят жоқ болса, иман жоқ» деген пайғамбарымыз өсиетін «Ұят кімде болса, иман сонда» деген мақалмен қабылдай отырып, ұят деген тек бір мағынада қабылданатын ұғым деуге болмайды. Ұяттың да ұяты бар. Абай айтқан надандықтың ұяты мен иманның еш қатысы жоқ. Иманға қатысты Абай шын ұят деген ұғымды ұсынған. Абай айтуынша: «Мұндай ұят екі түрлі болады. Біреуі – ондай қылық өзіңнен шықпай-ақ, бір бөтен адамнан шыққанын көргенде сен ұялып кетесің. Мұның себебі сол ұят істі қылған адамды есіркегендіктен болады».

Өзге адам үшін ұяла білу – адамшылық. Демек, ұяттың негізінде адамшылық жатыр. Ұят – тек адам баласына тән қасиет. Өзгенің өрескел қылығына ұяла білу, ондай жат қылықтан сақтану деген мәселе. Адамның өз бойында ұят келтіретін қылықтың болуы да ықтимал. Бірақ сол қылықты өзге біреу жасағанда, соншама тұрпайы көрінгендіктен, адам сол жат қылықтан арылуға қарекет етеді, мұны ғибрат деп атайды.

Шын ұяттың екінші түрі туралы ақын ойын одан әрі мына тұрғыда сабақтастырады: «...Ұят шариғатқа теріс, я ақылға, я абиұрлы бойға теріс... я адамшылыққа кесел қылық, қатеден, яғни нәпсіге еріп ғапылдықтың өз бойыңнан шыққандығынан болады. Мұндай ұят қылық қылғандығыңды бөтен кісі білмесе де, өз ақылың, өз нысабың өзіңді сөккен соң, іштен ұят келіп, өзіне жаза тарттырады. Кірерге жер таба алмай, кісі бетіне қарай алмай, біртүрлі қысымға түсесің. Мұндай ұятты күшті адамдар ұйқыдан, тамақтан қалатұғыны бар, хатта өзін-өзі өлтіретұғын кісілер де болады. Ұят деген – адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты... Мұндай қылыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар кісі кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар».

Шын ұят дегеннің осылайша мән-мағынасын ойшыл Абай ашып берген. Сонымен бірге ұялған жанның күйзелісін түсініп, оған кешірімді болуды ұяты бар адам ұғынады деген ой айтқан. Шын ұялған жанды ұяты бар адам ғана түсіне алады, ал мен өзім көріп жүрген кісілерім, ұялмақ түгіл, қызармайды дейді ақын. Демек, олардың бойында иманы бар деп айтуға қалайша болады? Абай иман мен ұятты бірге қарастырған, бұл мәнде иман тек діни түсінік емес, адамшылықтың өлшемі ретінде қабылданады.

Иманның негізі – адамшылық.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 36 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: