Абайдың хакімдігі
11/02/2024, 21:58

«АДАМ БАЛАСЫНА АДАМ БАЛАСЫНЫҢ БӘРІ – ДОС»

(Отыз төртінші қарасөз)

Бұл сөз өмір мен өлім философиясы хақында. Жұрт өлімнің хақ екендігін, оның әманда адам әбден қалжырап қартайғанында емес, кенеттен де кездесетінін және Алла жанын бір алғанның ол жақтан қайтып келмейтіндігін біледі, соған нанады, ал бірақ ақылына салып, ой елегінен өткізіп барып нанбайды, амалсыздықтан, шарасыздықтан көнеді. Абай осы мәңгілік сұраққа жауап іздеген.

Адам баласы өмір мен өлім құпиясын барынша құлшынып білгісі келеді, бірақ ол толық ашылмақ емес. Сондықтан Абай жұрттың Жаратқанның құдіретіне сендім дегеніне күмән келтіреді. Ол ақиқатқа ұйып сену бар да, Жаратқан ісіне тағдыр жазуы деп сену барын айтып отыр. Адам дүниеге келген жанның өлмегін, о дүниелік болмағын, сол үшін жамандықтан ада, жақсылыққа жуық болуын Жаратушының қалауы деп сенеді. Бұл әлі ақиқатқа көз жетіп илану емес, адамның бітім-болмысы, тағдыры осы деп мойындау. Санада тағдырды мойындау, оған Алла жазуы деп бой ұсыну бар да, ақиқатты ұғынып барып сену бар. Осы соңғысының барына Абай күмән келтірген.

Егер ақиқатқа көз жеткізіп, ұйып сенсе адамдар дүние қайғысынан ада болар еді. Олар әулиелік жолына түсіп, жалған дүниеден безініп, ахирет қамына, мәңгілік сенімге еніп, біржолата мұсылмандық жолына түсер еді. Абайдың аңғаруы бойынша, адамдардың ахиретке де, дүниеге де сенімдері бұлдыр. Мәселе осылай болғанда жұртты енді неге сендіре аламыз? Бұл мәселеге ақынның жауабы анық. Абай былай дейді: «Кімде-кім ахиретте де, дүниеде де қор болмаймын десе, білмек керек. Еш адамның көңілінде екі қуаныш болмайды, екі ынтық құмарлық бірдей болмайды, екі қорқыныш, екі қайғы – олар да бірдей болмайды. Мұндай екі нәрсені бірдей болады деп айтуға мүмкін емес. Олай болғанда қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса – мұсылман емес. Енді ойлап қарай бер, біздің қазақ та мұсылман екен». Сонда қазақ нағыз мұсылман ба? Реті келіп тұрған нәрсені ала қойып, құдайды өзі кеңшілігімен кешірер деп дүние қуанышына енген адамда сенім бар ма? Абай «Адам баласына адам баласының бәрі – дос, олай болса, мына «бес күндік» өмірде бір-біріне қонақсың, дүниеге қонақсың, сөйте тұра бір-біріңмен өшігіп, жауығып, не болса соған көрсеқызарлық жасап, дүние қуанышының өзін дұрыс бөлісе алмай жақандық алла ісіне лайық па?» деген ой тастайды. Мұндай қылыққа Абай наразы, екі сөздің басын қосса не өнері, не білімі жоқ, әшейінқұр кеудемен «ой, Тәңір-ай!» деп таласа бергеннің несі сөз, оның несі адам дейді.

Абайдың мұсылмандығы дегенде, ол – діни ортодоксиялық шеңберден шыққан ойшыл, ақын құдай жолы деп тек ислам дініне сүйеніп отырған жоқ, мұсылмандықтықтың негізгі «адам адамға дос» деген қағидасына сүйенген. Оны Абай қара сөздерінде дәлелдеп береді.

Адам болмысы баршаға ортақ, көрер қызығы, қайғысы осы екі дүние аралығында. Өмір мен өлім бәрімізге бір. Олай болса, адамға керегі – мұсылмандық, имандылық, бірақ оған адам қалай жетпек?

Бұл сұраққа жауап жоқ. Себебі нағыз мұсылман қуанышын, дүние қайғысын ахирет қуанышынан, ахирет қайғысынан артық қоймаған. Олай болса, ол мұсылман емес. адам енді не істемек?

Адамға сол, бұл дүниеге қонақ екенін сезінуі, өзінің мәңгілік еместігін ұғынуы, сондықтан «бес күндік» ғұмыр үшін адамдар бір-бірімен қырқыспай, игі істер жасауға дағдылануы керек. Міне, Абай ұсынған жол осы.

Бірақ Абай бұл жолға түскендерді көре алмай, дүние қызығын тозаққа айналдырғандарды көріп, оның несі адам деп күйінеді. Сөйтіп, адамның рухани болмысы, өмір философиясы туралы ақын жүрек тереңінен сыр қозғаған. Бұл – әлемдік философияның мәңгілік тақырыптары, олардың шешімі аса күрделі, әзірше бұл мәселелерге айқын жауаптар жоқ. Бұлар – адамның рухын қозғайтын, оны жетілдіретін мәңгілік философиялық мәселелер.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 37 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: