Абайдың хакімдігі
19/02/2024, 14:17

«СҰРАУ»

(Отыз бесінші қарасөз)

Адамнан жауап алушы – бір Алла тағала. Адам жауапты махшарға барғанда береді. Сонда құдай қажы, молда, сопы, жомарт, шейттерді қатар қойып жауап алып, бір бөлек қояды екен. Дүниеде ешқандай атақ-даңқы болмаған, тек Алланың разылығын таппақ үшін құдайына құлшылық еткендерді бір бөлек қояды екен.

Бірінші топтағыларға Алла тағала айтады екен. «Сендер дүниеде қажеке, молдеке, сопеке, мырзеке, батыреке аталмақ үшін өнер қылып едіңдер, ол дүниең мұнда жоқ. Сендердің ол қызықты дүниең жарап болған, бірге қылған өнерлерің де бітті. Енді мұнда құрмет алмақ түгіл, сұрау беріңдер! Мал бердім, өмір бердім, не үшін ол малдарыңды, өмірлеріңді бетіңе ахиретті ұстап, ден ниетің дүниеде тұрып, жұртты алдамақ үшін сарып қылдыңдар?» - деп.

Бұл сұраққа жауап беру ауыр, себебі адам баласына екі дүние де қажет. Жалған дүниеде адам өмірге келеді, өсіп-өнеді, көбейеді, қызыққа кенеледі. Бұл дүниесіз бақи (мәңгілік( өмір жоқ. Сондықтан кім болмасын бұл дүние қызығынан аулақ болу қиын шаруа. Себебі бұл жалған дүние де Алла тағала құдіретімен болған. Бұл (жалған) дүние – Алласының пендесіне ғұмыр кешсін деп берген мүмкіндігі. Ендеше сол мүмкіндікті іске асырмаса адам кінәлі емес пе? Әлбетте, кінәлі. Сондықтан дүние үшін әрекет жасағандарды жазғыру дұрыс емес, мәселе сол дүние қызығына салынып, Алласын (құдайын) ұмытса, сол күнә. Абай бұл сөзінде қажы, молдалар... жұртты алдап, өзім берген қазынамды сарып қылдыңдар дейді. Асылы, бұл мәселе туралы да терең толғану керек. Осы жұртқа қандай ақиқат керек? Осы жұртқа қандай ақиқат керек? Ақиқат дегеннің өзі не? Абай отыз сегізінші сөзінде ғұмырдың өзі ақиқат деген пікір айтады. Егер қажы, сопы, молдалар жұртқа қалай өмір сүру керектігін түсіндірсе, ақиқат деген осы емес пе? Бірақ дүние – жалған, қызыққа толы, молда, сопылар осы ақиқатты сөзбен айтып, насихат жасап, өз жеке басы тұрмысында ғаділдіктен тайып, пенделікке салынатындары бар. Абай осы жайды сынаған.

Екінші топтағылар туралы Алла тағала: «Сендер бір ғана менің разылығымды іздеп малдарыңды, өмірлеріңді сарып қылып едіңдер, мен разы болдым. Сіздерге лайықты құрметті орным бар, дайын, кіріңдер! Һәм ол разылықтарыңнан басқа осы махшар ішінде, сендердің осы қылғаныңа өзі қылмаса да, іші еріп, ынтық болған достарың табылса, шафағат қылыңдар!» - деп айтар дейді.

Бірақ осы екінші топтағылар нақтылы кімдер, ол жағы көмескі. Олар азшылық екені мәлім. Олардың ішінде қажы, молда, сопы да болуы мүмкін. Бірақ Алла тағала өмір қызығынан безінген тақуалар емес, маңдай терімен өмір сүруші, бала өсіруші, сөйтіп жүріп Алласын ұмытпаған қарапайым жандарды биік қоя ма деп ойлаймыз. Әңгіме, сірә, осы еңбек адамдары туралы болса керек. Өмірде тек бейнетпен ғұмыр кешкен адал адамдар молда, сопы, тағы өзгелерден артық болса керек. Олар құдайдың нағыз ризашылығына бөленетіні анық.

Абай бұл сөзді өзі оқыған діни философиялық кітаптардың бірінен алғанда, негізгі желісін бұзбаған, өзі жанынан сөз қосқанмен, кесімді пікір айтпаған. Мәселенің шешімін оқырманға тастаған. Оқырман бұл сөз туралы әртүрлі пікірде болуы ықтимал.

Біріншіден, Абай қажы, молда, сопы, жомарт, шейіттерді сынап, дінді теріске шығарып отыр деген қорытындыға келуге болады. Себебі дінді ұстап тұрғандар – осы аталғандар, олар болмаса дін жойылады.

Екіншіден, ақын жалпы дінді немесе қажылықты, молдалықты, сопылықты, жомарттықты, шейіттікті жоққа шығарып отырған жоқ, ол осылардың ішіндегі тек атақ үшін іс қылғандары туралы айтқан, яғни дін тазалығы үшін күрескен.

Үшіншіден, Абайдың қажы, молда, сопы, жомарт, шейітті қатар атауы ақиқат шындық емес. себебі қажы мен молда бір емес. Қажылыққа әркімнің малы жете бермейді, молдалыққа әркімнің зердесі  жете бермейді. Сопы мен молданы мүлдем салыстыруға болмайды. Нағыз сопылар – дүниенің қызығынан безінушілер. Олардың мақсаты жұмақтан орын алу емес, Алламен дидарласу ғана. Жомарт болса малын қиюшы жан, тәтті ғұмырын дін жолына беруші. Діни кітаптарда шейіттіктен жомарттықты ерекше атайды. Жомарт жан ислам дінінде о дүниеде тамұққа түспейді. Себебі жомарт – Алла жолындағы жан. Нағыз жомарт – Алла. Жомарттық жасаған адам – Алласының сипатына орай әрекет еткен пенде. Сондықтан жомарт адамды Алла сақтайды.

Төртіншіден, Абай сенім тазалығы туралы айтқан. Жаратқанға жалбарынғанда бас пайданы іздемей, қалтқысыз беріліп, оның ризалығына бас ию абзал. Мұны Абай нағыз мұсылмандық деп атаған.

Абайдың бұл сөзінен жалпы пәлендей қорытынды жасап, жүйелілік іздеудің қажеті шамалы. Ол ойына келген жайды баян еткен, ал одан қандай қорытынды жасайсың, ол өз шаруаң.

Абай қажы, молда, сопы, жомарт, шейіт туралы осындай мәселелер барын айтқан. Себебі бұлардың бәрі ақын айтқандай болмаса да, шынында, осы амалдарды дүние үшін жасайтындары баршылық.

Мұндай жай, Абайдың айтуынша, тек адамдарға ғана емес. алланың өзіне де мәлім. Сол себепті махшарда Алла тағала оларға жоғарыда айтылғандай сұрау қояды екен.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 36 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: