Абайдың хакімдігі
05/02/2024, 09:14

ҚАЗАҚТЫҢ КЕСЕЛДІ ҚЫЛЫҚТАРЫ

(Отыз үшінші қарасөз)

Мал – бір жұттық, өнер – мәңгілік. Мал керек болғанда қолөнер де қажет. Қазақтың әулиесі – осы алдау қоспай, адал еңбегін сатқан қолөнершілер. Бірақ Абай: «Құдай тағала қолына аз-маз өнер берген қазақтың кеселдері болады», - деген пікірге келеді. Ол қандай кеселдер десек, оларды Абай санап берген:

1. Талапсыздық. Қолынан келгенге мәз болып, ізденіп өнер үйренбей, құр мақтанға салыну. Осы білген өнерім де өз басыма жетеді деп жігерсіздік таныту. Өзгелер менен артық-ау, солардан білім жетілдірсем деп талаптанбау. Бұл – қазақтың өнерлі адамының басты кеселі. Мұны Абай талапсыздық деп атаған.

2. Еріншектік. Бұл да талапсыздыққа байланысты кесел. Еріншектік – салғырт, кербездікке салындырады дейді Абай.

3. Мақтаншақтық. Біреулердің «Дархансың ғой, шырағым» немесе «Ағеке, нең кетеді осы ғанамды істеп бер» дегеніне маған да жалынатындар бар екен деп мақтанға салынып кету. Сөйтіп мақтаншақтар пайдадан қағылып, қу тілге алданып, өзінің уақытын босқа өткізеді.

4. Тамыршылдық. Сәл нәрсеге алданып, «жоғары шыққа» мәз болып, тамырым, досым десе ішкен асын жерге қойып, соның ісімен жүріп, өзінің алданғанын білмей, далбаса болу. Сөйтіп жүріп біреуге борышты болып, басы дауға қалып жүргені. Сірә, мұндайлар тамыршылдықты адамгершілік әрі іскерлік деп түсінетін болуы керек.

Абайдың қазақ тамыршылдау келеді дегеніне қазақтың ескіше ойлауының тағы бір ерекшелігін қосуға болады. Ол – қазақтың қонақжайлығы. Қонақжайлық, әрине, жан сүйсінер жақсы қасиеттердің бірі, бірақ не нәрсе болса да мөлшерден аспағаны жөн. Қонақшыл жатжерліктердің, қазақ еліне «меймандардың» ағылып келіп бірте-бірте «төр менікі» деп елімізге, жерімізге иелік ете бастағанын қалай түсінуге болады? Қазақтың ақжарқын көңілін дұрыс қабылдауы, соған ниет, құрмет болды ма, болмаса келгендермен тамыр болдық деп санын шапалақтамай, өзін сыйлату үшін қазақ халқы не әрекет жасады? Тамыршылдық, қонақжайлық нәтижесінде «қонақтардың» жер иелеріне үстемдігі асып кетті.

Қонақжайлықтың ел арасындағы тағы бір көріністеріне зер салайықшы. Ең қонақжай халық – алыс ауылдардағы шопандар қауымы. Оларға барсаң, алдыңа бар дәмін тосады. Ал осы ғажап қасиетті кім ескеріп отыр? Сол шопандар қалаға келсе, қысқасы, қонақ үйден орын таба алмай зар болады. Бұл қандай мораль? Ауылдағылар қонақжай деген желеумен көптеген елді мекендерде қонақ үйлер мен асханалар әлі салынбаған. Байқасақ, бұл халықтық мүддеге қатысты әлеуметтік мәселелер екен. Бұл мәселелердің Абай заманына бері өз шешімі табылмаған.

Абай сөз соңын «...Қазақтың баласының өзі алдағыш бола тұрып және тіреуге алдатқыш болатындығы қалай?» деген оймен аяқтайды. Абай бұл ойларын қағаз бетіне түсіргеніне ғасырдан аса уақыт өтті. Қазақтың өнерлі қауымы осы айтылған кеселдерден арылып бітті ме, жоқ па? Бір сөзбен жауап қайыру қиын. Бірақ әлі де бала сияқты әлденеге алданып қала беретініміз анық. Сенгіштік деген қанымызға әбден сіңіп кеткен, одан құтылудың жолы сонда аур болғаны ма?

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 38 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: