22/01/2024, 09:39 | |
ОЙ КЕСЕЛДЕРІ (Отыз бірінші қарасөз) Абай әрбір естіген нәрсені ұмытпау үшін төрт түрлі себеп бар дейді. Олар: «...Әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану (үлгі) керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселді нәрселерден қашық болу керек». Бұл төрт нәрсені ұмытпау үшін адамның көкірегі байлаулы, берік болсын дегеннің нендей мағынасы бар? Көкірек-ойдың байлаулы беріктігін, біріншіден, адамның алдына бір мақсат қойып, нақтылы іс-әрекетке жұмылғанынан айтуға болады. Бұл – тиянақтылық, табандылық деген ұғымдарға саятын жай. Екіншіден, ол – адамның сеніміне қатысты айтылған сөз. Әлдебір сенім-нанымға келген адамның да көкірегі байлаулы, берік болмақ. Үшіншіден, көкіректің байлаулы, беріктігі – адамның адамшылығының өлшемі. Адамшылығы мол, өмірге орнықты көзқарасы бар адамның көкірегі берік болады. Демек, алақұйын сезімдер ыңғайымен жүрген жандардың көкірегі байлаулы, берік болмай, шала ұғып, шала түсініп, шалағайлықпен күн кешеді. Бұл бірінші себеп туралы айтқанда келетін қорытындымыз. Абайдың айтып отырған төртінші себебі өте мәнді. Ой кеселдері дегенді Абайдан ғана тауып отырмыз. Ол ой кеселдерін талдап ашып берген. Олар: «уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу». Уайымсыз салғырттық – Абайдың өзі жиі айтатын надандықтың белгісі. Абай өлеңдерінде: «Уайым – ер қорғаны, есі барлық», - деп жазған. Уайымсыз жан – жауапсыз адам. Оның дүниеге салғырт болуы да түсінікті. Салғырттық білместіктен туады. Өмір адамнан, Алла пендесінен салғырттықты емес, қарекетті талап етеді. Адам бұл дүниеге өмір үшін келген, Алла үшін келмеген. Өмір де, Алла да адам үшін қажет. Өмір – адам ғұмырының кеңістігі, Алла – өмір сүруге мүмкіндік беруші күш. Бар мәселе адамда, ендеше ол неге салғырт болуы керек? Абайдың айтып отырғаны осы мәселе. Ойыншы-күлкішілдікті Абай барлық дерлік шығармаларында сынап келген. Оның пікірінше, бұл да надандықтың белгісі. «Наданның сүйгені көп пен дүрмек», - дегенде Абай осы жайды айтқан. Өмірде ойынға да, күлкіге де орын бар, оларсыз қызық жоқ, бірақ Абай олардың мөлшермен болғанын қалайды. Шектен шығу – білімсіздік, шектен шықпау – даналық. Осы екі аралықта адам өте жиі қателеседі. Абай қайғы туралы да көп жазған. Ол мәселе туралы арнайы айтпақпыз. Бұл сөзде Абай қайғыға қатысты мәселені мөлшермен байланыстырған. Адам баласының басына қайғы түспеуі мүмкін емес, әңгіме, алайда, сол қайғыға малынып, бордай еріп, жүнжіп кетпеу туралы. Қайғыға қарсы тұра білу, оны жеңу де ерлік, қайғыны мойындап, оның дәл мағынасына сай әрекет ету, яғни қайғылы бола білу де ерлік. Қайғыға салынған да жаман, қайғысыз болған да жаман. Қайғыны өз мөлшерінде қабылдау қажет. Абай осы мөлшер, шама дегендер туралы айтқан. Құмарлық деген – ұлы да үлкен тақырып. Құмарлық пайда болмай ешқандай іс басталмақ емес. білімнің де, ғылымның да, махаббаттың да негізінде құмарлық жатыр. Мәселе тағы да құмарлықтың мөлшерінде. Құмарлыққа құл болсаң, әңгіменің аяқталғаны. Егер де құмарлықты билей алсаң, ісің оңға бастайды. Абай: «...Осы төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер», - деп сөзін аяқтаған. Бұған біздің қосып-алар пікіріміз жоқ. Орынды айтылған терең тұжырым. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 38 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |